Көкшетауда кез келген көшеде қоқыс жәшіктері мен контейнерлер аузы-мұрнынан шыға толып тұрады. Жартысы контейнерлердің жанына бейберекет шашылатыны қалалықтар үшін үйреншікті жағдайға айналған. Айта-айта ауыз талғанымен, мәселенің шешілер түрі әлі көрінбейді. Мұнымен қоса қаланың көпқабатты үйлерінің басым бөлігінің подъездері тас қараңғы. Кірген адам қолына қолшам ұстап кірмесе, баспалдақты басамын деп сүрініп құлауы әбден мүмкін. Аулалары тазартылмай, қары күрелмей қалған үйлер қатары қалың...
Көкшетау қаласының Құдайбердиев көшесі 72 үйде тұрғындар тайлы-тұяғы қалмай жиналып, жылдар бойы қордаланған мәселені ашына айтты. Олардың айтуынша, жоғарыда аталған жағдай жылдар бойы әбден шегіне жеткен. Тұрғындар соңғы екі жылда атқарған жұмыстарына есеп бере келген «Орда УК» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі төрағасының есін шығарды. Серіктестік төрағасы Нұрлан Исин тұрғындардың қарша бораған сауалдарына жауап беріп, барынша қорғанып баққан. Алайда әбден ашынған халық оған дүрсе қоя берді. Үш айдан бері компания жасауы тиіс қызметтерге толыққанды төлем жүргізгенімен, компания ешқандай да қызмет көрсетпеген болып шықты.Қоқыс толып тұр, бірақ аула сыпырушысы жоқ!
Тұрғындар аула сыпырушысының болмауы жалақының аздығынан және уақытында төленбеуінен деп санайды. Бірақ компанияның төрағасы Нұрбол Исин мәселені аула сыпырушының зейнетке шығып кетуімен түсіндірмек болды. «25 мың теңге... Мұны осындай ауыр жұмыстар үшін лайықты жалақы деп санайсыз ба? Бұл, тіпті масқара ғой, айтуға ұят! Сіз адамның еңбегін бағаламай тұрсыз. Аулада тазалық пен тәртіптің болуы осы аула сыпырушысына тікелей байланысты емес пе? Әрине, мұндай жалақы үшін сізге ешкім де келмейді. Ең төменгі жалақының өзі қазір 42 500 теңге емес пе?! – деді тұрғындардың бірі. Ал Нұрбол Исиннің айтуынша, 25 мың теңге – бұл тек бір ауланы тазарту үшін ғана берілетін ақы. Ал аула сыпырушы осындай бес ауланы тазарта алады. Сонда оның жалақысы да 70-80 тіпті одан жоғары сомаға айналады. Компания басшысы бекітілген шаршы метрге байланысты жалақы жүретінін айтады. «Желді күндері тіпті сұмдық болады. Қоқыс контейнеріндегі қолқаны қабатын қоқыстар жан-жаққа ұшады. Ұзақ тұрып, іріп-шіріген қоқыстардан сасық иіс шығады. Бұл түрлі аурулар таратпайтынына ешкім кепілдік бере алмайды ғой», – дейді тұрғындар. Жиынға қатысқан тұрғындарды тағы бір мәселе алаңдатады екен. Олардың айтуынша, жақын маңдағы гүл сататын дүкен сатушылары толған қоқыстарын қоқыс бактарына толтыра салады. Ал қоқыс контейнерлері тұрғын үйлерге тиесілі. Бұл тұрғындардың да, компания басшысының да ашуын туғызған. Аталған заңбұзушылықтар үшін компания бірнеше мәрте айыппұл да төлепті. «Біздің ауданда 4 көпқабатты үй мен 8 қоқыс контейнері бар. Мұнымен қоса тағы екі үйдің тұрғындары біздің қоқыс контейнерлеріне тасиды. Өйткені қоқыс контейнерлері жақын орналасқан. Оған гүл сатушыларды қосыңыз. Олар қағаз қораптарымен толтырып тастайды», – дейді тұрғындар. Мәселе осыған дейін де көтерілген. Өткен жылдың мамырында және осы жылдың ақпанында Нұрбол Исин Көкшетау қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Юрий Шидловскийге және Ақмола облысы Полиция департаментінің басшысы Арманбек Баймұрзинге шағымданған. Өз арызында компания төрағасы бактарға қоршауды қарастыруды, сонымен қатар аула аумақтары мен подъездерде бейнебақылау орнату мәселелерін көтерген. Мұнымен қоса, тұрғын үй иелері бұлтты бейнебақылау қызметінен де құралақан қалған. Бұл үшін олар пәтер иелері кооперативіне ұжымдық өтініш беріп, ал ПИК оны «Қазақтелеком» акционерлік қоғамына жіберуі тиіс екен. Осылайша, тұрғындар нақты уақыт режимінде подъезде және аула аумағында не жағдай болып жатқанын қадағалай алатыны айтылған.Қараңғы түнектегі тірлік
Тұрғындарды алаңдатқан тағы бір өткір жайт үйдің төрт подъезінде бірдей жарық жоқ. Жағдай айдан астам уақыт болса да, түзетілмеген. Көзге түртсе көргісіз тас қараңғыда адамдар құлап-сүрініп, сипалай жүріп, үйден әрең шығады. Көпшілік қолындағы смартфонының жарығына сүйенеді екен. Жиында аталған мәселе де қозғалғанымен, компания басшысы қуанышты жаңалық айта алмады. Өйткені басқарушы компания басшысы КРЭК-ке өтінішті кеш өткізген және жаңа ережелер пайда болған. Ал 2022 жылдың 1 шілдесінен пәтер иелері кооперативтерінің орнына ОСИ, яғни әрбір үй бір шоты және бір бірлестік қағидасымен жұмыс істемек. Былайша айтқанда, әр үй өз қотырын өзі қасымақ. Техникалық шарт жасау үшін компания басшысы 56 мың теңге төлеген. Енді жобаның өзіне тағы тапсырыс беруі керек. Бұл үшін тағы 40 мың теңгеге шығындалуы тиіс. «Үйге кіретін СТП кабельдерін ауыстыру қажет. Оның тұрғанына 25 жыл өткен. Үйге жаңа ортақ есептегіш орнатылады. Сондай-ақ үш тоқ трансформаторы болады. Жертөлелер мен подъездерге төлеймін. Қалғанын тұрғындар өз қалталарынан төлеуі тиіс. Алайда келетін және кететін айырмашылықтардың бәрін маған төлеу қажет болады», – дейді Нұрбол Исин. Жалпы, тұрғын үйде 8 подъезд болса, соның төртеуінде жарық жоқ. Мұнымен қоса қалада көп үйлердің подъезі ашық-шашық жатады. Өйткені жасалған «домофон» кілттерінің көбі ұрланып, кейбіреуі істен шыққан. Бұл сол үйлерде ұрлықтың, сондай-ақ белгілі тұрағы жоқ қаңғыбастардың еркін кіріп, жылынып, ұйықтауына негіз болыпты. Тұрғын үйлердің жертөлелеріндегі тазалық пен тәртіпті сақтау пәтер иелері кооперативтерінің тікелей міндеті екені рас. Бірақ тұрғындардың айтуынша, жертөлеге кіру мүмкін емес. Тіпті, үйге алыстан борсыған, қолқаны қабатын жағымсыз иіс шығады. Ал тұрғындар басқарушы компания құбырларды ауыстырғанымен ақшаның қайда кеткенін білмей дал. Төраға көктемнің соңында жертөлені тәртіпке келтіруге уәде берген. Басқарушы компаниямен жасалған келісімшартпен де таныстық. Онда 2 метр тұрбаның фирманың есебінен орнатылатыны тайға таңба басқандай етіп көрсетіліпті. «Біздің компания қаладағы 20 көпқабатты үйге қызмет көрсетеді. Олардың көпшілігі «автогородок» шағынауданында орналасқан. 4 сантехник маманы жұмыс істейді», – деді Нұрбол Исин. Үйлер қаланың әр аумағында орналасқандықтан 4 сантехниктің ешқайда жетпейтіні түсінікті. Яғни, бір үйлерде құбыр жарылса, адамдар өздері қаражат төлейтін сантехникті ұзақ күтуіне тура келеді. Оның орнына ақылы болса да, басқа адамдарды шақырту жылдамырақ. Оның өзінде жақсы маман келіп жөндеп беретініне ешкім кепілдік бере алмайды. Жиын біршама уақытқа созылғанымен, екі ортада нақты мәселелер шешілген жоқ. Жиынға қалалық әкімдік өкілдері шақырылғанымен, олар келмеген. Тұрғындар мен компания төрағасына әлі де болса келісіп, мәселені бірлесіп шешкен жөн болар...Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы