500-дей киножоба ұсынылды
500-дей киножоба ұсынылды

Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы кино тү­сіру­ге үмітті киножобаларды қа­был­дады.

Орталықтағы өндіріс бөлімінің сарапшысы Бижан Әбішевтің айтуынша, биыл 450 компаниядан 503 өтінім келіп түскен. «Әдет­тегі­дей, «Көркем фильмдер» санатын­дағы өтінім саны көп, биыл – 231. «Деректі фильмдер» санатында – 86, «Қысқа метражды фильмдер» сана­тында – 73, «Бірлесіп шығары­латын фильмдер» санатында – 58, «Анимация» санатында – 35, «Де­бют» санатында – 31, «Авторлық/артхаустық кино» санатында  25 өтінім келіп түсті. Нақтылап кете­йік, еліміздің ең ірі киностудиясы «Шәкен Айманов атындағы «Қазақ­­­фильм» АҚ биыл 45 өтінім тап­­сырды. 2019 жылы өткізілген Кино орталығының питчингіне 109 өтінім қабылданған. 2020 жылы 226 өтінім келіп түскен. Ал биыл 503 өті­нім, жыл сайын саны артып ке­леді», – дейді Б. Әбішев. Биыл Кино орталығы өтінімдер қабылдау талабын біршама жеңіл­деткен. Осыған сәйкес, бірінші кезеңде қатысушылар сценарий мен түйіндемелерін, өндіріске сұ­ра­тылатын соманы қамтитын ал­дын ала құжаттар пакетін ғана тап­сыруы керек. Конкурстың ке­лесі кезеңінде презентация, смета, ниет шарттары мен т.б. құжаттарды қамтитын толық пакетті дайындау қажет болады. «Қазір біз техни­калық жұмысты аяқтап қалдық, содан кейін сценарийлік өтінімдер олардың көркемдік мазмұны бо­йынша бағаланады. Бұл үшін Сараптама кеңесі жобаларды алдын ала бағалау бойынша жұмыс жүргізеді. Содан кейін питчингке жіберілетін жобалардың тізімін анықтаймыз, онда конкурсқа қа­тысу­шылар өз жобаларын Сарап­тама кеңесінің мүшелеріне таныс­тыра алады», – дейді Бижан Әбі­шев. Еске сала кететін жайт, мемле­кеттік қаржыландырудан үмітті кино­жобаларды одан әрі іріктеу кезін­де ескерілетін маңызды мәсе­ле бар. Олардың ішінде Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерей­тойына арналған фильмдер түсіру бар.  «Әрине, түсірілім тобының кәсі­билігі, продюсер мен режис­сердің тәжірибесіне де назар ауда­рылады»,– дейді орталықтың өкілі.

Ж.НҰРЛАНҰЛЫ