ШҚО-да мектеп асханасында уланған балалар саны 82-ге жетті

ШҚО-да мектеп асханасында уланған балалар саны 82-ге жетті

Ұлан ауданындағы Бозанбай орта мектебі оқушыларынан денсаулық жағдайларына байланысты жаппай шағым түсті. Балалардың дене қызуы көтеріліп, жүректері айнып, құсып, іштері өткен. Бұл туралы облыс әкімі Даниал Ахметовтің Instagram-дағы парақшасында хабарлады.

18 наурыз күні сағат 19:00-де Бозанбай орта мектебінде мектеп асханасында оқушылардың жаппай улануы тіркелді. 48 баладан түскен шағымнан кейін мектеп карантинге жабылды. Балалар қашықтықтан оқытуға көшірілді.
«82 оқушы көмек сұрады. Оның 36-сы Өскемен қаласындағы «Ана мен бала» орталығына жатқызылды. Балалардың жағдайы тұрақты, дәрігерлердің бақылауында. Алдын ала диагноз – жіті ішек инфекциясы», – деп жазды облыс әкімі.
Кешеден бастап оқиға орнында арнайы комиссия жұмыс істеп жатыр. Оның құрамында облыстың бас педиатры, эпидемиолог, инфекционист, санитариялық-эпидемиологиялық бақылау қызметінің мамандары бар.
«Мектеп асханасында тамақтануды жеке кәсіпкер – жалға алушы ұйымдастырды. Қылмыстық кодекстің 304-бабы 1-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Әрине бұл оқиға уәкілетті органдар тарапынан тамақтандыруды ұйымдастыруды жүйелі бақылаудың болмауының салдары. Сондықтан бүгін барлығы жауапкершілікке тартылады», – деп жазды Даниал Ахметов.
Бұл оқиғадан кейін облыста барлық мектеп, мектепке дейінгі мекемелерді, сондай-ақ арнаулы әлеуметтік қызмет көрсететін ұйымдарды тексеру басталады.