Наурыз тойланбайды: әкімдіктер бюджет қаржысын қайда жұмсап жатыр?
Наурыз тойланбайды: әкімдіктер бюджет қаржысын қайда жұмсап жатыр?
122
оқылды

Атырауда ұлан-асыр той болады

Атырау облысы Ішкі саясат басқармасы жанындағы "Қоғамдық келісім" мекемесі 20-22 наурызда облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының "Наурыз" мейрамын тойламақшы. Оған облыстық бюджеттен 1,3 миллионнан астам теңге бөлінген. Іс-шара этномәдени бірлестіктер өкілдерінің, қала тұрғындары мен қонақтарының қатысуымен өткізіледі. Мерекелік шарада 16 қанаттан құралған ағаш киіз үй тігіліп, 50 литр "Наурыз көже" және 25 келі ұннан дайындалған ыстық бауырсақ беріледі. Сонымен бірге көшеде дыбыс аппаратурасы қойылып, әлем халықтарының әні мен музыкасы ойналады, концерт болады. Мерекені қазақ және орыс тілінде еркін сөйлейтін қыз бен жігіт жүргізеді. Баннер қойылып, аниматорлар  шақырылады. Киіз үйлердің ішіне сандық, домбыра, қамшы, бесік, қоржын, кебеже, алаша, көрпешелер мен сырмақ қойылады.

Ақтау мерекеге орай безендіріледі

Ақтау қалалық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы бөлімі 8 наурыз бен Наурыз мейрамына орай қаланы безендіруге 4,7 миллионға жуық теңге жұмсаған. Мекеме мемлекеттік сатып алу сайтында "Apple City 1" ЖШС-мен келісімшартқа отырған. Шарт бойынша қала былай безендірілуі керек:
  • Билбордтарды баннерлермен безендіру (20 дана баннер);
  • Кермелі баннерлерді дайындау және орнату (әр мерекеге 2 дана кермелі баннер)
  • Тұғырларға мемлекеттік ту ілу (90 дана);
  • "Салют" кәрзеңкесін безендіру (7 дана);
  • 18 тутұғырлы кәрзеңкені безендіру (14 дана кәрзеңке);
  • 12 тутұғырлы кәрзеңкені безендіру (13 дана кәрзеңке);
8 наурызға арналған безендірілген заттар 2 күн ғана тұруы керек (монтаждау жұмысы 6 наурызда басталып, 7 наурызда аяқталуы керек. Демонтаждау 9 наурызда басталып, 10 наурызда бітуі керек). 21-23 наурыз - Наурыз мейрамындағы безендірілген заттар 24 күн тұрады. Мұнда монтаждау жұмысы 11 наурызда басталып, 13 наурыз бітеді, демонтаждау жұмысы 27 наурыз басталып, 30 наурыз бітуі керек. Тендер баға ұсыныстары тәсілімен өткізілді. Айта кетейік, Қарағанды облысы Қарқаралы қаласы әкімінің аппараты да қаласын мерекеге орай 4,6 миллионға жуық теңгеге безендіргісі келді. Бірақ, сатып алу болмады, тіпті, қызметтің техникалық сипаттамасы да өшірілген.

Нұр-Сұлтанда той болады

Нұр-Сұлтан әкімдігінің жанындағы "Қоғамдық келісім" мекемесі 1,7 миллионға жуық теңгеге Достық үйінде Наурыз мейрамын тойламақшы. Тойда 10 арқанды 3 киіз үй тігіледі. Әр киіз үйде Наурыз мейрамын тойлайтын түрлі халықтың салт-дәстүрі театрлануы керек. Спорттық жарыстар (кір тасын көтеру, арқан тартыс, асық ойнау) өтеді. Сонымен бірге өнім берушіден екі түрлі баннер, қатысушыларға арнап 59 дана мақтау қағазы және жаңадан кесілген 59 дана евро гүлшоғын дайындау талап етілген. (Букет гүлі кемінде бес түрінен болуы керек)  Кемінде 100 адамға арналған кофе-брейк дайындалады. Жеткізушіге қойылған талаптардың тағы бірі – үш санат бойынша сыйлық беру. 1-орын алған қатысушыға 150 мың теңге (бірінші орын саны үшеу, жалпы сомасы – 450 мың теңге); 2-орын алған қатысушыға 100 мың теңге (екінші орын саны үшеу, жалпы сомасы –300 мың теңге); 3-орын алған қатысушыға 80 мың теңге (үшінші орын саны үшеу, жалпы сомасы – 240 мың теңге). Сонымен бірге 50 дана ынталандыру сыйлықтары (power bank, флеш-карта, кардхолдер, қойын кітапша, сымсыз құлаққап) беріледі. Оның әрқайсысына Нұр-Сұлтан әкімдігі мен Нұр-Сұлтан ҚХА эмблемасы бейнеленуі талап етілген. Карантин жағдайында халықтың көп шоғырлануын көздейтін іс-шараның бір бөлігі онлайн-форматта өтуге тиіс делінген. Бірақ қай бөлігі екені нақты жазылмаған. "Эпидемиологиялық жағдайға сәйкес Нұр-Сұлтан «қызыл» аймаққа енді. Соған байланысты Наурыз мерекесінде болатын дәстүрлі бұқаралық іс-шаралар өтпейді. Дегенмен мерекелік көңіл күй орнату үшін ашық ауада қоғамдық кеңістіктер ұйымдастырылады, яғни қаланы безендірген түрлі-түсті фотоаймақтар мен декорациялар орнатылады. Халқымыздың ежелден келе жатқан киіз үйі, жайлауды еске түсіретін жасыл кілемдері мерекенің көркін арттырмақ. Бұл жұмысқа бюджеттен қаражат бөлінбейді", – деп астана әкімдігі 19 наурызда хабарлаған еді. «Тәуелсіздіктің 30-шы Наурызы» байқауы өтеді Биыл Наурыз мейрамын тойлауға ең бірінші қамданған – Нұр-Сұлтан әкімдігінің "Шарапат" әлеуметтік қызмет көрсету орталығы. Кәсіпорын 19 қаңтарда мемлекеттік сатып алу сайтында Наурыз айында іс-шаралар өткізу туралы ашық конкурс жариялаған. Конкурстың атауы – Наурыз мейрамына арналған «Тәуелсіздіктің 30-шы Наурызы» тақырыбындағы мерекені өткізу. Оған бюджеттен 7 миллионға жуық теңге бөлінген. Іс-шаралар психоневрологиялық патологиясы бар, тірек-қимыл аппараты бұзылған мүгедек балаларға және психоневрологиялық аурулары бар 18 жастан асқан және I және II топтағы мүгедектерге, егде жасына байланысты өзіне қызмет көрсетуге мүмкіндігі жоқ адамдарға арналған. Aikyn.kz редакциясын таңғалдырғаны, байқауда жеңімпаз атанған мүгедектерге, қарттарға энциклопедия, қолшатыр, массаж добы мен төсек жабдығы сыйланса, "Шарапат" орталығында ұйымдастырылған байқау жеңімпаздарына ноутбук беріледі.  Өткізілетін шаралар мен өнім берушіге қойылған талап:
  • Мүгедек балалар арасында сурет байқауын өткізу. Жеңімпаздарға 50 дана энциклопедия және жас ерекшелігі мен диагнозын ескере отырып, оқу және дамытушы әдебиеттер табысталуы керек.
  • I және II топтағы мүгедектерге, егде жасына байланысты өзіне қызмет көрсетуге мүмкіндігі жоқ азаматтар арасында қолөнер, кесте тігу, өлең оқу, әндер мен музыкалық нөмірлер орындау және тағы басқа байқауын өткізу. Конкурс жеңімпаздарына 50 дана қолшатыр табысталуы керек.
  • Жалғызбасты қарттарға арналған сыйлық (480 дана төсек жабдығы) және оны безендіру.
  • Балаларға сыйлыққа 560 дана гимнастикалық массаж добы және оны безендіру.
  • "Шарапат" орталығының үздік бөліміне конкурс өткізу және оның қорытындысы бойынша бөлімшелердің жылдық нәтижесі ескеріліп жеңімпазды анықтау. Жеңімпаз бөлімше дипломмен және ноутбукпен (4 дана) марапатталуы керек.

Көкшетауда онлайн байқау мен акция өткізіліп, көл жағасы тазартылады

Ақмола облысы ішкі саясат басқармасының "Жастар-ресурстық орталығы" 714 мың теңгеге 3 шара өткізбекші. Олар: "Ұлттық тағамдар" онлайн-байқауы, "Дос бол" көшпелі акциясы және Қопа көлінің жағалауын тазарту. Онлайн-байқау жеңімпаздарына мини-пеш (1 дана), блендр (1 дана) беріледі. Оны өткізуге 500 мың бөлінген. "Дос бол" көшпелі акциясында бауырсақ пен бір литрлік қымыз салынған сый-пакет таратылады. Оған 50 келі бауырсақ пен 30 литр қымыз дайындалады. Акцияға барлығы 150 мың теңге жұмсамақшы. Қопа көлінің жағалауын тазартуға 145 мың теңге бөлінген. Оған полипропилен пакет(300 дана), қолғап, 5 күрек, 5 тырма дайындалуы керек.

Өскеменде үздік ұлттық костюм онлайн-байқауы өтеді

Өскемен қаласының ішкі саясат бөлімі "Наурыз мейрамы – 2021" мерекесін атап өтуге 892 мың теңге бөлген. Әлеуметтік желілерде үздік ұлттық костюм байқауы өткізіледі. Жүлде қоры – 200 мың теңге. Сонымен бірге жеңімпаздарға еуробукет (5 дана) беріледі. Өнім берушіден танымал өскемендіктердің қатысуымен, Наурыз мейрамына орай құттықтау әлеуметтік ролигін дайындау талап етілген. Мерекелік концерт ұйымдастырылады. Онда қазақ, орыс тілінде сөйлейтін жүргізушілер болады. Концертте 50 құттықтау ашық хаты және сол мөлшерде мерекелік жиынтық беріледі. Жиынтықтың ішіне дәстүрлі тағамның бес түрі (құрт, бауырсақ, сүзбе, наурыз көже) болады. Өңірде 20 наурыз бен 2 сәуір аралығында 2021 жылғы 19 ақпанда енгізілген барлық шектеу сақталады. Театрлар мен кинотеатрлар келушілері 30%-дан аспайтын көлемде жұмыс істеуге рұқсат етіледі.