Жинақты алдың, не қылдың?
Жинақты алдың, не қылдың?
123
оқылды

Қазақстанда зейнетақы жинақтарын мерзімінен бұрын алуға өтініш қабылдана бас­та­ғанына таяуда тура екі ай толады. Бастапқы дүрбелең басылып үлгеріпті. БЖЗҚ дерегінше, жаңа мегаполис атанған Шымқалада екі ай ішінде небәрі 5 679 өтініш қана түскен. Соның өзінде қор 1 805 шымкенттіктің тілегін қанағаттан­дырмай тастады. Ал халық ең тығыз шоғырланған өңір – Түркістан облысы бұл дүр­мекке о бастан ермепті: қордың Түркістан облыстық филиалы небәрі 277 адам­ның өтінішпен жүгінгенін хабарлады.

«Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ сол 277 түркістандықтың 101-інің бірден меселін қайтарды. Тек 168-іне 607 миллион теңгесін аударды. Яғни, 1 адамға орта есеппен 3,6 миллион теңгеден төленді. Қалған өтініштер сол бойы қарауда жатыр. Негізі, қарқыны басылып қалған өңірлер көпшілік: екі айдай уақыт ішінде Ақмола облысынан 4 316 адам ғана өтініш жазды, оның 1 352-сіне біржолғы зей­нетақы төлемін беруден бас тартылды (сонда тек 2  896-іне 7 млрд 708 млн аударылды). Оның көршісі – СҚО-да жағдай бұдан да нашар: 2 883 азамат қана үмітпен жүгінген, соның ішінде 844-інің жігері құм болды, бүгінде небәрі 2 001 солтүстікқазақстандықтың ар­найы есепшотына 4 млрд 588 млн теңге жол­данды. Қалғаны қаралып жатыр. Жамбыл облысында осыған ұқсас ахуал қалыптасты: әзірге өңірде осы жаңа бастама игілігінен үміттене алады деген 3 784 адам ғана табылған. Бірақ әртүрлі себеппен оның 1 345-і бағдарлама талаптарына жауап бермейді деп танылды. Нәтижесінде, 2 375 жамбылдыққа 7 миллиард 795 млн теңге ұсынылды. Басқа өңірлердің көбі аут­сайдерлер қата­рында, оларда да үміттенген көп адамның салы суға кетті: Алматы облысында – 4 476 өтініштің 1 629-ы жарамсыз делінді (тек 2 792 салымшыға 8 млрд 617 млн теңге), Қызылорда облысында – 5 129-дың 1 441-і (3 594-ке 13 млрд 817 млн теңге), Қостанай облысында –  5 198-дің 1 622-сі сұрағанын ала алмады (3 500-ге 9 млрд 93 млн теңге). БҚО-да 9 063 өтініштің 2 699-ы (6 265-ке 37 млрд 487 млн теңге), Павлодар облысында – 9 151-дің 2 710-ы (6 333-ке 17 млрд 296 млн теңге), ШҚО-да – 9 254 өтініш иесінің 2 846-сы (6 271-ге 17 млрд 576 млн теңге) БЗТ-сына қол жеткізбеді. Көшбасшыларға аз-кем тоқталсақ: Алатау баурайындағы алып шаһарымыз алдына жан салар емес: Алматыда 41 679 салымшы өтініш жазыпты. Оның 12 236-сы әр алуан себеппен сай келмеген. 18 наурыздағы жағдай бойынша 29 мыңнан аса алма­тылықтың есепшотына 167,5 миллиард теңгеден астам қаражат жолданды. Оның ізін ала мұнайлы Маңғыстау өңірі келеді: 37 927 өтініштің 9 044-іне БЗТ беруден бас тартылған. Сонда 28 215 тұрғынға 227 миллиард 581 миллион теңге аударылды. Үштікті Нұр-Сұлтан қаласы тұйықтайды: 34  291 астаналық өтініш білдірген, 10 539-ының өтініші қабылданбаған. Бүгінде 23 352 елордалыққа 113 миллиард 925 млн теңге ұсынылды. Төртінші тұғырда жерінің асты «қара алтынға» толы Атырау облысы тұр: 18 346 өтініштің 5 мыңнан сәл астамы ғана жарамсыз болды. 12 967 адамға 84 миллиард 799 млн теңге жолданды. Қалған өңірлердің бастапқы көрсеткіші 15 мың өтініштен аспайды. Жалпы алғанда, БЖЗҚ-ға 232 270 салымшыдан өтініш түскен. Қор оның 69 225-іне жинағын беруден бас тартты. Сөйтіп, 159 824 өтініш иесінің арнайы шотына 824 миллиард 228 млн теңге аударды. Әу баста Қазақстан бойынша 1 миллионнан астам азамат БЖЗҚ-дағы жинағының жеткіліктілік шегінен асқан бөлігін мерзімінен бұрын пайдалана алады деп болжанған. Дегенмен әзірге беруден бас тарту үлесі тым жоғары: ол қазір 29,8%-ды құрайды. Яғни, әрбір үшінші салымшы тиісті жинағын ала алмады деген сөз.

Қағидаларда қайшылық көп

Әйткенмен, тіпті есепшотына ақша ау­дарылғандары да онысын пайдалана алмай отыр. Қағидаларға сәйкес, ондай жағдайда қаражат арнайы шоттан БЖЗҚ-қа кері қайтарылады. Елордалық Рустем Ғ. біржолғы зейнетақы төлемін игеруде бір мәселеге тап болды. Ол Forte bank-тен Алдын ала сатып алу-сату келісімшарты бойынша «бөліп төлеу» әдісімен пәтер сатып алыпты. Құжат шарты бойынша клиент жылжымайтын мүлік қаражатын 48 ай ішінде тең үлеспен енгізіп шығуы керек. «БЖЗҚ өтінішімді қанағаттандырды және Отбасы банкіндегі арнайы шотыма БЗТ-ны аударды. Арнайы тұғырнама клиенттен жылжымайтын мүлікті сатып алу бойынша кредиттік міндеттемесін растайтын құжаттарды тіркеуді талап етеді. Алайда «Біржолғы зейнетақы төлемдерін тұрғын үй жағдайларын жақсартуға пайдалану қағидаларында» бөліп төлеу қарастырылмапты. Соның кесірінен түсіп тұрған зейнетақы жинақтарымды пайдалана алмадым. Қазір бұл қаражатқа өте зәрумін: 2021 жылғы қаңтарда ІІІ топ мүгедектігін алдым, еңбекке жарамсыздық жәрдемақысы тағайындалды. Зейнетақы мен жәр­демақы банк алдындағы борышымды өтеуге жетпейді. Ал БЗТ бөліп төлеу бойынша 10 айлық төлемімді төлеп тастауға жетер еді», – дейді Рустем. Осыған ұқсас өтініштер Индустрия және инфра­құрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұловтың атына өзге салымшылардан да келіп түсіп жатыр екен. Сондықтан ол ресми блогы арқылы жауап қайырды. Ведомство бұл мәселені шешу жолдарын алда қарастырмақ ниетте. Ведомство басшысы 2021 жылғы 21 қаңтарда өз бұйрығымен қабылданған «БЗТ-ны тұрғын үй жағдайларын жақсартуға пайдалану қағидаларында» «бөліп төлеу – рассрочка» барын айтты. «5. Біржолғы зейнетақы төлемдерін Қазақстан аумағында тұрғын үй жағдайларын жақсарту үшін мынадай мақсаттарға пайдалануға жол беріледі: 1) тұрғын үйді сатып алу-сату, жекешелендіру, бөліп-бөліп төлеу, айырбастау (айырбас жасау) шарттары бойынша, тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу ту­ралы заңнамаға сәйкес кепілдік болған кезде тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шарт­тар бойынша тұрғын үйді меншікке ресімдеуге бай­ланысты азаматтық-құқықтық мәмілелер бойынша немесе тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы заңнамаға сәйкес көппәтерлі тұрғын үйдегі үлесті беру туралы шарт жасасқан кезде, сондай-ақ жеке тұр­ғын үй салу үшін (нысаналы мақсаты бар жер учаскесін сатып алуды қоса алғанда – жеке тұрғын үй құрылысы немесе жеке қосалқы шаруашылық) толық есеп айырысу», – делінген қағидаларда. Алайда осы бөлім соңындағы «толық есеп айырысу» деген айқындауыш бәрін бұзып тұр. Өйткені соған сәйкес, бөліп төлеу шартымен алған тұрғын үйінің не коммерциялық мүлкінің бүкіл құнын толық өтеген жағдайда ғана БЗТ беріледі. Ал зейнетақыны бөліп төлеудің кезекті төлемін өтеуге ғана жұмсауға рұқсат етілмейді. «Осылайша, қағидаларға сәйкес, бөліп төлеу кезінде толық есеп айырысу мақсатында ғана БЗТ-ны пайдалану тәртібі көзделген. Сонымен бірге біздің министрлік қазір қолданыстағы қағидаларға өзгерістер мен толықтырулар енгізуді қарастыруда. Соның ішінде есеп айырысу формалары кеңейтіледі деп көзделуде», – деді ИИДМ. Өзге түйткілдер де жетерлік. Мысалы, Е.Солнце­ваның өтінішін БЖЗҚ құптаған. Өтініш иесі болса, БЗТ-сын пайдалана алмауда. Себебі оның несиеге алған үйі «Тұрғын үй құрылысын кепілдендіру қо­рының» кепілдігін алмаған. Қағидаға сай, тек «тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы заңнамаға сәйкес кепілдік алған» құрылыс компанияларының пәтерін ғана БЗТ есебінен сатып алуға жол ашық. «Мен артық зейнетақы жинағымды ерте игілігіме жаратайын деп шештім. Бұл жолда кедергіге кездесіп отырмын: Отбасы банктің ережесі бойынша құрылыс компаниясы «Тұрғын үй құрылысын кепілдендіру қорының» кепілдігіне ие болуы тиіс екен. Біздің салушы қорда сақтандырылмаған. Бірақ тұрғын үй кешенін тұрғызып шығатынына күмән жоқ: кепіл ретінде ірі банктердің бірін тартты. Соның арқасында үлескерлердің ақшасын тартуға ресми рұқсат алды. Қағида құрылыс компанияларының шағын тобының ғана мүддесін діттеп отырғанға ұқсайды. Бұл ретте егер Отбасы банкінен дәл сол пәтерімді ипотекаға алсам, ешқандай проблема туындамайтын көрінеді. Мен қарызға алғым келмейді, өз ақшама толық сатып алуды қалаймын», – дейді салымшы.   Азаматтардың барлық ұсыныс-тілегін министрлік пысықтауда. Соның негізінде алда қағидалар қайта қаралуы да ықтимал.

Елдос СЕНБАЙ