Норвегияда 12 қазақстандық сарбаздың аты-жөні мен жерленген жері анықталды
Норвегияда 12 қазақстандық сарбаздың аты-жөні мен жерленген жері анықталды
Қазақстанның Ослодағы елшілігі Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде оккупацияда болған Норвегияда тұтқында қаза тапқан қазақстандық жауынгерлердің жаңартылған тізімін жариялады, - деп хабарлады Қазақстанның Норвегиядағы елшілігі. Соңғы айларда 12 қазақстандық сарбаздың аты-жөні мен жерленген жері анықталды. Есімдері белгілі қазақстандық солдаттардың жалпы саны 56 адам. Тізімде сарбаздың туған жылы мен мекені, әскерге шақыру, қызмет ету, тұтқындалуы, қайтыс болуы және жерленген жері, туыстары туралы мәліметтер, сондай-ақ, қолда бар құжаттарға сілтемелер берілген. Тізім «Фальстад орталығы» (Норвегия), Қазақстан аумағынан шақырылып, Ұлы Отан соғысы кезінде қаза тапқан немесе хабарсыз кеткен әскери қызметшілер туралы «Мемориал» деректер банкі, сондай-ақ, ресейлік «Мемориал» жиынтық деректер банкі сияқты бірнеше дереккөзінен алынған ақпаратты салыстыру арқылы жасалды. «Фальстад орталығы» ұсынған ақпарат солдаттың жерленген орны туралы нақты мәліметтерімен құнды. Ресейлік «Мемориалда» әскери тұтқындардың картотекасы, ал қазақстандық «Мемориалдың» мәліметтері - Қазақстандағы жауынгердің туған жері мен әскерге шақырылуы туралы толық ақпарат бар. Қаза тапқан сарбаздардың көбісі бір немесе екі ғана мәлімет базасында көрсетілгені іздеуді қиындатады. Көптеген жағдайда солдат есімі мен географиялық атаулардың бұрмаланып жазылуы кездеседі. Елшілік Норвегияда жерленген қазақстандық сарбаздардың барынша толық тізімін жасау мақсатында норвегиялық «Фальстад орталығымен» өзара әрекеттесуді жалғастырмақ. Бүгінгі күнге дейін Норвегияда жерленген кеңестік әскерилердің шамамен 15 500 саны туралы белгілі болып, олардың 7804-інің есімі анықталды. Сонымен қатар, Елшілік Норвегиядағы қаза тапқан қазақстандықтардың тағдыры туралы басқа да дереккөздерден мәлімет алған. Атап айтқанда, жуырда табылған дереккөз бойынша 1944 жылы 27 маусымда Киркенесті бомбалау кезінде 22 қазақстандықтың қазаға ұшырауы туралы ақпарат зерттелуде. 2020 жылдың қаңтарында 44 солдаттың алғашқы тізімі жарияланғаннан бері тек бір сарбаздың ғана туысқандары табылды. Елшілік жарияланған ақпарат сарбаздардың ұрпақтарын, туыстары мен жақындарын табуға көмектеседі, зерттеулерді одан әрі жүргізуге және солдаттарды мәңгі есте сақтағау көмектеседі деп үміттенеді. 1941-1945 жылдары Норвегияда жерленген кеңестік қазақстандық жауынгерлерінің тізімін (2021 жылғы наурыздағы жағдай бойынша) мына сілтемеден алуға болады.