«Төтенше» өткен ширек ғасыр
«Төтенше» өткен ширек ғасыр
111
оқылды

Төтенше жағдай саласы – еліміздегі әскери қызметке деген беріктік пен азаматтық борышқа деген адалдықтың жарқын үлгісі болып отырған салалардың бірі. Өйткені олардың қандай оқиға кезінде де жедел сол жерден табылып, өз міндетін мүлтіксіз атқарып жататыны бұлжымас заңға айналған. Сондықтан да «төтеншеліктердің» ел арасында беделі жоғары. Олар туралы «өз ісінің шебер мамандары» деген ұғым қалыптасқан. Ендеше тәуелсіздігіміздің іргесін нығайта түсуге хал-қадірінше үлес қосып келе жатқан бұл саланың ел өміріндегі орны мен тарихына қысқаша тоқталып өтсек.

Мемлекеттік комиссиядан орталық органға дейін

Еліміздің тәуелсіздік тари­хында төтенше жағдай саласы ведомство ретіндегі бастауын 1990 жыл­дан алады. Осы жылдары мемлекеттік комиссия ретінде жұмысын жүргізген олар көп ұзамай Төтенше жағдайлар жө­ніндегі мемлекеттік комитетке айналған болатын. Елбасы Н.Ә. Назарбаев 1995 жылғы 19 қазанда осы мақсатпен төтенше жағдайлар және азаматтық қорғаныс саласында орталық уәкілетті атқарушы орган құру ту­ралы Жар­лыққа қол қойды. Одан соң 2000-жылдары агенттікке, ал 2004 жылы министрлікке айналған ведомство соңғы алты жылда ІІМ-нің бір комитеті ретінде қызмет атқарған болатын. Былтыр қыркүйек айының 11-і күні Төтенше жағдайлар министрлігі қайта құрылды. Осы жылдардың барлығында да төтенше жағ­дай саласы үздіксіз дамыды. Енді бүгінде ол табиғи жә­не техногенді сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу және жою, азаматтық қорғаныс, өрт және өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы салааралық үйлес­тіру, өрттердің алдын алу және сөн­діруді ұйымдастыру, мемлекеттік материалдық резервті қалыптастыру және дамыту жөніндегі мемлекеттік саясатты жүзеге асыратын орталық атқарушы органға айналып отыр. 1995-2020 жылдар аралығында елімізде ТЖМ тарапынан төтенше жағдайлар мен өртті жоюға 1 млн 353 мыңнан астам қаржы жұмсалған екен. Соның аясында биылға дейін 374 мың­нан астам адам құтқарылған бол­са, 334 мың­­­нан астам адам эва­куа­цияланған. Зардап шеккен 55 мың­нан астам адамға медициналық көмек көрсетілген. Со­ның ішінде 2020 жылы құтқару бөлімшелері өртке және апаттық-құтқару жұмыстарына 71,4 мың рет шығуды жүзеге асырып, 14 мыңға тарта адамды құтқарып, ТЖ аймағынан 19 мың адам эвакуацияланған. 4 мың зардап шегушіге алғашқы медициналық көмек көрсетілген. Ал биылғы екі ай­­да 8,7 мың шығу жүзеге асырылып, 2,4 мыңға тарта адам құтқарылған. 3,8 мың адам эвакуацияланған болса, 500 зар­дап шегушіге алғашқы медициналық көмек көрсетілді. Жалпы, елімізде жылына орта есеппен 18 мыңнан астам табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдай болып тұрады. Оның ішінде 15 мыңы – өрт оқиғалары. Құтқарушылар жыл сайын ТЖ аймағынан 8 мың адамды құтқарып, 20 мыңнан астам адамды эвакуациялап, зардап шеккен 4,5 мың адамға медициналық көмек көрсетеді. Қазір ел аумағында 416 өрт сөндіру бөлімшесі мен 56 жедел-құтқару стансасы қызмет етеді. Олар түрлі функционалды мақсаттағы 3 мыңнан астам өрт-құтқару техникасымен қам­­­­тылған. Соңғы 25 жылда төтенше жағдай саласына 1,5 мың­нан астам түрлі техника мен 20 мың­­­нан астам жабдық-жарақтары сатылып алын­­ған болса, 30-дан астам өрт сөн­­діру депосы мен құтқару стан­­­салары салыныпты. құтқарушы

Алдын алу мен алғы шептегі күрес

Елімізде тәуелсіздік алған жылдары орасан зор шығын мен қайғылы қырғынға ұшыратқан төтенше оқиғалар аз болған жоқ. Оған дәлел – Қызылағаш, Семей орманы, Көкпекті, Арыс, Сардоба сынды тағы да басқа оқиғалар. Солардың қай-қайсысында да төтеншеліктер халықтың арасынан табылып, құтқару жұмыс­тарын асқан қажырлықпен жүзеге асыра білді. Құтқарушылардың дер кезінде ден қойып, жұмысты сауатты ұйымдастыра білгенінің арқасында, көп оқиғаларда шы­ғынды барынша азайтуға қол жет­кізілгенін де атай кеткен абзал. Ал мүлдем жол бер­­­меудің бірден-бір жолы алдын алу екені белгілі. Сондай мысалдың бірі – Нұр-Сұлтан қаласын тасқын судан қорғап тұрған, астананың оңтүстік-шығыс бетінде орналасқан Есіл өзенінің суына қойыл­ған контррегулятор. Сонымен бірге Сырдария өзеніне салынған Көксарай су реттегіші де қанша жылдан бері қайталанып келе жатқан табиғи апаттың алдын алуға мүмкіндік берген ірі гидронысан болды. Мұндай бірегей құрылыстар Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей тапсырмасымен салынған болатын. Мұндай ірі көлемдегі алдын алу  жұмыстары қазір де жалғасуда. Алматы облысында сел тасқынынан қорғауды қамтамасыз ету үшін Қорғас өзенінде шартты түрде Қорғас-1 және Қорғас-2 деп аталатын екі жоба іске асырылуда. Селден қорғау кешенінің негізгі элементі сел ұстайтын Шүкірбұлақ (Алмалы) бөгеті, оның бір бөлігі Қытай Халық Республикасының аумағында орналасады. Сондай-ақ Алматы қаласында «Ақсай» шатқалында және Ақсай өзенінің «Аюсай» бассейнінде сел ұстайтын бөгеттер салу жөніндегі жобаларды іске асыру бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Ден қоюдан жоюға дейін

Мемлекеттік саясатты сала­аралық үйлестіруді қамтамасыз ететін стратегиялық міндетке ие ТЖМ бүгінде төтенше жағдайлардың әлеуметтік, экономикалық және экологиялық жүйелерге әсерін азайту бағытындағы жұ­мыстарға бет бұрды. Осы ретте әкімшілік кедергілерді жою бойын­­ша ұйымдастырушылық және құқықтық шаралар кешені қабылдануда. Құрылысы жүріп жатқан және іске қосылатын мемлекеттің өнеркәсіптік инфрақұрылымдардың стратегия­лық маңызды объектілерінің апатқа қарсы тұрақтылығын арттыру жөнінде жан-жақты жұмыстар жүргізілуде. Соңғы жылдары республиканың өрт-құтқару бөлімшелерін инновациялық-тех­никалық қайта жарақтандыру бойынша белгілі бір нәтижелерге қол жеткізілді. Заманауи талаптарға жауап беретін түбегейлі жаңа және тиімді өрт сөндіру технологиялары енгізілді. Қазір министрліктің пысық­талған басым бағыттары мен міндеттері Қазақстанның мемлекеттік жоспарлау жүйесінің барлық үш деңгейіндегі құжаттарымен интеграцияланған. Ве­домство азаматтық қорғауды дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасын, 2025 жылға дейінгі Ұлттық қауіпсіздік стратегиясын, министрліктің стратегиялық жоспарын пысықтауда. Онда қызметтің негізгі бағыттары бойынша басымдықтарды қамтитын бірінші кезектегі міндеттер белгіленген. Салалар бойынша жеке мемлекеттік бағ­дарламалар мен өңірлер бойынша облыстарды дамыту жоспарлары әзірленді. Бүгінде минис­трлік мамандары Ресей, Беларусь сияқты көршілес мемлекеттердің төтенше жағдайлардың алдын алу және жою саласындағы тәжірибесін зерделеуде. Апат қаупін азайту жөніндегі Сендай бағдарламасы шеңберінде Қазақстанда қауіп-қатерлерді басқару жөніндегі жұмысты жал­ғастыру жоспарланып отыр. Биылдан бастап қолға алынған ке­шенді шаралар ден қоюдан жою­ға дейінгі біртұтас алгоритм­ді қамтитын болады.

Нұрлан ОРАЗҒАЛИ