Тұрағұлдың сүйегі зауыт астында қалған жоқ
Тұрағұлдың сүйегі зауыт астында қалған жоқ
171
оқылды

М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті «Мұхтартану» ғылыми орталығы ғалымдарының ізденісінің нәтижесінде хакім Абайдың Шымкентте жерленген перзенті Тұрағұл Ибраһимұлына қатысты тың дерек табылды.

1990 жылдары Мәкен Тұрағұлқызы әкесінің аты өшпесін  һәм тарихта мәңгі қалсын деген ниетпен мемориалды тақта жасатыпты. Бір ерекшелігі, ол мемориалды тақтада тек Тұрағұлдың ғана емес, Абайдың өзге де ұрпақтарының қай жылы, қай жерде жерленгені туралы ақпарат берілген. Біз осынау сүйінші жаңалықты естіген соң ғылыми орталыққа хабарласқанбыз. «Мұхтартану» ғылыми орталығының маманы Әзімхан Исабек біршама жай­дың бетін ашты.

Тұрағұл ма, Тураұл ма?

Ғылыми орталық қызметкерлері алды­мен Тұрағұлдың қандай еңбек сіңіргенін, кім екенін, ол туралы айтылмай жүрген деректер туралы жариялауды жөн көрді. «Фарабитанушы Ақжан Машанов: «Абай әдебиеттің шеңберіне сыймайды» депті.  Хакім кеткеннен кейін де ұрпақтары қилы заманның салдарынан тарыдай шашырап кетті. Сол ұрпақтарының бірі һәм бірегейі Әйгерімнен туған тұңғыш перзенті – Тура­ғұлдың  тағдыры. Алаш­танушы Мұратбек Кенемолдин «Турағұл» есіміне қатысты: «ұлы Абайдың өзі бұл ұлын «Тураұл» деп атаған екен де, ел ау­зында «Тұрағұл» болып кеткен» десе, Ба­ғашар  Тұрсынбайұлы: «Мұхтар Әуезов те, Қайым Мұхамедханұлы да Тураштың есі­мін «ұ» әрпімен Тұрағұл демей, «у» әрпімен Турағұл деп жазады. Кейінгі кезде ел ішін­де, жазу-сызудың айналасында жүрген жан­дардың көбі «Тұрағұл» деп жазатын болды. Біз де бір рет осылай деп жазға­ны­мызда, Семейдегі абайтанушы, Қайымның шәкірті Арап Еспембетовтен ескерту ал­дық. Турағұл тура жолдағы Алланың құлы деген мағына беретін ер есімі болса керек» деген пікірлер айтады. Осы ізбен біз де тұлғаның есімін «Тұрағұл» емес, «Турағұл» деп атауды жөн көрдік», – дейді ғылым магистрі Әзімхан Исабек.

Аманатқа адалдық,тастұғыр қалай табылды?

Сонымен, ғылым магистрі сүйінші хабардың мән-жайына тоқталды. «Шын­дығын айтқанда, Турағұл Ибраһимұлы жайлы былтырдан бері қатты ойланып, тол­ғанып келемін. Мүрдесі туралы осы күнге дейін көп айтылып та, жазылып та келеді. Тіпті, бір абайтанушылар тұлғаның сүйегі қор­ғасын зауытының астында деп жаңсақ пі­кір айтса, бір тобы «Химфарм» за­уыты­ның астында қалып қойды деп келеді. Міне, осы таласқа ақыры нүкте қойылды», – дейді ғалым. Ол Тұрағұл марқұмның дүние салар сәтінде жанында болып, өз қолымен жөнелткен қызы Мә­кен апаның ауызекі естелігін хатқа түсір­гендерін айтты. «Сол ес­телігінде: «Ағамның ба­сын­да өзім отырдым, 1934 жылы 6 нау­рыз күні менің қолымда қайтыс болды. Бір күні мен ағамның ауыр жағдайда жатқанын көріп, үстіне құладым: – Аға, сен де кетейін деп жатсың ба? – деп егілдім. Сол кезде жерде жатқан менің басымды көтеріп алып: «Сен мені өлмесін дегенің, қарғағаның ғой. Мен сенің қолыңда өліп алайын деп жатырмын, шырағым. Егер де сенің қолыңда өлмесем, онда мен түрмеде өлем, – деді», – депті Мәкен апа». Зерт­теуші осы естелікті негізге ала отырып зерт­теу жүргізуді бастағанын айтады.  «Саналы ұрпақ» клу­бы­ның жетекшісі Сакен Сағындық есімді жігіт­пен бірлесіп, Тә­уелсіздіктің 30 жыл­дығы аясында Тұра­ғұлға ауқымды зерттеу жүргізейік деген ниетпен арнайы жобаны қолға алдық. Филология ғылымдарының кан­дидаты, әдебиет­танушы, абайтанушы, ұстазым Ақжол Қал­шабек ғалым ретінде бұл мә­селеге ат­үсті қарауға болмайтынын айтып, зерттеу жұ­мыстарын жүргізу керегін ес­керткен болатын», – деді Әзімхан Исабек. Кейін зерттеушілерді «Химфарм» ак­цио­нерлік қоғамының әкімшілік менед­жері Бекен Жақыпбеков пен компания қыз­мет­кері Аян Тоқсанбаев шақырып, зауытта тоқсаныншы жыл­дардан бері Абай ұр­пақтарының есімі жазылған ерекше ме­мориалды тақтаның сақталып тұрғанын айтқан.  «Ал  «бұл қандай тақта, оның тарихы қандай?» дегенге келсек, 1994-1995 жыл­дары «Хим­фарм» зауытына кірген Мә­кен апа бұл туралы өзінің  әңгімесінде: «Мен Абайдың немересімін дегеннен кейін әлгі байғұс ба­лалар мені зауытқа кіргізді. Шымкентте Әубәкір (Ақылбайдың ұлы), ағам (әкесі – Т.Ибраһимұлы), Әубәкірдің әйелі Камалия, Микайлдің әйелі Дәмежан жатыр. Сол төртеуіне тас қоймақшы бол­дым. Өткен-кеткен әлгі тасқа Абайдың ұрпағы деп қарайды ғой», – дейді. Міне, перзенттің тілегі қабыл болып, сол кездегі мекеме басшылығы қаржы бөлдіріп, Шымкентте жерленген Абай ұрпақтарының есімі жазылған арнайы мемориалды тақ­таны жасап шығады. Ал бұл тақта мәселесі бізге әлі күнге дейін беймәлім болып кел­ген ерекше оқиға», – дейді ғалым. Сонымен бірге тақтада  Абай­дың: Жас қартаймақ, жоқ тумақ, туған өлмек, Тағдыр жоқ өткен өмір қайта келмек. Басқан із, көрген қызық артта қалмақ, Бір Құдайдан басқаның бәрі өзгермек, – деген өлеңімен қоса Абай Құнанбаевтың Шымкент қаласында жерленген үрім-бұтағы, оған қоса 4 адамның есімі, қай жылы, қай жерде жерленгені қазақ-орыс тілдерінде қашап жазылғанын атап өтті. Дәлірек айтқанда, тақтада былай көр­сетілген: Тұрағұл Абайұлы – Әйгерімнен туған. 1934 ж. ХФЗ аймағы. Келіндері: Дәмежан – Микайлдің әйе­лі. 1960 ж. Шұқырсай. Камалия – Әубәкірдің әйелі. 1962 ж. Қасқа зираты. Немересі: Әубәкір – Ақылбайдың ұлы. 1933 ж. Көксай Турагул Абайулы – сын Айгерим. 1934 г. Р-Н ХФЗ. Жены сыновей: Дамежан – жена Микайла. 1960 г. Шукырсай. Камалия – жена Аубакира. 1962г. К-ше Каска. Внук: Аубакир – сын Акылбая. 1933 г. Коксай.

Тұрағұлдың сүйегі зауыт астында ма, аумағында ма?

Ал осы күнге дейін айты­лып жүрген Тұрағұлдың сүйегі зауыт астында қалған деген деректерге тоқталған зерттеуші  бұл мәліметтердің  шындыққа  жанаспайтынын айтты. Ғалымдар  осы мәселені анықтау үшін сол жер­дің тұрғылықты адамдарынан сұрап көр­генде, зауыттың орнында өткен ғасыр­ларда ешқандай зират болмағанын анықтаған. Ал тақтада қашалып жазылған Абай ұрпақтары мен жерленген жері, тіп­ті ұлы ақынның өлеңіне дейін Мәкен Тұ­рағұлқызы берген деректер негізінде жа­зылған.  Яғни, мәрмәртаста «зауыттың ас­тында» емес,  «аймағында» деп жа­зылған. Бұл  – зираттың сол тө­ңіректерде болуы мүмкін екенін көрсетеді. Өйткені сол маңда орналасқан Әубәкірдің әйелі Ка­малия жерленген «Қасқа» зираты да өт­кен ғасырда «Химфарм» зауытының ай­мағы болып саналған. Зауыт орнында еш­қандай зират болмағанын, керісінше ол ме­кеменің 1880 жылдары салынғанын, ал Тұрағұлдың 1934 жылы қайтыс болғанын ескерсек, тұлғаның топырағы зауыт астын­да қалды деген сөз шындыққа жанаспауы мүмкін. «Біз осы уақытқа дейін Тұрағұл зауыт ас­­тын­да қалып қойды деп келдік. Алайда жағдай олай емес сияқты. Мәкен апамыз қателесуі мүмкін емес қой», – деді жет­кізді Әзімхан Исабек. Әрине, бұл деректер әлі де зерттеуді қажет етері сөзсіз. Егер Абай ұрпағының зираты  зауыт ғимаратының астында қалмаған болса, заманауи тәсілдер арқылы  оның жатқан жерін анықтау мүмкіндігі де туатын шығар.

Назгүл НАЗАРБЕК, Шымкент қаласы