Газ баллонынан сақтан!
Газ баллонынан сақтан!
297
оқылды

Соңғы кездері елімізде газ бал­лон­дарының жарылуы жиілеп кетті. Жыл бастал­ғаннан-ақ мұндай оқи­ғаның талайын естіп-біліп жатырмыз. Оның салдарынан адам зардап шегіп, басқа да шы­ғындар есе­ленді. Ал себебі неде? Мамандар бұған тұрғын­дардың қарапайым қауіпсіздік ережесін сақтамай, сал­ғырт­тық танытқаны әсер еткенін ай­тады. Дегенмен көгілдір отын­мен қамтылмаған аймақ­тарда газ баллонына деген сұ­раныс азаймайтыны тағы бар.   

Жарылыс жиілеп кетті

Төтенше жағдайлар министр­лігінің есебіне жүгінсек, 2020 жылы елімізде 13 933 өрт болып, соның кесірінен 389 адам көз жұ­мыпты. Адам өлімі 2019 жылмен (315 адам) салыстырғанда 19 пайызға артқан. Ал енді газ бал­лондарының жарылу есебіне көз жүгіртсек. Былтырдан бастап биылғы наурыз айына дейінгі аралықта түрлі нысанда 90 газ баллоны жарылған. 30 адам қайтыс болды. Тұрғын үйлерде газ бал­лонының әсерінен 60 жарылыс болып, 15 адам көз жұмған. Мұның бәрі газ баллондарынан қауіптің артқанын көрсетіп отыр. Жыл басталған 3 айға жуық уақыттың ішінде 28 газ бал­лоны жарылып, тағы 4 адам опат болды. Елордадағы жағдай оңып тұр­ған жоқ. Жуырда ғана дәмхана мен тағам тап­сырысы үшін пай­даланылған екіқабатты тұрғын үйде жарылыс болғанын білеміз. Жарылыстан бір қыз оқиға кезінде тіл тартпай кетсе, екінші қыз ауруханада қайтыс болды. Кейін дәл осы мекемеден 19 газ баллоны табылған екен. Жалпы, газ бал­лондарын кафе, дәмханалар жиі қол­данады. Осыдан соң астанада тұрғын үй инспекциясы, Төтенше жағдайлар депар­таменті мен по­лиция қызметкерлерінен құралған топ 150-ден астам нысанды тек­серген. Көбінде баллондарды сақ­тау ережесі талапқа сай болмай шы­ғыпты. Бірақ мұндайда құ­зыр­лы органдар қатаң шара қолдана алмайды. Тек ескерту жа­саумен шектелуге мәжбүр. Себебі қазір кәсіпкерлікті қолдайтын заң үстем. Ма­мандардың айтуынша, газ бал­лондарын қолданатын дәм­хана­лардың шамамен 90 пайызын­да талап сақталмайтын көрінеді. – Дәмхана сияқты мекеме­лер кө­бінде сақтық шараларын мүлде сақта­майды. Дәмхана қожайыны­ның үстінен арыз түскенде ғана шара қолдануға бо­лады. Мекеме иесі мен тұрғындар «білдім, тү­сіндім» деп бір парақ қағаз алып қалады. Нәтиже шыға ма, жоқ па, белгісіз. Тексеріс ке­зінде нысан­дардың барлығында да газ бал­лондарын сақтау, пай­далану ере­жесі бұзылған. Былтыр елордада 31 рет оқыс оқиға болып, 12 адам қайтыс болды, 42 адам зардап шекті. Елорданың өзінде оларға бақылау жасау оңай болмай тұр, – дейді қала әкімдігі жанын­дағы газтехникалық бөлімнің маманы Думан Жайылбеков.

Қауіпсіздікті ұмыт қалдырдық

Бұдан бөлек, көпқабатты тұр­ғын үйлерде газ баллондарын пай­даланатындар бар. Негізі, қауіп­сіздік мақсатында бұған жол бер­мейтін ереже көп. Мұндай фак­ті­лерге кезіккен жағдайда азаматтар құзырлы органдарға арыздануы қажет. Әйткенмен, мамандар оған айтарлықтай шара қолдана алмай­ды. Жай ғана ескер­тумен шектеліп, айыппұл да сала алмайды. Біздің ойымызша, бұл тұста тұрғынға жауапкершілік жүктейтін жаңа меха­низмдер қарастыру керек-ақ. Әйтпесе, құр ескерту қолға тұсау салмайды. Газ баллондарына қатысты мәселе Төтенше жағдайлар ми­нистрі Юрий Ильинді де алаңдата бастағанға ұқсайды. Наурыз айы­ның басында ведомство басшысы осы проблемаға ерекше тоқталды. 2 миллионнан астам нысан мен тұрғын үй тексерілген кезде 660 мыңнан астам ереже бұзғандар тіркеліпті. – Шағын бизнес секторында газ баллоны жабдығының жарылуы жиіледі. Елордада болған қайғылы оқиғалар біздің қызметкерлердің оларды жөнді тексер­мей­тінін көрсетті. Өйткені бұл нысандар бақыланбайды. Көптеген кәсіпкер осы тексеруден босату жеңілдік­терін пай­даланып, газ баллонын пайдалану мен өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзып отыр. Бұл кә­сіпкерлер азаматтардың өміріне қауіп төндіріп отырғанының айға­ғы, – деді министр. Қауіпті тек қауіпсіздік шарасын сақтамаудан іздемесек керек. Себебі газ толтырылған баллон­дардың кейбірі ақаумен келеді. Мәселен, газ толтыру барысында кәсіпорын баллонның тек 85 па­йызына құйып, қалған 15 пайызын бос қалдыруы тиіс. Алайда оны өлшеп жатқан ешкім жоқ, бал­лон­ның шегіне келтіріп газ құя салады. Соңғы жылдары өрт пен жа­рылыстың алдын алатын арнайы қондырғылар шықты. Кез келген үйге орнатуға мүмкін­дік қаралған. Аппарат газ ашық қалып немесе пештен шыққан уытты зат шығып жатса, шұғыл дабыл қағады. Бір қызығы, Төтенше жағдайлар ми­нистрлігі елімізде мұндай қондыр­ғылардың бар болғаны 118 мыңы қон­дырылғанын анықтапты. Айт­пақшы, елімізде көгілдір отынмен қамтылмаған аймақтар әлі көп. Елорда жанындағы елді мекен­дердің өзінде газ толық жоқ. Өткен жылы ғана жүргізіле бастады. Ондай жағдайда түрлі қажет­тілікке байланысты тұрғындар амалсыз газ баллондарын қолдануға мәжбүр бо­лары айтпаса да түсінікті. Көгілдір отын жетпеген соң бал­лондарға сұраныс та азаймайды. Яғни, мәселенің мәні тереңде жат­қан­дай. Әйткенмен, газ баллон­дарын қолданғанда қауіпсіздікті ұмыт қалды­ратын жандарды да кінәсіз деп айта алмаспыз.

Мадияр ТӨЛЕУ