Ұрланған көлік көрші елге сіңбейді
Ұрланған көлік көрші елге сіңбейді
132
оқылды

Енді отандық полицейлерге ТМД аумағына айдап әкетілетін көлік ұрлығымен күресу оңайырақ болады. Ел Парламенті Автокөлік ұрлығымен күрес жөніндегі хаттаманы ратификациялады. Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен өткен палата отырысында депутаттар осы халықаралық келісімді күшіне енгізетін заң жобасын құптады.

«2005 жылғы 25 қарашадағы Тәуелсіз Мемлекеттер Дос­тас­ты­ғына қатысушы мемле­кеттердің автокөлік құралдарын жымқыруға қарсы күрестегі және оларды қайтаруды қамтамасыз етудегі ын­тымақтастығы туралы келісімге өз­герістер енгізу туралы хатта­маны ратификациялау ту­ралы» деп ата­латын заң қол қою үшін ел Пре­зидентіне жолданады. Бұл келісімге сәйкес, ТМД ел­дерінің аумағында тіркеуден шығарылған, сондай-ақ апатқа ұшыраған автокөліктер туралы ақпаратты қамтитын ақпараттық мәліметтер базасы жұмыс істейді. «Түзетулер ТМД мемле­кет­­терінде көлік ұрлауға қарсы күрес үшін қажетті ақпаратты алу ба­ғытындағы бірлескен күш-жігерді күшейтеді, сондай-ақ ұрланған көлікті қайтару шараларының тиімділігін арттырады», – деді сенатор Ләззат Сүлеймен. Отырыс барысында қабыл­данған заң жобаларының бірі тауар белгілеріне патент алу, қыз­мет көрсету белгілері және тауар шы­ғарылған жерлердің атаула­рына қатысты болды. Бұл жө­нін­дегі нор­малар «Еуразиялық эко­­номикалық одақтың тауар бел­­­гі­лері, қызмет көрсету бел­­гі­­ле­­рі жә­не тауарлар шығарылған жер­­­­­­лер­дің атаулары туралы шарт­ты рати­фикациялау туралы» заңда жазылған. Осы заң арқылы енді қазақ­­с­тандықтарға ЕАЭО аумағында жұмыс істеу үшін патент алу рә­сімі жеңілдейді. Ол үшін аза­маттар ЕАЭО-ға мүше мемле­­­­кеттердің бірі­­­нің патент беретін ведом­ствосына жүгінсе жеткілікті. Осы­лайша, одақ аумағында өз тауар белгісін қорғауға мүмкіндік алады. Сондай-ақ жаңа нормалар ЕАЭО нарығында отан­­дық тауар өнді­рушілердің құқығын қорғау дең­гейін арттыра түседі. Сонымен қатар сенаторлар «Қа­­зақстан мен Болгария ара­­сындағы сотталған адамдарды беру туралы шартты» ратифи­­кациялады. Сотталған адамдар-ды әрі қарай жазасын өз елінде өтеу үшін беруге мүмкіндік туады. Ал «ЕАЭО-ға мүше мемле­кет­тердің темекі өнімдеріне ак­циздер саласындағы салық сая­сатын жүр­гізу қағидаттары ту­ралы ке­лісімді ратификациялау тура­­­лы» заң 2024 жылдан бастап те­­мекі өнімдеріне акциздердің ин­ди­кативтік мөл­шерлемесін қол­дану­ды қарас­тырады. . Сенаторлар «Кейбір заңна­­малық актілерге адвокаттық қыз­мет және заң көмегі мәселелері бойын­ша өзгерістер мен то­­лық­тырулар енгізу туралы» заң жо­ба­сына байланысты келісім комис­сиясын құрып, оның құ­­рамын бе­кітті. Комиссия қос па­лата ара­сындағы келіс­­пеу­ші­ліктерді рет­теп, ортақ ше­шім ұсынуы қажет. Парламентте келісім комис­сиясы соңғы рет тұрғын үй-ком­муналдық шаруашылық туралы заңнамаға енгізілген түзетулер енгізу бойынша 2019 жылдың соңында құрылған болатын.

Елдос СЕНБАЙ