Қоқысқа толған Көкшетау
Қоқысқа толған Көкшетау
111
оқылды

Көкшетауда кез келген көшеде қоқыс жәшіктері мен контейнерлер аузы-мұрнынан шыға толып тұрады. Жартысы кон­тей­нерлердің жанына бейберекет шашылатыны қалалықтар үшін үйрен­шікті жағдайға айналған. Айта-айта ауыз талғанымен, мәсе­ленің ше­шілер түрі әлі көрінбейді. Мұнымен қоса қаланың көпқабатты үй­лері­нің басым бөлігінің подъездері тас қараңғы. Кірген адам қолына қол­шам ұстап кірмесе, баспалдақты басамын деп сүрініп құлауы әбден мүм­кін. Аулалары тазартылмай, қары күрелмей қалған үйлер қатары қа­лың...

Көкшетау қаласының Құдайбер­диев көшесі 72 үйде тұрғындар тайлы-тұяғы қалмай жиналып, жылдар бойы қордаланған мәселені ашына айтты. Олардың айтуынша, жоғарыда атал­ған жағдай жылдар бойы әбден шегіне жеткен. Тұрғындар соңғы екі жылда ат­қарған жұмыстарына есеп бере кел­ген «Орда УК» жауапкершілігі шек­теулі серіктестігі төрағасының есін шығарды. Серіктестік төрағасы Нұрлан Исин тұрғындардың қарша бораған сауал­дарына жауап беріп, барынша қорға­нып баққан. Алайда әбден ашынған халық оған дүрсе қоя берді. Үш айдан бері компания жасауы тиіс қызметтерге толыққанды төлем жүр­гізгенімен, ком­пания ешқандай да қызмет көрсетпеген болып шықты.

Қоқыс толып тұр, бірақ аула сыпырушысы жоқ!

Тұрғындар аула сыпырушысының болмауы жалақының аздығынан және уақытында төленбеуінен деп санайды. Бірақ компанияның төрағасы Нұрбол Исин мәселені аула сыпырушының зейнетке шығып кетуімен түсіндірмек болды. «25 мың теңге... Мұны осындай ауыр жұмыстар үшін лайықты жалақы деп санайсыз ба? Бұл, тіпті масқара ғой, айтуға ұят! Сіз адамның еңбегін бағаламай тұрсыз. Аулада тазалық пен тәртіптің болуы осы аула сыпырушы­сына тікелей байланысты емес пе? Әри­не, мұндай жалақы үшін сізге еш­кім де келмейді. Ең төменгі жала­қы­ның өзі қазір 42 500 теңге емес пе?! – деді тұрғындардың бірі. Ал Нұрбол Исиннің айтуынша, 25 мың теңге – бұл тек бір ауланы тазарту үшін ғана берілетін ақы. Ал аула сыпырушы осындай бес ауланы тазарта алады. Сонда оның жалақысы да 70-80 тіпті одан жоғары сомаға ай­налады. Компания басшысы бекітіл­ген шаршы метрге байланысты жа­лақы жүретінін айтады. «Желді күн­дері тіпті сұмдық болады. Қоқыс контейнеріндегі қолқа­ны қабатын қоқыстар жан-жаққа ұша­ды. Ұзақ тұрып, іріп-шіріген қоқыс­тардан сасық иіс шығады. Бұл түрлі аурулар таратпайтынына ешкім кепіл­дік бере алмайды ғой», – дейді тұрғын­дар. Жиынға қатысқан тұрғындарды тағы бір мәселе алаңдатады екен. Олардың айтуынша, жақын маңдағы гүл сататын дүкен сатушылары толған қоқыстарын қоқыс бактарына толтыра салады. Ал қоқыс контейнерлері тұр­ғын үйлерге тиесілі. Бұл тұрғындардың да, ком­па­ния басшысының да ашуын туғызған. Аталған заңбұзушылықтар үшін ком­пания бірнеше мәрте айып­пұл да тө­лепті. «Біздің ауданда 4 көпқабатты үй мен 8 қоқыс контейнері бар. Мұ­нымен қоса тағы екі үйдің тұрғын­дары біздің қоқыс контейнерлеріне тасиды. Өйт­кені қоқыс контейнерлері жақын орна­ласқан. Оған гүл сатушы­лар­ды қосы­ңыз. Олар қағаз қорап­тарымен толты­рып тастайды», – дейді тұрғындар. Мәселе осыған дейін де көтерілген. Өткен жылдың мамы­рында және осы жылдың ақпанында Нұрбол Исин Көк­шетау қаласының тұрғын үй-комму­нал­дық шаруашылық бөлімінің басшы­сы Юрий Шидлов­скийге және Ақмола облысы Полиция департаментінің бас­шысы Арманбек Баймұрзинге ша­ғым­данған. Өз ары­зында компания тө­рағасы бактарға қоршауды қарас­тыруды, сонымен қатар аула аумақтары мен подъездерде бейнебақылау орнату мәселелерін көтерген. Мұнымен қоса, тұрғын үй иелері бұлтты бейнебақылау қызметі­нен де құралақан қалған. Бұл үшін олар пәтер иелері кооперативіне ұжымдық өтініш беріп, ал ПИК оны «Қазақтелеком» акционерлік қоғамы­на жіберуі тиіс екен. Осылайша, тұр­ғын­дар нақты уақыт режимінде по­дъезде және аула аумағында не жағдай болып жат­қанын қадағалай алатыны айтыл­ған.

Қараңғы түнектегі тірлік

Тұрғындарды алаңдатқан тағы бір өткір жайт үйдің төрт подъезінде бірдей жарық жоқ. Жағдай айдан астам уақыт болса да, түзетілмеген. Көзге түртсе көргісіз тас қараңғыда адамдар құлап-сүрініп, сипалай жүріп, үйден әрең шығады. Көпшілік қолындағы смарт­фонының жарығына сүйенеді екен. Жиында аталған мәселе де қозғал­ғаны­мен, компания бас­шы­сы қуанышты жаңалық айта алмады. Өйткені бас­қарушы компания бас­шысы КРЭК-ке өтінішті кеш өткізген және жаңа ере­желер пайда болған. Ал 2022 жылдың 1 шілдесінен пәтер иелері кооператив­терінің орнына ОСИ, яғни әрбір үй бір шоты және бір бірлестік қағидасымен жұмыс істемек. Былайша айтқанда, әр үй өз қотырын өзі қасымақ. Техникалық шарт жасау үшін ком­пания басшысы 56 мың теңге төлеген. Енді жобаның өзіне тағы тапсырыс беруі керек. Бұл үшін тағы 40 мың теңгеге шығындалуы тиіс. «Үйге кіретін СТП кабельдерін ауыс­тыру қажет. Оның тұрғанына 25 жыл өткен. Үйге жаңа ортақ есептегіш орна­тылады. Сондай-ақ үш тоқ транс­форматоры бо­лады.  Жертөлелер мен подъездерге төлеймін. Қалғанын тұрғындар өз қал­та­ларынан төлеуі тиіс. Алайда келетін және кететін­ айырма­шылық­тардың бәрін маған төлеу қажет бола­ды», – дейді Нұрбол Исин. Жалпы, тұрғын үйде 8 подъезд болса, соның төртеуінде жарық жоқ. Мұнымен қоса қалада көп үйлердің подъезі ашық-шашық жатады. Өйт­кені жасалған «домофон» кілттерінің көбі ұрланып, кейбіреуі істен шыққан. Бұл сол үйлерде ұрлықтың, сондай-ақ бел­гілі тұрағы жоқ қаңғыбастардың еркін кіріп, жылынып, ұйықтауына негіз болыпты. Тұрғын үйлердің жертөлелеріндегі тазалық пен тәртіпті сақтау пәтер ие­лері кооперативтерінің тікелей мін­деті екені рас. Бірақ тұрғындардың ай­туынша, жертөлеге кіру мүмкін емес. Тіпті, үйге алыстан борсыған, қолқаны қабатын жағымсыз иіс шығады. Ал тұрғындар басқарушы компания құ­быр­ларды ауыстырғанымен ақша­ның қайда кеткенін білмей дал. Төраға көк­темнің соңында жертөлені тәртіпке келтіруге уәде берген. Басқарушы компаниямен жасал­ған келісімшартпен де таныстық. Онда 2 метр тұрбаның фирманың есебінен орнатылатыны тайға таңба басқандай етіп көрсетіліпті.  «Біздің компания қаладағы 20 көпқабатты үйге қызмет көрсетеді. Олардың көп­шілігі «авто­городок» шағынауданында орналасқан. 4 сантехник маманы жұмыс істейді», – деді Нұрбол Исин. Үйлер қаланың әр аумағында орна­ласқандықтан 4 сантехниктің ешқайда жетпейтіні түсінікті. Яғни, бір үйлерде құбыр жарылса, адамдар өздері қаражат төлейтін сантехникті ұзақ күтуіне тура келеді. Оның орнына ақылы болса да, басқа адамдарды шақырту жыл­дамырақ. Оның өзінде жақсы маман келіп жөндеп беретініне ешкім кепілдік бере алмайды. Жиын біршама уақытқа созыл­ғанымен, екі ортада нақты мәселелер шешілген жоқ. Жиынға қалалық әкімдік өкілдері шақырылғанымен, олар келмеген. Тұрғындар мен компа­ния төрағасына әлі де болса келісіп, мәселені бірлесіп шешкен жөн болар...

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы