Қыстың қытымыр аязынан бөлек, жылдағыдан бірнеше есе артық мөлшерде түскен қалың қар ақмолалықтарды әбден әбігерге түсіретін түрі бар. Өйткені, биылғы қардың салдарынан Ақмола облысының 125 елдімекеніне су басу қаупі төнген, деп хабарлайды Aikyn.kz порталының тілшісі. [caption id="attachment_120974" align="alignnone" > Ақмола облысы[/caption] Әсіресе, Аршалы, Астрахан және Целиноград аудандарында көктемгі су тасқынының қаупі басымырақ. Бұл туралы Ақмола облыстық Төтенше жағдайлар департаменті мен жергілікті атқарушы органдардың бірлесіп ұйымдастырған пресс-туры барысында мәлім болды. Шалғайда жатқан ауылдарға сапарға шығып, өзен-көлдердің жағасында тұрған ауылдарды аралап шыққан журналистер өз көздерімен су тасқынымен күрес барысымен және шығын көлемін төмендетуге бағытталған жұмыстармен танысты. Ақмола облысы Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, су тасқынына әзірлік өткен жылдың жазында-ақ басталып кеткен.
«Өңірдегі әкімдіктермен 43 елдімекендерде жалпы ұзындығы 47,1 шақырымға жететін су бұру каналдарын орналастыру, 5,2 шақырымдық бөгендерді нығайту, құм салынған жасанды дамбаларды көтеру, өзеннің арналарын тазарту, 50-ден астам су өткізу құрылғыларын жөндеу сияқты жұмыстар өткізілді. Жақын күндері 10 ауданда өзендер мен көлдерде мұздарды жару бойынша жарылыс жұмыстары басталады. Қазіргі таңда біздің жоба бойынша 125 елдімекенге су басу қаупі төніп тұр, - деп атап өтті ведомство бастығының орынбасары Қанат Доспаев.
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы