Тәуелсіз елдің теңдессіз ескерткіші
Тәуелсіз елдің теңдессіз ескерткіші
345
оқылды

АлматыТәуелсіздіктің алтын бесігі. Ұзақ жылдар бойы астана мәртебесін иеленген шаһарда алғаш рет еліміздің егемендік алғаны жалпақ жұртқа, күллі әлемге жария болды. Ел еңсесін тіктеп, барға-жоққа назар аударып, өз билігі өз қолына тиген шақта тәуелсіздігімізді дәріптеп, абыройын асқақтату үшін, елдің рухын көтеру үшін ерекше ескерткіш керек болды. Міне, осылайша Алматыдағы талай тарихқа куә болған Республика алаңында Тәуелсіздіктің бес жылдығына орай Тәуелсіздік монументі бой көтерді.

Тәуелсіздік монументінің авторлары – сәулетші Шота Уәлиханов бастаған өз саласының хас шеберлері. Олар: мүсіншілер Нұрлан Далбай, Әділет Жұмабаев, сәулетшілер Қазыбек Жарылғапов, Қалдыбай Монтақаевтар. Сән-салтанаты келіскен ескерткіштің тарихы да қызық. 1993 жылы Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен Мысыр еліне барған мемлекеттік делегацияның құрамында Шот-Аман Ыдырысұлы да болады. Луксор қаласындағы әйгілі храмның алдындағы діңгектасты көрген Президент «Республикамыздың тәуелсіздігі құрметіне Алматыда да осындай бір белгі жасасақ қалай болады?» деген ой айтады. Сәулетші сапардан орала салысымен өз әріптес­терімен, шәкірттерімен ақылдаса отырып, Тәуелсіздік монументінің алты нұсқасын жасап шығарды. Президент оларды ой елегінен өткізе келе бүгінде Республика алаңында тұрған монумент жобасын таңдаған екен. Мың жылдан астам тарихы бар ескі шаһардың орталығы саналатын Күләш Байсейітова пен Қаныш Сәтбаев көшелері қиылысында еңселі ескерткіш бой көтеріп, 1996 жылы ресми түрде ашылды. Оған көптеген делегациямен қатар еліміз тәуелсіздігін алғанда алғашқы­лардың бірі болып біз үшін шын қуан­ған, тілектес, ниеттес екенін білдіріп, құттықтаған бауырлас Түркия мемлекетінің сол кездегі президенті Сүлеймен Демирел де қатыс­ты. Монумент алыстан менмұндалайды, жалпы биіктігі – 180 метр. Оның орта тұсындағы көне тарихи жазбалары бар тақтаның ұзындығы – 28 метр. Ескерткіштің ең биігінде орналасқан Алтын адамның биіктігі – 6 метр. 2001 жылы ел Үкіметі шешімімен республикалық маңызы бар ескерткіштер тізіміне енгізілген Тәуелсіздік монументінің әр бөлігінің, әр белгісінің өзіндік мәні бар. Сырына үңілсең, сайрап сала беретін туындыдағы жазбалар, торкөз кесіндемелер еліміздің терең тарихына қарай жетелей жөнеледі. Тәуелсіздігін алғанға дейін еліміз небір зұлмат жылдарды басынан кешірді. Ол тасқа қашалып, мәңгілік тарихымыз болып сақталып қалды. Қазақ хандығының қалыптасу кезеңі, «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» деген атпен тарихта қалған жоңғар шапқыншылығының қасіреті, ұлт-азаттық көтерілістер, халқымыздың саны күрт төмендеуіне себеп болған ашаршылық жылдары, қан майданда талай боздақтың басын жалмаған Екінші дүниежүзілік соғыс, тәуелсіздікке, еркіндікке ұмтылған қазақ жастарының бас көтеруі – Желтоқсан оқиғасы осы ескерткіште топтастырылып, айқын көрсетілген. Мұнда тарихымыз бен мәдениетіміздегі өшпес із қалдырған, өзіндік қолтаңбасы бар небір тарланды – Томирис патшайым мен ұлы ойшыл әл-Фарабиді, қазақ музыкасының бастауында тұрған Қорқыт ата, ұлы ақын, үлкен парасат иесі Абай, ақын, композитор Біржанды кездестіруге болады. Бір сәулет туындысында қазақтың күллі тарихын тұтас қамту мүмкін емес, бірақ мұнда еліміздің бай мұрасын кезең-кезеңмен барынша айқын да анық көрсетуге тырысқан. Тәуелсіздік монументі – еліміздің жеке мемлекет болып қалыптасқан кезеңінің алғашқы заманауи сәулет туындысы ретінде ешқашан өз маңыздылығын жоймайтын ескерткіш. Көк аспанға қарай шаншыла орналасқан орталық діңгектің ұшар басы қауызы ашылмаған қызғалдақ тәрізді жұмырланып мүсінделген. Әрі оған Қазақстанның Елтаңбасы ойылып түсірілген. Қоладан құйылған қанатты барыстың үстінде оң қолында қыран құсы, сол қолында садағы, белінде қанжары мен бұзар алтынға малынған жебелері бар дулығалы жас сарбаз – Алтын адамның құрыштай мығым, бітім тұлғасы аса айбарлы кейіппен Тәуелсіздік монументінің беріктігі мен ауқымын айқын аңғартады. Монументтің ең төменгі тұсындағы мемориал тақтайға Елбасының ант беру кезіндегі Ата Заңға қойған қолының тaңбасы мен сөзі түсірілген. Мұнда Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қоғамдағы татулық пен келісім әр адамның лайықты өмірі мен еңбегін қамтамасыз етеді. Еркіндік – бассыздық емес, әділдік пен құқықтың салтанаты» деген сөзі жазылған. Өзге құлпытастардан да белгілі тұлғалардың ғибратты сөздерін оқуға болады. Міне, осылайша алып ескерткіш ширек ғасырдан бері заманауи қазақ елінің, Тәуелсіздігіміздің символына айналды. Бұл ескерткіш халқымыздың өткенін бүгінмен, бүгінін келешекпен жалғастырып жатыр. Мұнда терең тарихымыз, мәдениетіміз айшықты өрнектелген. Күрделі туындыны жасап шығаруда сәулетшілер мен мүсіншілер, құрылысшылар бар өнерін аяп қалмады. Топ жетекшісі Шота Уәлихановтың дәстүрлі ұлттық өрнектерді әлемдік эстетикалық жетістіктермен сабақтастыра білуі ерекше, тың туындының дүниеге келуіне себепкер болды.

ГүлнарГүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ