Нарын жері малсыз бос жатыр – Қосыбек Ирзағалиев
Нарын жері малсыз бос жатыр – Қосыбек Ирзағалиев
238
оқылды

Аграрлық сектордың мәселелері қанша айтса да, таусылмақ емес. Әсіресе, мал шаруашылығына қатысты түйткіл көп. Олар әр өңірде әртүрлі. Айталық, бұрын Атырау облысы еділбай тұқымды қойларымен де танылған еді. Қазір тек мұнайы ғана айтылады. Осы ретте біз ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы Қосыбек Ирзағалиевпен сұхбаттасып, өңірдегі және еліміздегі қой шаруашылығы, саланың түйткілдері жайлы сұрадық.

– Қосыбек Салтанатұлы, Атырау мұ­найлы өлке болғанымен, облыс эконо­ми­­­касында аграрлық сектордың да өз үлесі бар. Бүгін біз өңіріміздегі ата кәсіптің жағдайы туралы білсек деп едік. – Қандай мемлекет болмасын, өркен­­деу жолында өзінің ата кәсібін басты на­­зарда ұстайды. Бізде төрт түлікті күтіп-ба­ғып өсіру, олардың өнімдерін өндіру, өңдеу, ұқсату технологиясы басқа елдермен салыс­тырғанда өзгеше. Өйткені бізде қай малдың түрі болсын, жыл он екі айдың көп­шілігінде ата-бабамыз аманаттап қалдырған алыс жат­­қан жайылымдарда мал отар-отар, табын-табын болып бағы­лады. Одан өнді­­­рілген өнім экология­лық таза, сапалы, өзіндік құны өте төмен емес пе?! Оған қоса суармалы шабындыққа айналдыратын жер де жеткілікті. Міне, осы жерлерді тиімді пайдалансақ, арзан және өте сапалы мал өнімдері бізде өндірілетіні анық. Басқа елдердің мал өсіру техно­логиясына қызығу­шылық таныту, елік­теудің қажеті жоқ. Жердің киесі бар. Оны баптай білсек, малға өріс, елге құт. Қазір Атырау облысы аумағының 80 пайызы жайылымдылық және шабындық жерлер. Бұл ауқымды алқаптарды өз мақсатында пайдаланса, арзан да сапалы мал өнімдерін өндіруге жеткілікті. Кейінгі жылдардағы дерек бойын­ша, облыстағы барлық санаттағы құрылым мен қосалқы шаруашылықтар аталған алқаптардың 35-40 пайызын пай­­далануда. Олардың көп бөлігі құмды және сазды жерлерге, шөл және шөлейт аймақта орналасқан. Әсіресе, Нарын бойындағы жерлердегі мал жайылымдары ежелден бері мал жаюға құтты мекен болып келген. Кеңес Одағы кезінде бұл өңірлерге мал қыс­тату, қоныстану шаруашылықтар мен жеке малшылар арасында талас-тартыс туғызатын. Қазір осы жерлердің көпшілігі бос жатыр, пайдаланылмайды. Оның себебі облыста мал басының азаюы, бұ­рын­­ғы жайылымдық алқаптарда тұщы жерасты су көздерінің сарқылуы және экологиялық, антропогендік факторлар әсерінен болып отыр. Қазіргі кейбір шаруа қожалықтары малдарын шалғай, құнарлы жайылымдарға шығаруға көңіл бөлмейді. Бүгінде заманауи мал шаруашылығын қар­­қынды дамыту үрдісінде ежелгі бабалар әдісінің ескерілмеуі өкінішті. Ал қысы-жазы бір орында отырғандықтан жер тозып, мал азықтық өсімдіктердің түрі азайып, жайылымдар шаруашылық айна­­­лымынан шығып, жаппай эрозияға ұшы­рап жатыр. еділбай қой – Сонда мұнайға сүйенген облыс мал шаруашылығындағы мәселелерге назар аудармай отыр ма? – Бірден кесіп-пішіп олай айтпас едім. Бірақ мал шаруашылығындағы басты мәселе – табиғи жайылымды тиімді пайда­­лану. Осы бағытта нақты жұмыстар жүргізу қажет. Бір ғана мысал айтайын, тереңде жатқан жерасты сулардың көздерін табу жұ­мыс­тары ұмытылып барады. Облыс көле­­мінде бұл жұмысты жүргізу ғарыштық зерттеулер түсірілімдеріне сүйенсе ғана шешіледі. Қазір мал шаруашылығын жүргізу мен дамыту үшін шаруашылықтарды коопе­рациялап, ірілендіру, инновациялық жаңа технологияларды, озық тәжірибелер мен ғылым жетістіктерін енгізу қажет. Сонда еңбек өнімділігі жоғары, өндірілген өнім сапалы, арзан, бәсекеге қабілетті болады. Ол үшін үкімет, жергілікті атқару органдары та­­рапынан шынайы қолдау арқылы шаруа­шылықтарды ірілендіруді және өнеркәсіп негізіне көшіруді жүргізу керек. Мысалы, облыстағы шаруа жағдайы бір­келкі, жері суы жеткілікті шаруашы­лықтарға жеңіл­детілген ұзақмерзімді несие, лизинг, субсидия беруді шешумен немесе инвес­тиция тарту жолымен оларды ірі шаруа­шылықтарға айналдыруға әбден болады. Олар өздері өндірген өнімдерін өңдеп, өткізу мүмкіндігіне ие болар еді. Қазақстандық мал етіне қызығушылық танытып отырған сырт мемлекеттер бар­шылық. Бірақ олар міндетті түрде өнім сапасының жоғары болуын талап етеді. Мә­селен, Қытай, Иран, Біріккен Араб Әмірліктері, Сауд Арабиясы қой етіне сұ­раныс танытып отырған көрінеді. Біз сол тапсырысты орындауға дайын болуымыз керек. Бүгінде шетелдіктер бізден қозы етін көбірек сұрап отыр. Қазір дүние жүзінде кәрі малдың етін ешкім тұтын­байды деуге болады. Өйткені оның құра­мын­да адам ағзасына зиян заттар көп. Демек, мал басын өз төлі есебінен көбей­­тудің маңызы бұрынғыдан да артып отыр. – Біздің өңір одақ кезінде еділбай тұ­қымды қойымен танылды. Жылдар өте еділбай қойының таза тұқымы жойылып бара жатыр деген пікірлер бар. Бұл рас па? – Бұрын аймақта еділбай қойының генефоны толық жасақталған еді. Қазір оның өнімділігі мен тұқымдық қасиетін одан әрі қазіргі нарықтық талаптарға сай жақсарту мақсатында селекциялық-асыл­дандыру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Еділбай қойына қызығушылық танытатын, өсіруге ұмтылатын алыс-жақын шетел­діктер жетерлік. Қазірдің өзінде Ресей шаруалары еділбай қойын отар-отарымен сатып әкетіп жатыр. Өздеріне апарып, одан әрі асылдандырған соң сапалы өнімін тұтынушыға өткізеді. Тіпті, атын иеленіп кетуі де мүмкін. Сондықтан еділбай қойы­на шапшаңдатып «Ұлттық қой тұқымы» мәртебесін беруіміз керек. Себебі еділбай қойының таза тұқымы жойылып барады. Қазір елімізде еділбай қойы тұқымының басы қанша екенін ешкім айта алмайды. мал Республикадан экспортқа шығатын тек қылшық жүнді құйрықты қойдың қозы­­сының еті. Кезінде, Кеңес өкіметінің тұ­сында еліміздің ет өндірісінде қой етінің үлесі 30 пайыз болды. Ол кезде Қазақстанда 35 миллионнан астам қой болған. Ал қазір статистикалық мәліметтерге қарағанда елде 18 млн қой мен ешкі бар. Бірақ жалпы төрт түлік малдың санының қанша екенін дәл анықтау қиын. Себебі жергілікті жерде мал санағы жүргізілмегендіктен шынайы мағлұматты білу мүмкін болмай тұр. Кейінгі жылдары әсірелеп, болмағанды болды деп айту, жалған ақпарат тарату жағдайлары кездесіп жүр. Сондықтан 18 млн дегенге де бірден сене салуға болмайды. Жасыратыны жоқ, ауыл шаруашы­­лығын дамыту, жаңа технологиялар мен озық тәжірибелерді енгізу және сапалы өнім өңдеу жөнінде қолға алынып жатқан бағдарламалар жеткілікті. Дегенмен олар­ды жүзеге асыруды ұйымдастыру, күр­делі мәселерді шешу жағы нашар. Мұны мойындауымыз керек. Өйткені ауыл жайын өз көзімен көруге, білуге жоғары деңгейдегі шенеуніктер бармайды, малшы қауымымен кездеспейді. Сондықтан бағ­дарламалар жоғары жақта облыстардың, аудандардың, жергілікті жердің бір-бірінен табиғи, экономикалық өзгешеліктері еске­рілмей қабылданады. Өзге елдің жарқ ет­кен жаңалығы мен идеясын көре сала көшіріп алып, оны бізге енгіземіз деп маша­қаттанады. Бұл бізге опық жегізетіні анық. – Бүгінде асылтұқымды мал өсіретін шаруашылықтар мемлекеттен тек субсидия алу арқылы күн көріп жатыр. Жалпы, ауыл шаруашылығы саласында осы субсидияға байланысты мәселелер түйіні шешілмеген дегенге келісесіз бе? – Бүгінде нарықтық экономиканың қысымы, шаруашылықтардың ішкі мүм­кіндігінің тапшылығы, мал өнімдерін өн­діру мен өткізудің науқаншылығы және өз дәрежесінде өтпеуі қаржы-экономика­лық ахуалын нашарлатып отыр. Демек, өнім­дерімізді орталықтандырып өткізетін тетік керек. Әлбетте, көктем шыға мал шаруа­шылығында кезек күттірмейтін науқандық жұмыстар – төл алу, қой қырқу, малды жайлауға шығару, оның азығын дайындау басталады. Әйтсе де, асыл­тұқымды мал шаруа­шылығын дамытуға, оның сапасы мен өнімділігін арттыруға жергілікті бюд­жеттен бөлінетін субсидия жыл соңында ғана ұсынылады. Міне, осы аталған суб­сидияның 40-50 пайызын шаруашылық құрылымдарға жауапты науқандарды жүргізу алдында берген жөн сияқты. Бұл жөнінде мен 2016 жылы облыс әкімдігіне мәселе етіп қойғанмын, мә­­селені шешудің орнына министрліктің бағдарламасынан бір сөйлемді жазып жіберген. Президенттің тапсырмасымен ел Үкіметі ауыл шаруашылығын дамытуға қыруар қаржы бөліп отырғанын айтуға тиіспіз. Жасыратыны жоқ, асылтұқымды мал өсіретін шаруашылықтар мемлекеттен тек субсидия алу арқылы күн көріп отыр. Сонымен қатар Мемлекет басшысы Үкімет назарын ауылдағы кәсіпкерлікті дамытуға аударып, оларды шағын несиелендіруді тапсырғаны белгілі. Осыған байланысты облыста республикалық «ҚазАгроҚаржы» АҚ-ның, «Агро Несиелік Корпарация» АҚ-ның, «ҚазАгроМаркетинг» АҚ-ның тағы да басқа филиалдары құрылып, «Алтын асық», «Сыбаға»,     «Құланды», басқа да бағдармалар жұмыс істеп жатыр. Бұларды Үкімет жылма-жыл үстемелеп тұрақты түрде қаржыландырып тұр. Құп­тарлық іс. Алайда осы филиалдардың жұ­мысы көңіл көншітпейді. Халқымыз «Су­дың да сұрауы бар» демей ме?. Жалпы, бұл бағдарламалардан қоғамға түсетін пайда шамалы. Жұмыстарында көзбояу­шылық көп, сондықтан оларды бір жүйеге келтіру қерек немесе тоқтату қажет. Негізі, мемле­кеттік қаржының бір қолда болғаны тиімді. Сондықтан елімізде дербес Агро­өнер­кәсіп банкін ашу керек. Жалпы, ауыл шаруашылығына мем­лекеттен субсидия беруді ширек ғасырдан астам уақыт бұрын бастасақ та мұны бір жүйеге келтіре алмай келеміз. Мысалы, 2000 жылдары асылтұқымды шаруашы­лықтарға сатқан малының түріне, жасына қарай сату бағасына шектеу қойып, аз да болса субсидия берген болатын. Бұл өте дұрыс. Себебі асылтұқымды малды өсіру оңай емес. Шаруашылық біраз шығын жұмсайды. Ғылым мен өндірістің бірлесіп атқарған жұмысының нәтижесінде сапалы мал өсіріледі. Ал 2007 жылдардан бастап субсидия мал сатып алған кәсіпкерге берілетін болды. Асылтұқымды мал сатып алған шаруа малының сапасын, өнімділігін жақсартты ма, малы асылтұқымды малға айналды ма? Оны қадағалап отырған инс­пекцияға тексеруге тыйым салынды. Бұл жағдай асылтұқымды мал сататын шаруа­шылықтардың жауапкершілігін төменде­теді. Ал асылтұқымды малды сатып алу­шы, оған қоса мемлекеттен қомақты жәр­дем ақы алады. Сондықтан мемлекет­тен берілетін жәрдемақыны бұрынғыша мал сатушы шаруашылықтарға берген тиімдірек. Жалпы, біз әлі нарықтық экономикамен үйлеспейтін әдеттерден арыла алмай келе­міз. Сондықтан ауыл шаруашылығын да­мытуға арналған бағдарламалардың барлығын қайта қараған жөн шығар. – Әңгімеңізге рақмет!

Тұрсын ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ, Атырау облысы