Ұлт мәдениетінің ұстыны...
Ұлт мәдениетінің ұстыны...

Жаһандану заманында айнала­мыздағы алпауыт мемлекеттерге жұтылып кетпеудің бірден-бір жолы – ұлттық бірегейлігіміз бен салт-дәстүрімізді жоғалтпай, хал­қы­мызға тән мәдениетімізді сақ­тап, ұрпақ санасына сіңіру қа­жеттігі үлкен маңызға ие болып отыр. Осыған қатысты көптеген мәселені «мәдениет» деген үлкен ұғымның айналасына топтас­тыруға болады.

Жалпы, мәдениеттің өзін – рухани және материалдық деп екі топқа бөліп қарастыру дәстүрі қалыптасқан. Ал рухани дүниелеріміз бен қам-қареке­тімізді қанымызға сіңіріп, келесі ұрпаққа аманат ретінде жеткізудің басты құралы, ұлттық құндылығымыздың өрісі – тіл. Бүгінде ана тіліміздің жағдайы мүшкіл екенін ерінбеген екінің бірі айтып жүр. Бұл да мойындауға тура келетін шындық. Егер ана тілі шұбарланса, ой да көмес­кіленіп, мәдениет те ақсайтыны жасырын емес. Ана тілі жойылса, ұлттық болмыс пен адамның өзіндік «мені» жойылады. Сондықтан мемлекетіміздің іргетасы берік болсын десек, ең алдымен мемле­кеттік тілдің мәселесін біржола шешіп алғанымыз жөн! Дегенмен біздің ата-бабаларымыз рухани құндылықтарымыздың негізі саналатын СӨЗ өнерінде теңдесі жоқ жауһар дүниелер қалдырып кеткенін мақтана айтуға хақымыз бар. Атап айтқанда, халқымыздың жыр-дастандары әлемдік өркениеттің асыл қазынасы ретінде әлдеқашан мойындалып қойған. Біздегідей кең құлашты эпикалық туын­дылар әлемнің бірде-бір елінде жоқ. Орыстың атақты «Игорь жорығы туралы жыры» бар-жоғы 8 беттен тұратын болса, қазақтың «Алпамыс» дастанының ең қысқа нұсқасы 800 беттен асып жығы­лады. Ғасырлар қойнауынан тартып, ауызекі тілде бізге жеткен ғашықтық ға­зал­дары, ешбір елде кездеспейтін айтыс өнері, сөз жоқ, біздің рухани құн­ды­лығымыздың асыл қазынасы. Осы­лар­ды насихаттау арқылы біз бірегейлігімізді сақтап қалуға мүмкіндік аламыз. Кезінде әкеден балаға ауызша жеткен, одан бері күйтабақ арқылы тыңдалған жыр-дас­тан­дар оқылмай барады. Бүгінгі заман­ның технология тілімен насихатын жал­ғас­тыру керек. Солардың негізінде ме­диа­өнімдер (мультфильм, телехикая, кино, комикс, компьютерлік ойындар) дайындап, оларды заманға сай таралым арналары арқылы (телеарналар, радио, YouTube арналары, кітап дүкендері, кі­тап­хана, сайттар, семинар мен тренинг­тер, оқу орындарындағы бағдарламалар) насихаттау керек. Мәдениетіміздің тағы бір саласы – ұлттық қолөнер болып табылады. Ер­теден келе жатқан зәулім шаһарлары­мыз­бен мақтана алмасақ та, ұлтымыздың абыройын асқақтататын асылдарымыз жоқ емес. Скиф, Сақ қорғандарынан табылып жатқан алтын әшекейлерден бастап, қарапайым тірлікте қолданы­латын тұрмыстық бұйымдарымыздың өзі өнердің озық туындылары екені дау туғызбайды. Қазақтың киіз үйі, оның ішкі-сыртқы жасау-жарақтары адамзат мәдениетіне қосылған құнды дүние еке­нін әлем әлдеқашан мойындап қойған. Дегенмен барға тоқмейілсімей, ғаламды тамсандыратын тамаша туындылар жасауға талпынғанымыз жөн. Ұлттық қолөнерге тарихи жәдігер, кәдесый тұр­ғысынан қарамай, күнделікті тұрмыс-тіршілігімізде пайдаланудың жолдарын қарастыру керек. Мәселен, киім үлгілері (сахналық үлгіде емес, күнделікті киетін киімдер), әшекей бұйымдары, ыдыс, жиһаздардан ұлттық бояу көрініс табуы керек. Сол бағытта сұраныс қалыптасса, кәсіпкерлерге де түрткі болады. Сұра­ныс­ты қалыптастыру ол тағы да медиа­өнімдер арқылы насихатты талап етеді. Мәдениеттің тағы бір саласы – му­зыка өнері дейтін болсақ, Қазақстанның бұл бағыттағы жетістіктері жетіп арты­лады. Бір ғана Димаш Құдайбергеннің ғажап дауысы қазақ елін айдай әлемге мойындатып кеткені күні кеше ғана. Ал бүгін Иманбек Зейкенов атты өреніміз саз өнеріндегі Нобель сыйлығына пара-пар Gremmy сыйлығын жеңіп алды. Жалпы, бүгінгі қазақ музыкасы төрткүл дүниенің талғампаз жұртшылығын таң­дандырумен келеді. Ал бұл жетістіктеріміз жайдақ жерде пайда болмағаны белгілі. Жасалу уақыты 2 мың жылдан басталып, одан әріге кететін қазақтың қарапайым ғана екі шекті домбырасының өзі не тұрады. Сонау ғасырлар қойнауынан жеткен Қорқыт қобызының сарыны мен домбырада орындалатын күйлер ба­тыстың симфонияларымен деңгейлес дүние десек, қателесе қоймаймыз. Кетбұғы тартқан «Ақсақ құланнан» бері тартып, Құрманғазы, Дәулеткерей салған күй дәстүрі бүгіндері жаңа кейіпте, соны биікте ғаламшарды аралап жүр. Мұнда да тағы бір ұстанымды бекітуіміз керек. Еліміздегі барлық мектептер мен оқу орындарында, кәсіби музыкалық оқу орындарында музыкалық білімнің іргетасын ұлттық жәдігерлермен қалау керек. Болашақ эстрада, опера әншісі болсын, батыстық үлгідегі ән өнерін таңдаса да, ең әуелі қазақтың дәстүрлі әні мен күйін құлағына сіңіріп өссе, одан ұлттық болмыстың иісі аңқып, жемісін береді. Мәдениеттің басты күретамырының бірі – адамдардың дүниетанымы, тарихи сана мен ұлттық салт-дәстүрлеріміз дейтін болсақ, біздің қолданатын ма­териалдық және рухани дүниелеріміз бен қам-қарекетіміздің көрінісі осыдан байқалады. Шынымен, салт-дәстүр ұлт үшін өмір, қоғам заңы болып негізделіп, сана, тағылым, тәрбие, тіршілік ережесі ретінде ел зердесінде рухани байлық, өнеге тәжірибесін құрайды екен. Бұл ұстанымдар мен ережелерді халық бұлжытпай орындап қана қоймай, аса құрметтегенін өткен тарихымыздан анық аңғарамыз. Ал оны сақтамаған адамдарды сол заң негізінде жазалап отырған. Өткен заманда қазақ қоғамы үшін салт-дәстүр ғұрпы заңдық күшке ие болғанын білеміз. Күнделікті тірлікте жиі кездесетін: той, наурыз көже, қыз ұзату, қонақасы, шашу, ерулік сияқты толып жатқан дәстүрлер адамдар арасындағы қарым-қатынасты реттеп отырған. Бүгінде бұл құндылықтар аймақтық, әулеттік деңгейдегі ұстаным­дар болып қалды. Соның бәрін жүйелеп, жинақтап, бірізділікке түсіруге сұранып тұр. Этнограф ғалымдардың, тарихшы, мәдениеттанушылардың көптеген ғы­лыми еңбектері ғылыми орталар тұты­натын қараусыз ақпарат ретінде қалып отыр. Соларды танымдық жолмен біріз­ділікке түсіріп, бүкіл елдің қолы жететін ортақ стандартқа айналдыру керек, кез келген адам жүгіне алатын ресурстан табылу керек. (Бұл сайт, мобильді қосым­ша, кітап, т.б) Тағы бір назар аударатын дүние салт-дәстүрдің халықаралық патент жұмыстары да жүйелі түрде жолға қойылуы тиіс. Ұшқан құстың қанаты талып, жүгір­ген аңнын тұяғы кетілетін ұлы далада ғасырлар бойы тәртіп пен реттілікті қалыптастырып, бұлжытпай сақтауға мәжбүр еткен қандай құдірет деп таң­дануға болады. Иә, көшпенділер өр­кениетінде жазықты жандарды қамайтын қапас та, жазалайтын қатігез заңдар да болмағаны белгілі. Солай бола тұра қылмыс атаулы неге аз болған?! Үйінің есі­гіне құлып салмайтын, қорасына қа­рауыл қоймайтын қоғамда неге ұрлық-қарлық, зорлық-зомбылық некен-саяқ?! Себебі осының бәрі ананың сүтімен, атаның қанымен санаға сіңген, көңіліне қонақтап, жүрегінде ұялаған салт-дәстүр арқылы өмірлік ережеге айналдырған емес пе?! Бұл жайларға ерекше тоқталып отырған себебім, бүгінгі қазақ қоғамында жат жұртқа еліктеу, жаһандану үрдісіне басымдық беру белең алып бара жат­қандай. Өсіп-өркендеуіміз үшін өзгенің жетістіктерін үйрену қажеттігін мойын­дай отырып, қазақы болмысымыздан, ұлттық бірегейлігімізден айырылып қалмау үшін салт-дәстүрімізді сақтаудың маңызына мән бергім келеді. Мұнда, нәресте шыр етіп дүниеге келгеннен бастап, қара жер қойнына кіргенге дейінгі тіршілік түйткілдері түгел тұрған жоқ па?! Бала тәрбиесі, үлкенді сыйлау, адаммен амандасу, көршіңмен, ағайын­мен қарым-қатынас, көптің ортасында өзіңді алып жүру, қуаныш-тойлардың дәстүрі, достық пен отбасылық өмір, жарыңды құрметтеу, қонақ күту, кәсіп жасауға дейін әр қадамың өлшеулі, әрекетің айтулы. Әрине, «Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар...» дегендей, олардың қайсыбірі заман талабына сай келмеуі де мүмкін. Ендеше оларды бүгінгі күннің өлшеміне салып, жаңартып жатсақ, несі айып?! Десе де, өз басым ата-баба дәстүрінен артық кеткен, архаизмге айналған ескілікті көріп отырған жоқпын. Қағазға түскен мемлекеттік заңдармен қатар, мыңжылдықтар мен ғасырлар бойы ұлтымыздың ұстыны мен ұятын сақтап келген, қоғамның әдеп-мәдениетін қалыптастырған салт-дәстүрімізді қайта жаңғыртатын уақыт келді. Міне, сөз басында айтқан ұлттық мә­де­ниеттің рухани бағыты осы діңгек­тер­ден тұрады. Осы бағытта «Мәдени мұра», «Рухани жаңғыру» сияқты бірқатар іргелі бастамаларды одан әрі дамыта отырып, бұл іске азаматтық қоғамды да жұмыл­дыру керек. Бұл мәселеде мемлекеттің атқарар қызметі – ұйымдастырушылық, қолдау жұмыстары мен инфрақұрылымды дайындау. Ұлт мәдениетінің ұстынын қалыптастыру – ұлттың міндеті. Бұл тек Үкіметтің кезекті жобасы аясында қа­латын жұмыс емес. Жалпыұлттық қозға­лысқа айналу керек.

Мақпал ТӘЖМАҒАМБЕТОВА, Парламент Мәжілісінің депутаты, «Nur Otan» партиясы фракциясының мүшесі