Премьер-министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев Қордай ауданындағы Сортөбе, Масанчи, Ауқатты және Қаракемер ауылының тұрғындарымен кездесу өткізді, – деп хабарлайды «ҚазАқпарат». Ауыл тұрғындарымен жүздесулерге Парламент Сенатының вице-спикері Бектас Бекназаров, Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов, ҚХА Төрағасының орынбасары Жансейіт Түймебаев, Парламент Мәжілісінің депутаты Бақытбек Смағұл қатысты. Ауыл тұрғындарымен кездесуде Үкімет комиссиясының мүшелері құқықтық тәртіпті сақтау, келтірілген залалды қалпына келтіру, болған оқиғаның жай-жапсарын объективті анықтау, бірлік пен татулықты сақтау бойынша бұдан кейінгі шаралар, болашақта мұндай кикілжіңдерге жол бермеу шараларын қабылдау мәселелерін талқылады. [caption id="attachment_12097" align="alignnone" > Фото: Бауыржан Жуасбаев[/caption] Сонымен қатар жергілікті тұрғындарды ұсталған азаматтардың тағдыры алаңдатты.
«Құқыққа қайшы әрекет жасамағандар босатылатын болады. Тәртіпсіздікке қатысқандардың барлығы заң бойынша жауап береді. Қазір жедел тергеу тобы жұмыс істеп жатыр, ол барлық жағдайды анықтайтын болады», – деді Бердібек Сапарбаев.Тұрғындар ауылдастарын сабырға, тәртіпті сақтауға шақырды. «ҚР заңдары бар, құқық қорғау органдары бар – мұны басты назарға алу керек. Не болғанына объективті сараптау жасап, кім кінәлі екенін анықтау керек. Біз өз бетімен жазалауға жол бермеуіміз керек. Бастысы - қоғамда бейбітшілікті, бірлік пен келісімді сақтау», – деді ауыл тұрғыны. Үкімет комиссиясы Қордай ауданында жұмысын жалғастыруда.