Нұр-Сұлтанда ұзаққа созылған тағы бір құрылыс аяқталды
Нұр-Сұлтанда ұзаққа созылған тағы бір құрылыс аяқталды
5,073
оқылды
Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов Instagram парақшасында құрылысы ұзаққа созылған тағы бір құрылыс биыл аяқталатынын хабарлады.
«Құрылысы ұзаққа созылған нысандар қаланың эстетикалық келбетін бұзады, жаңа нысандарды салу кезінде де белгілі проблемалар туғызады. Әрбір нысанның өз тарихы бар, бұл – адамдардың тағдыры. Осы жылдар ішінде пәтерін күтіп жүрген үлескерлердің балалары өсті, немерелері пайда болды, өкінішке қарай, пәтерін көрмей кеткендері де бар",– деді Алтай Көлгінов.
Мемлекет басшылығының тапсырмасына сәйкес үлестік құрылыс объектілерін аяқтау бойынша жүйелі әрі ауқымды жұмыстар жүргізілуде.
 «Осындай нысанның бірі –"Шығыс". Құрылысы ұзаққа созылған "Шығыс" тұрғын үй кешені бірнеше топтан тұрады. Үлескерлердің жалпы саны – 2 мыңнан астам отбасы. Бүгін осы нысанға бардым. Бұл – "Шығыс" тобының 1А, 1В, 2А, 2В, 3А, 3Б, 4А (бірінші кезегі) блоктары. Барлық блоктарға қаржы бөлінді, қаржылық және техникалық аудит жүргізілді. Техаудит қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін өте маңызды: үйдің іргетасы мен жақтауының беріктігін тексеру қажет болды және т. б. Барлық блоктар бойынша мердігерлер анықталды»,–  дейді әкім.
Құрылыс жұмыстарын аяқтап, бұрын аталған тұрғын үй блоктарын биыл пайдалануға беру жоспарлануда.
"Бір жарым жыл ішінде (2019 жылдың жазынан бастап) құрылысы ұзаққа созылған нысандар санын 2 есеге азайттық. Биыл тағы 7 мыңға жуық үлескерге баспана беріледі. Үлестік құрылыстың әрбір объектісі бойынша қадамдық іс-шаралар жоспары жасалды»,– деп жазды қала әкімі Алтай Көлгінов.