Абайлықтар іргедегі газдың игілігін көре алмай отыр
Абайлықтар іргедегі газдың игілігін көре алмай отыр
Негізі ауыл іргесіне магистральды газ құбыры тартылған. Бар-жоғы 3 шақырым жерден елді мекен ішіне қажетті құбыр құрылыстарын жүргізсе болғаны, газ ауылға келіп тұр. Осылай деп ашынған тұрғындар «әне, болады, міне, болады» деумен үзіліп-созылып келе жатқан газ мәселесі жылда аяқсыз қалатынына өкпелі.
– Әкім есеп берген кезде уәде береді. Бірақ жұмыс жасалмайды. Осы мәселемен кірсең, бюджетте ақша жоқ деп шығарып салады. Үкіметте ақша жоқ, өздерің қалталарыңнан шығарып, газды кіргізіп алыңдар дейді. Есепті жиында қала әкіміне айттық, шешілелі деді. Артынша қоғамдық кеңесте ауыл әкімі бәрібір үміт жоқ, жеке қаражатпен кіргізе беріңдер деді. Негізінде ауылға газ тартуға тиісті мекемелерге бұған дейін өтініш берілмеген деп ойлаймыз. Әйтпесе, үкімет тиісті қаржы бөлеміз деп тұр, – дейді Абай ауылдық қоғамдық кеңестің мүшесі Бағдат Арыстанов.
Ауыл іргесіне магистральды газ құбыры тартылғанына 10 жылға жуықтапты. Осы құбыр арқылы «Шыны зауытына» газ жеткізіледі деп көзделген. Бірақ, сағызша созылған зауыттың ауы мен бауы әлі біткен жоқ. Тұрғындардың айтуынша, әкімдер осыдан 4 жыл бұрын әр шаңырақ табиғи газдың рахатын көреді деп сөз берген екен.  Бірақ әдеттегідей уәде сол күйі орындалмай, жұрт әлі күнге көмір жағып, күл шығарып жүр. Осы мәселенің мән-жайын білмек болып, ауыл әкімдігіне бардық. Бірақ, ауыл әкімін жұмыс орнынан таппаған соң, телефон арқылы тілдесуге тура келді.
– Абай ауылына газ тарту жұмыстарына байланысты жоба сметалық құжат әзірлеуге өтінім беріліп қойды. Бұған дейін іргедегі Досан ауылындағы 128 үйдің тұрғындары өз қаражаты есебінен 325 мың теңгеге газ құбырын тартып, үйлеріне кіргізіп алды. Қазіргі таңда Абайға газ тарту жұмыстары бойынша тиісті жұмыстар жасалуда. Көп кешікпей, бұл мәселе де шешілетін болады, – дейді ауыл әкімі Дулат Таубай.
Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы мамандарының айтуынша, былтыр біршама елді мекендердің тұрғындары бюджет кезегін күтпей-ақ, өздері ақша шығарып, газды үйлеріне кіргізген. Бұл істі іліп әкеткен Қызылорда қаласының іргесіндегі Досан ауылының халқы да былтыр газ тартқызып алды. Әрине, бәрі емес, қаржысы барлар ғана көгілдір отынға қол жеткізді.
– Шағын ауылдарға автоматтандырылған газ тарату станциясын немесе АГРС салудың қажеті жоқ екен. Елді мекен маңынан құбыр өтіп тұрса, газ жеткізуші компанияға ақысын төлесе, көгілдір отынды жеткізіп береді. Газ жеткізу ақысы – орта есеппен 250-280 мың теңге аралығында, – дейді энергетиктер.
Ал абайлықтар әр отбасы бұлай қаржы шығарып, газ құбырын ауылға тарту тұрғындарға тиімсіз деп отыр. Өйткені магистралы Абай ауылынан 2-3 шақырым қашықтықта орналасқанын айтады.
– Басқа жерлерде кентішілік газ құбыры жүргізілген. Бізге де солай жасалғаны дұрыс. Сосын әр үй өз қаражаты есебінен өздері үшін кіргізіп алады, – дейді ауыл тұрғыны Қайрат Наубетов.  
Бүгінде Қызылорда қаласына қарасты біршама елдімекен тұрғындары «көгілдір отынның» игілігін көріп, жайлы тұрмысқа бой үйретіп үлгерді. Облыс тұрғындарын табиғи газбен қамтамасыз ету үшін аймақты газдандыру бағытындағы жұмыстар қызу  жүргізілуде. Қазірдің өзінде Қызылорда қаласы мен Арал, Қазалы, Шиелі, Жаңақорған, Тереңөзек, Қармақшы, Жалағаш сынды жеті аудан орталығына табиғи газ тартылды. Енді абайлықтар да ауыл іргесіне келіп тұрған көгілдір отынның игілігін көрсе игі. Көптің тілеуі – осы. P.S. Мақала дайындалып жатқанда «Nur Otan» партиясы Қызылорда облыстық филиалынан: «Абай ауылы тұрғындары партия төрағасының бірінші орынбасарының қабылдауында болып, газ мәселесін жеткізді. Бұл жағдайды «Nur Otan» партиясы өз бақылауына алды. Ауылішілік газ құбырын тарту жұмыстарына қажетті қаражат бөлу жайы алдағы сессия отырысына ұсынылады» деген абайлықтар үшін жағымды хабар келді.  

Нұрсұлтан ҚАЗБЕКОВ

Қызылорда облысы