Жамбыл облысы Қордай ауданына алғашқы гуманитарлық көмек жеткізілді, – деп хабарлайды «Хабар 24». Телеарнаның хабарлауынша, қазір ауданда жағдай қалпына келіп жатыр. Құқыққорғау органдары, Ұлттық ұлан сарбаздары, төтенше жағдай саласының қызметкерлері тыныштықты күзетіп тұр. Сортөбе ауылына алғашқы гуманитарлық көмек келіп жеткен. Оны Жамбыл ауданы Жалпақтөбе ауылының тұрғындары ерікті түрде жинаған. 5 тонна ұн, 1,5 тонна май, 2 тонна қант, 2 тонна күріш, балаларға жаялықтар, жылы киімдер, 10 мың дана дәрі-дәрмек штабқа түсірілді. «Енді, қажет болған жағдайда көмекке мұқтаж жандарға тарату шаралары ұйымдастырылады. Бүгін кешке дейін тұрғындар тарапынан қосымша тағы 10 тоннаға жуық азық-түлік, тұрмысқа қажетті заттар жеткізіледі деп күтілуде. Сондай-ақ бүгін мектеп, балабақшалар жұмыс істей бастайды. Кеше білім ошақтары мен мектепке дейінгі білім мекемелері балаларды қабылдауға әзірленді. Қазір аудандық білім бөлімінің мамандары мектептерді аралап, жағдайды көріп шығады», – деп хабарлайды «Хабар 24».