«Болашақтан» кейінгі бес жыл
«Болашақтан» кейінгі бес жыл

Шетелдің мықты университетіне түсіп қана қоймай, тұрақты шәкіртақы алып тұрсаң жақсы ғой. Сол жағынан алғанда «Болашақ» ең тиімді бағдарлама сияқты. – Түсуін түсесің. Бірақ кепілзатқа бірнеше үй қойып, келген соң бес жыл өтеуің керек. Байланып қалғандай боласың. – Есесіне сенімді әрі бар жағдайың жасалған. – Білмеймін енді. Өзің көр. Одан басқа да грант бөлетін бағдарлама көп емес пе? Өткенде бір танысыммен осындай диалог болған. Шетелдің оқу жүйесі, Батыстың алдыңғы қатарлы университеттері мен таным көкжиегін кеңейту туралы тілдескенбіз. Расында, «Болашақ» қолға алынған сәттен бері талайдың жолын да, бағын да ашты. Жыл өткен сайын сұраныс көбейіп, тиісінше талапкерлерге деген талап та күшейіп келеді. Ендеше өзге елде қаннен қаперсіз білім алуға мүмкіндік беретін бірегей бағдарлама жайлы талдасақ. Қай тұста өзгеріс керек? Нендей кедергілер кездеседі? Болашақтықтар не дейді?

Бағдарлама қатысушылары мем­­­лекеттік шәкіртақы тағайындалған сәтте келісімшартқа қол қояды. Ол жерде барлық талапшарт көрсетіледі. Соның ішіндегі міндеттілерінің бірі – елге оралған соң жұмыс істеп, өтеу. Бүгінде Нұр-­Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында – бес жыл, ауданда үш жыл көлемінде қызмет ету керек. Өтеу мерзімі көп болғанына қарамастан, болашақтық түлектің басым бөлігі үлкен қалаларда жұмыс істегенді құп көреді. Бес немесе үш жыл уа­­қытын аяқтаған соң түлекке толық еркіндік беріледі. Қаласа, елдегі құрылымда қызмет етеді, қаласа, шетел асады. Осы ретте болашақ­­тықтармен тілдесіп, өтеу мерзіміне қатысты пікірлерін білген едік.

Түлектердің тілегі

Уоруик университетінің түлегі Әділбек Жапақ белгілі бір мерзім көлемінде өтеуге міндеттеудің жөн екенін айтып отыр. «Өйткені мемлекет біздің оқуымызға аз шығындалмайды. Бұл бізге – жастарға үз­­­­дік оқу орындарында оқуға мүмкіндік берумен қатар, адам ресурсын дамытуға салынған капитал. Ал оның қайырымы қысқа уақытта болмайды. Менің бір ғана ұсынысым бар, магистратура бітірген соң өз мамандығына сай стажировкадан (internship) өтетін жер тапса, бір жылға қалуға рұқсат беру. Сол кезде шетелден университет бітірген студент теорияны да үйреніп, тәжірибе жинақтап, анағұрлым білікті маман болып оралады» деп ұсынысын қоса айтты. Байқағанымыз, біз тілдескен болашақтықтардың өтеу мерзіміне қатысты еш өкпесі жоқ. Ньюкасл университетін тәмамдаған Айгүл Нұркеева да мемлекеттен миллион­даған қаражат бөлінетіндіктен, бұл шартты дұрыс деп отыр. Әрі оның айтуынша, жұмыспен қамтуды мемлекет мойнына алғаны жөн. «Мен оқуға кеткен кезде үшжақты келісім болған. Яғни, бұрын жұмыс істеген жеріме қайта оралуға міндеттелгенмін. Осы шарт болған кез­де мұны аяққа салынған тұсау деп ойлайтынмын. Әйтсе де, бұл норманы қазір алып тастады. Со­ған қуаныштымын. Өз тарапымнан айтар ұсынысым – жұмыспен қам­ту. Мұны қатал бақылауда ұстау қажет. Себебі кей түлектер елге орал­ған соң жарты жылдап жұмыс іздеп жүріп қалады. Ақыры болашақтықтар еуропалық деңгейдегі оқу орнын аяқтап, көбі үздік бітіріп келеді. Демек, сондай маманның жұмыссыз жүргені өкінішті. Түлектердің әлеуетін пайдалану керек. Осылайша, мемлекеттің бөлген қа­ражаты да ақталар еді», – дейді Нұркеева. Түлектерді елге келгенде дайын қызмет күтіп тұрғаны жөн деген ұсыныс көп айтылып жүр. Болашақтықтар мұны тәжірибені, бар білгенді бөлісу үшін жасалатын қадам десе, сыншы тарап «шетелде оқып келгеннің бәріне жұмсақ орындық бере берген дұрыс емес», – дейді. Бостон университетінің магистрі Ақниет Оспанбай да жақсы жұмыспен қамту жайлы ұсынысты сөз арасында айтып қал­ды. Сонымен бірге кепілзат қою мә­селесіне де ұсынысын жеткізді. «Елге қайтып келетін адам болған соң, тіпті он жыл бойы өтесе де, түк емес. Бірақ кепілзатқа қойған үй – әкемдікі. Соған кішкене қынжыламын. Меніңше, мүлікті кепілзатқа қоймай-ақ, елге оралып, жұ­мыс істеуге міндеттесе де жетіп жатқан сияқты. Айталық, менен азаматтығымды алып қоямын десе, бірден оралар едім», – дейді ол. Расында, өтеу мерзімінен кейін­гі көп айтылатын тағы бір мәселе — кепілзат қою. Бұған қатысты да әркімнің өз ойы бар. Бірі мемлекеттің қыруар қаражатын жұмсауын жұмсап, жоқ болып кетпес үшін осындай қатал шарт керек дейді. Ал енді бірі мұны тым қиынсынып, басқа балама болса дейді. «Кепілзат көлемі соншалықты жо­ғары демес едім. Мен оқуға тап­сырған кезде келісімшартта түгел сомаға тең мүлік қою міндеттелген жоқ. Мыса­лы, 15 миллион теңгеге үй қойып, 4 адам кепіл болған. Заң тілін жақсы білетін адамға бұл шарт аса қиын деп ойламаймын. Бәлкім, қиын дейтіндер үй құжаты дұрыс болмай не кепіл болатын адам тап­пай қиналғандар шығар. Ал енді өтеуге қа­тысты ойым – бұл өте дұ­рыс шарт. Өйткені таныстарымның ішін­де шетелге бір рет шыққан соң ойы өз­геріп, елге қайтқысы келмей қалған. Ендеше адами капиталды дамыту мақсатында ашыл­ған бағ­дар­ламаға мұндай қатал талап қажет-ақ. Былай қарасаңыз, бұл – теңдессіз бағдарлама», – дейді Оңтүстік Калифорния университетінің түлегі Толғанай Байысбекова.

Қандай өзгерістер бар?

Өтеу мерзімін қысқарту не кепілзат қою шартын жеңілдету туралы өтініштердің қаншалықты жиі келіп түсетінін сұрап, «Халықаралық бағдарламалар орталығына» хабарластық. «Болашақ» бағдарламасы бойынша оқып жатқан стипендиаттар мен түлектер тарапы­нан мұндай өтініш жиі келіп түс­пейді. Себебі оқуға түсерде үміт­керлер мен стипендиаттар заңнамалық негізде бекітілген оқу шарттары мен талаптарымен толық танысады. Ал ол талаптарды өзгерту мәселесі жайлы нақты қарастырулар әзірге жоқ» делінген жауапта. Орталық былтыр мамырда енгізілген өзгерістер жайлы да ақпарат берді. Атап айтқанда, өзгерістер ең алдымен «Болашақ» стипендиясына үміткерлерді конкурстық іріктеу процесіне, сондай-ақ конкурсқа қатысудың бастапқы талаптарына байланысты. «Болашақ» халықаралық стипендиясына үміткерлерді іріктеудің жаңа ережесіне сәйкес, барлық квоталық санат алып тасталған. 2020 жылдан бастап «Болашақ» стипендиясының конкурсына ауылдық елді мекендерден келген үміткерлерді қоспағанда, жетекші шетелдік жоғары оқу орындарынан шартсыз шақыртуға ие талапкерлер ғана қатыса алады. Конкурстық кезеңдер саны 6-дан 3-ке дейін қысқартылды. Үміткерлер өздігінен тест тапсырып, құжат өткізген кезде мемлекеттік тілді білу туралы сертификаттарын ұсынуы керек. Ауылдық жерлерден келген үміткерлер қосымша шет тілін білу туралы сертификат ұсынуы қажет. Іріктеу кезеңдері үш бөліктен тұрады. 1-кезең: Интеллектуал қа­бі­лет деңгейін, жеке және іскерлік қабілеттерін, шетелде оқуға психологиялық дайындығын анық­тай­тын кешенді тест. 2-кезең: Тәуелсіз сарапшылар комиссиясының мүшелерімен жеке сұхбат. 3-кезең: Шетелде кадрларды даярлау жө­ніндегі республикалық комиссияның отырысы. Айта кетерлігі, жаңа ережеде алдын ала тілдік оқыту алып тасталды. Ол тек ауылдық жер­­­лерден кел­ген талапкерлер үшін сақталады және 6 ай мерзімі ішінде ағылшын тілін үйрену Қазақстан аумағында өткізілетін болды. «Болашақпен» оқуға түскендердің бәрін үздік диплом күтіп тұрмайды. Сабақ үлгерімі нашар болған жағдайда оқудан шығарылатындар да бар. Сол сияқты басқа да себептермен оқуын орта жолдан тастауға мәжбүр болған жағдайлар да кездеседі. Тағы бір топ – оқуын аяқтайды, дипломын алады, бірақ елге келмейді. Ресми статистикаға сүйенсек, Отанға оралмайтындар үлесі 1-2 пайыз ғана. Былтыр «Егемен Қазақстан» газетіне теңіз техникасы және технологияларының қыр-сырын жетік меңгерген Ирма Егінбаева жайлы материал жарық көрген. «Болашақ» арқылы Ньюкасл университетіне оқуға түскен ол магистратура бітірген соң университет ұсынған грантпен докто­ран­тураға түскен. Осылайша, тағы үш жыл оқуын жалғастырған. Бүгінде шетелдің ғылыми институттарынан алған тәжірибесіне қоса Норвегиядағы ірі кәсіпорында қызмет етіп жатыр. Осы ретте атап өту керек, қазір докторантураға тү­суде де өзгеріс бар. Яғни, бұрын Ирма секілді оқуды жалғастыруға мүмкіндік берілген еді. Ал қазір болашақтық түлек бірінші кезекте мойнындағы өтеу мерзімін аяқтау­ы тиіс. Содан кейін барып қалаған бағытында жалғастыруға құқылы.

«Болашақтан» басқа да жол көп

Басында атап өткеніміздей, қазір шетелде білім алу үшін жалғыз жол «Болашақ» гранты емес. Өзіне студент тарту мақсатында жап-жақсы жағдай жасап, шақыратын ел көп. Сонымен бірге баршаға ортақ стипендиялық бағдарламаларды да ерінбеген адам іздеп таба алады. Мысалы, Сағыныш Назар Turkiye Burslari арқылы оқуға түскен. «Бұл бағдарламаның артықшылығы – оқуға түсу жеңілдеу. Тіпті, тіл білу де міндеттелмейді. Әрі жатақхана, медициналық сақтандыру, ұшақ билеті, шәкіртақымен қамтамасыз етеді. Шыны керек, «Болашақтың» талабы жоғарылау болған соң батпадым. Алдымен Түркияға тапсырып көруге бел будым. Егер түсе алмасам, елге барып, ағылшын ті­лін оқуға шындап кіріспекші бол­ғанмын. Бірақ шәкіртақы иегері болып, бүгінде Ескішеһирдегі Ана­долы университетінде PhD докторантурада 1-курс оқып жатыр­мын», – дейді ол. Шынында, «Болашақтың» талабын тым қатал көргендер өзге жолдарды да таңдау­ға ерікті. Бұл ретте елшіліктермен бірлесіп бөлінетін гранттардан хабардар болып жүрсе жеткілікті. Әлбетте, бірінші кезекте жақсы үлгерім, шет тілін жоғары деңгейде білу, мамандыққа деген махаббат маңызды. Осы тұрғыдан мәселе аз болса, таңдау да көп.

Жадыра АҚҚАЙЫР