«Powered by NIS ауыл мектебі» – ауыл мектептеріндегі білім сапасын арттыруға бағытталған жоба. Жоба еліміздің төрт мектебінде: Ақмола облысының Бұланды ауданында және Шығыс Қазақстан облысының Ұлан, Катонқарағай аудандарында жүзеге асырылуда. Жобаны «Назарбаев Зияткерлік мектептері» мен «Aitas KZ» компаниясы жүзеге асырады.
Қазақстанда мектептердің шамамен 75%-ы ауылда орналасқан. Зерттеу жұмыстары көрсеткендей, ауылдағы мектептер білім сапасы, оқу жабдықтарымен жабдықталуы жағынан қалалық мектептерден едәуір артта қалып келеді. Жоба бастамашыларының пікірінше, қоғам, үкімет және бизнес арасындағы ынтымақтастық ауылдарды тұрақты дамыту стратегиясын жүзеге асыруға және НЗМ тәжірибесін елдегі орта білім беру мектептерінде қолдануға мүмкіндік береді. Сондықтан 2020 жылдың шілде айында «Aitas KZ» АҚ мен «Назарбаев Зияткерлік мектептері» арасында жалпы бюджеті 800 миллион теңгені құрайтын ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.Бағдарлама 3 жыл ішінде кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. 2020 жылы мектеп диагностикасы, информатика, робототехника, ұл балаларға арналған инженерлік кабинеттер, қыздарға арналған көркем еңбек, аспаздық шеберхана, кітапхана, мұғалімдердің біліктілігін арттыру іске асады. 2021 жылы биология, химия, физика, математика, география, тарих кабинеттерін жабдықтау және мұғалімдерді оқытып, тәжірибеден өткізу қолға алынады. 2022 жылы бастауыш, негізгі және орта мектептерге арналған кабинеттерді жабдықтау, мұғалімдерге арналған оқу және өндірістік практикалар өткізіледі.