IT маманның аңсары неге шетелге ауады?
IT маманның аңсары неге шетелге ауады?
387
оқылды

Бірнеше жылдық білімнен гөрі жоғары білікті бағалайтын сала бар. Ол – IT. Осыдан бі­раз жыл бұрын бағдарламашы мамандығын компьютерге Word пен антивирус орнататындар оқиды деген түсінік болған. Дегенмен қазір жағдай өзгерді. Қазақстанда ғана емес, күллі әлемде танымал мамандыққа айналды. Соған сәйкес, мықты кадр тапшылығы да байқалады. Бізде де ақпараттық технологиялар мамандары жетіспейді. Былай қарасаңыз, 80-нен аса оқу орнында лицензия бар. Сұраныс та жоқ емес. Бірақ мықты дегендері шетел асады. Сонда мәселе неде? Қазақстанда жалақы расымен мардымсыз ба? Әлде, өзге де себебі бар ма? Сала мамандарымен осы туралы тілдестік.

Білігің болса, болды

Әңгіменің басын «сандық түбінде жататын дипломды» қажет етпейтін сала деп бастағанымыз бекер емес. Өйткені әлемдік тен­денция сол бағытқа бұрылып келеді. Оған біздің де ілеспесімізге амал жоқ. Осыдан аз ғана уақыт бұрын Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов пен Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин IT мамандарды даярлау және цифрландыру мәселесін талқы­лаған еді. Сол жерде көп мәселе айтылды. Орындалып жатса, нә­тиже шықса, қуанамыз. Қысқаша айтар болсақ, Аймағамбетов 80 университетте даярлауға лицензия болғанымен, бәрі бірдей еңбек нарығы мен жұмыс берушілердің көңілінен шығып отырмағанын баса айтты. Осы кемшілікті түзеу үшін білім беру бағдарламаларын жұмыс берушілер әзірлеген кәсіби стандартқа сәйкес жасау қолға алынады деп жоспарланып отыр. Сондай-ақ Білім министрінің ойынша, жұмысқа орналасу үшін басты талап мамандардың серти­фикациясы болғаны дұрыс. «Заң­намаға тиісті өзгерістер енгізілді. Біз бара-бара диплом емес, серти­фикатталған орталықтардан алын­ған біліктің арқасында жұмысқа тұруға болатын жүйеге көшуіміз керек. Мұны жұмыс берушілер қауымдастығы істеуі тиіс. Бола­шақ мамандарға салада үлкен тәжірибесі бар мамандар сабақ бергені жөн. Сондықтан квалифи­ка­циялық талаптардың ішінен ғылыми дәрежесінің болуын, оқы­ту­шының ЖОО-да штатта істеуі керек дегендерін алып тастадық» деген еді Асхат Қанатұлы.

Біздегі мамандардың айлығы қанша?

IT мамандарының берген сұх­баттарында дипломның көрсеткіш емесін жеткізетін месседжді жиі байқайтынбыз. Иә, бастысы талап, еңбек, терең ой ғана. Міне, сол үндеу ақыры жетер жерге жеткен сияқты. Ол аздай, заманауи мамандықтың сәнге айналғаны сонша мектеп бағдар­ламасына да қосу жоспарда бар. «Екінің бірі – мұғалім» деп жүргенде енді «аяқ бассаң, айтишник» дейтін күнге де жетіп қалғандаймыз. Бұған ешкім қарсы бола қоймас. Бәсеке бар, сұраныс бар, жалақы да жақсы. Айлық демекші, жұмыс іздеуге арналған сервистерді шолып шықтық. Қарапайым уеб-бағдарламашыға 100 мың теңгедей, ал жұмысы күрделенген сайын миллион теңгеден астам беруге де даяр компаниялар барына куә болдық. Ақыры қаражат мәселесін қозғаған екенбіз. Соған байланысты жасалған зерттеу нәтижесін де бөлісейік. Kolesa Zerttey бағдарламалық жасақтама әзірлеушілер нарығына үлкен талдау жасаған. Соның ішінде жалақы жайы да айтылады. Зерт­теуде осы саладағы 638 маманның жауабы ескерілген. IT-де айлық қызмет дәрежесіне тікелей бай­ланысты. Тағылымдамадан өтіп жүргендер орта есеппен 146 мың теңге тапса, техни­калық директорлардың жалақысы – 1,3 млн теңге. Ең жоғары медианалық жалақы алатындар mobile-жасақтаушылар екен. Олар 450 мың теңгедей табыс табады. Ал жүйелік админдер 250 мың теңгеге баға­ланып, бұл саладағы айтарлықтай аз ала­тындар қатарында. Негізі, жалақының аз не көп болуы сұранысқа байланысты екені белгілі. Яғни, бүгінде мобайл қолданба жасау трендте болғандықтан, тиісінше қолынан келетіндердің айлығы да жоғары болады.

Мамандар не дейді?

Жасақтаушы мамандар кемі алты жылдық тәжірибе жинаған соң айлық жағынан шырқау шыңына жетеді деседі. Сонымен қатар біздің нарықта істей­тіндерге қарағанда шетел компанияларында қызмет ететіндер шамамен екі есе көп табыс табады. Бұл енді әмбеге аян. Біздегі мамандардың жылыстап кетуіне де бірден-бір себеп осы болып отыр. Мәселен, ресей­лік ВТБ және Альфа банк компанияларында істеген Ахат М. отандық IT компанияларда жалақының аз екенін айтып отыр. «Бәрінде болмаса да, көпшілігінде айлық аз. Нарық­қа баға сәйкес емес деп ойлаймын. Шет мемлекеттерде жалақыдан бөлек өмір сүру шарттары да басқаша. Әрине, салық мәселесі қиындық тудыруы мүмкін. Бірақ сол салықтың өзі айналып келгенде адам­ның өзі үшін пайдалы болып шығады. Өзім Мәскеу және Санкт-Петерборда істедім. Ол жақта бізге айлық төлеген кезде алға қойған мақсатты, тапсырманы орындайды деп күтеді. Сөйте тұра, бағдарламашы жұмысы­ның жеңіл емесін де жақсы түсі­неді. Рухани, психологиялық жағдайды ескереді. Қандай дәрежедегі маманға болсын қосымша кәсіби дамуға жол беріледі, болмаса шетелдік тәжірибелерді енгізуге тырысады. Біздегі ахуалға келсек, отандық білім беру саласы әлсіз. Санаулы университетті ғана атауға болады. Әлбетте, оқытушыға берілетін азғантай жалақы үшін кім жұмысын тастасын? Әрі Қазақ­станда алдыңғы қатарлы IT компания көп емес. Ірі ұлттық компаниялардың өз IT штабы құрылған. Бір қарағанда, бәсеке­лестік бар да сияқты. Бірақ не үшін бәсе­келеседі, сол жағы белгісіздеу», – дейді маман. IT маман

Батыста пікір қайшылығы – қалыпты жағдай

Әлібек Датбаев бес жылдан бері Нидерландыдағы Booking.com кеңсесінде бағдарламалаушы болып істейді. Оның айтуынша, бұл жаққа бейімделу аса ауыр болмаған. «АҚШ-та тұрып көрген адам ретінде айтарым, Америкада біршама қиындау. Ал Амстердамға үйрену оңай болды. Әлбетте, мәдениет пен менталитет мүлдем басқаша. Жұмысқа шақырту алған соң уақытша тұруға рұқсат берді. Booking басқа елден алдырған қызметкерлеріне бар жағдайды жасауға тырысады. Тіл курс­тарын тегін оқытады, уақытша баспанамен қамтамасыз етеді дегендей. Батыс елдерінің жұмыс мәдениетінде басшылардың ше­шімі­мен келіспеу, күмәнмен қарау деген бар. Бұл – қалыпты жағдай. Бұған үйрену үшін маған тіпті біршама уақыт қажет болды», – дейді Әлібек Нидерландыдағы жұмыс барысы жайлы әңгіме барысында. Демек, Батыс елдеріндегі еркін атмосфера жұ­мыс сапасының артуына да себеп бо­лады деген сөз.

Шетелге кетудің басты себептері

Бұл ретте отандық IT мамандардың да ойын ортаға салайық. Bugin Holding ұйымы­ның басшысы Айбек Қуатбай елдегі кадр тапшылығы мәселесін тәптіштеп зерттегендерін айтып отыр. «Өзіміз IT компания болғандықтан, нарықтағы жағ­дайды бақылауда ұстауға тұрамыз. Расында, тапшылық бар. Оның бірінші себебі – университеттердің дұрыс даярламауы. Екін­шіден, мықты кадрлар шетелде жүр. Осыдан кейін неге шетелге кететіні туралы ойландық. Оның төрт себебін айта аламыз. Біріншіден, әлбетте, жоғары жалақы. Одан кейін үлкен компаниядан тәжірибе алғысы келетіндіктен. Үшіншіден, Қазақстанның кей жүйелерінен шаршап, шетелге ауы­сады. Төртінші себебі – сол жақтан барын­ша нетуоркиң жинап, елде IT бизнес ашып, дамытқысы келетіні. Қайта айналып кел­генде, кадр тапшылығы тағы алдымыздан шығады. Біз, мәселен, 1-2 курс студент­теріне үйретіп, оқытамыз, жұмысқа ала­мыз. Былай қарасаңыз, осы саладағы ком­паниялар университеттердің міндетін қоса атқарып жатыр», – дейді Айбек Қуат­бай. Қазақстандағы IT-ді миллиениалдар мен зумерлер саласы десек болады. Өйткені басым көпшілігі – отызға толмағандар. Бұл жастан асқандары көбіне DevOps/SRE және жүйелік әкімшілікке маманданған. Алғашқылары қызмет ауыстырған жағ­дайда менеджментке ауысады деседі. Ал енді 18-20 жастағылардың ішінде fullstack-жасақтаушылар көп. Kolesa Zerttey сауал­намасына сүйенсек, респонденттердің ішінде 14 пайызы ғана әйелдер. Мұндай үлестің бар болғанының өзі қуантады. Өйт­кені бағдарламалауды ерлер мамандығы деп атайтын таптаурын бары да жасырын емес. Десек те, сең қозғалып, соңғы уақыт­та бұл салада көш бастап, қатарластарын шаң қаптырып жатқан қыздар көбейіп келеді. Thousand IT Group компаниясының директоры Айболат Құлатай мамандардың шетелге кетуінің басқа да себептерін атады. «Кім болсын, өз саласының ең мойындал­ған жерінде еңбек етіп көргісі келеді. Ал біздің салада ол – Кремний алқабы. Қара­жаттан бөлек шарттары да керемет. Мы­салы, біздегі ең қымбат мамандардың айлығы ол жақтағы ең төменгі жалақы болып көрінеді. Өйткені тұрмыс-тіршілік басқа. Біз Еуропа, Америка үшін өте арзан­быз. Сондықтан кей компаниялар Орталық Азиядағы жасақтаушылармен қашықтан істеуге келісіп, жалға алады. Жалақыдан бөлек  кейбірі жинаған білімінің нәтижесін сынап көргісі келеді. Қазір жастар шешімді өте тез қабылдайды. Бір сәтте кетіп қа­лу­дан қорықпайды. Шетел мен Қазақстанды салыстырады. Сонымен бірге қыздар феминизм мәселесіне байланысты да өзге елге кетіп жатады. Көбі «Еуропада теңдік бар, адами капиталдың маңызы зор. Қазақ­станда жағдай жоқ» деген пікірде. Енді бірі 2-3 жыл тәжірибе жинап, елге келгенде бөліскісі келеді. Шетелде оқып, әрі қарай оффер түскесін қалып қоятындар да бар», – дейді маман. Тәуелсіздікті қатар алсақ та, көршілер Украина, Беларусь бізден көш ілгері. Айболат Құлатайдың айтуынша, ол жақта бұл мамандықтың беделі жоғары. «Бізде көбі баласының бастық не мемлекеттік қызметкер болғанын қалайды. Ал ол жақтарда IT мамандығын құнды деп біледі. Дамуының тағы бір себебі: тәуелсіз алған кезде Украина, Беларусьте инженерлік техникалық базалар сол жақта қалды. Сол үшін инженерлік инфрақұрылым құру оңайлау болды. Бізде локомотив ретінде педагогикалық, гуманитарлық базаға негізделді. Сондықтан шарықтау шегіне әлі жетпедік. Көптеген IT жоба – экс­порттық. Бәсеке енді қалыптасып жатыр». Күні ертең еліміздегі жас саланың мамандары шетелден тәжірибе жинап, бір компанияға бас болса, әбден жарасады. Болашақта елге оралатын оймен кететіндер үшін қуанамыз делік. Ал қолда бар алтынның қадірін білмеген болып шықсақ ше? Мұндайда бармақ тістеп қаларымыз анық. Сондықтан қанша жерден жақсы ойлаған жөн десек те, таяқтың екінші ұшын да естен шығармаған дұрыс. Өйткені бұл цифрлық сауаты артып келе жатқан қоғам, бұл салада бәсекелес болуға жарап қалған маман үшін маңызды.

JadiraЖадыра АҚҚАЙЫР