СҚО Полиция департаментінің электронды поштасына Стамбұлдан Қызылжар ауданы тұрғындары алғыс айтқан бейнежазба келді. Бұл туралы Polisia.kz жазды.
Олардың төрт жасар ұлы Түркияда ем қабылдауға мұқтаж болған. Кириленколар отбасы әлеуметтік желі арқылы емге ақшалай қаражат жинаған. Емге қажетті қаржы жиналып, Нұр-Сұлтан қаласынан ұшаққа билет те алынды. Түрік дәрігерлері баланы күтіп отырған. Бірақ ауа райының қолайсыздығынан Кириленколардың жоспары орындалмауға шақ қалды. 11 наурыз күні боран ұйытқып соғып, жолдар жабылды. Алғашқы болып Тайынша ауданының аумағындағы «Нұр-Сұлтан – Петропавл» учаскесі, Келлеровкадан Көкшетауға және Петропавлға қарай, екі бағытқа да жол жабылды. Жол учаскесін қарауға СҚО ПД патрульдік полиция батальоны командирінің орынбасары Уәлихан Оразалин және ППБ 5-взводының командирі Рустам Өкенов шықты. Тексеру нәтижесінде, жолды толығымен жабуға шешім қабылданды. Келлеровка маңында кезекшілік атқарған экипаж қызметкерлерінің айтуынша, тоқтап тұрған көліктер легінің арасында қиын жағдайға тап болған отбасы болған. Жылдам шешім қабылдаған Уәлихан Оразалин Көкшетаудағы әріптестеріне хабарласып, емге мұқтаж баланың жайын айтады. Олар автожолдарды жабуға әзір екенін, бірақ әлі жолды жүріп өтуге болатынын айтты. Мән-жайды айтып түсіндірген батальон командирінің орынбасары машинаға ілесіп жүруге шешім қабылдады. Боран үдеп, жолда түк көрінбеді. Соған қарамастан, тәуекелге бел байлап жолға шыққан жолаушылар діттеген жерлеріне аман-есен жетті. Полицейлер Көкшетауға жеткізді. Ары қарай Кириленколар отбасы астанаға дейін жетті. - Отбасымыздың атынан Уәлихан Оразалин мен Рүстем Өкеновке зор алғыс айтамыз. Біз рейсімізге үлгердік, енді Стамбұлда баламызбен ем қабылдап жатырмыз, – дейді баланың анасы. https://youtu.be/GT-BM0YeDXs СҚО ПБ ППБ командирі Ерлан Мәдиевтің айтуынша, елдің алғысын алу полицейлерге қуаныш сыйлайды.«Әр экипаж кезекшілікке түсер кезде жолда қиын жағдайға тап болған адамдарға көмек көрсету туралы нұсқау алады. Біз Кирилл үшін қуаныштымыз, дұғай сәлем жолдап, тез сауығып кетуін тілейміз», – деді Ерлан Мәдиев.
Бұған дейін боранда жолаушыларға жол көрсету үшін екі шақырым жаяу жүгірген полицей туралы жазғанбыз.