Жексенбі күні болған қатты желдің салдарынан Түркістан облысы Төлеби ауданында орналасқан «Жыланбұзған» жалпы орта мектебінің шатыры түгелдей ұшып кетті.
Төтенше жағдай жексенбіде орын алғандықтан, ғимаратта күзеттен өзге ешкім болмаған. Абырой болғанда, зардап шеккендер жоқ, деп хабарлайды Төлеби ауданының баспасөз қызметі.
Аптаның алғашқы күні шатыры ұшқан мектепті қалпына келтіру жұмыстарына Төлеби ауданының әкімі Бауыржан Омарбековтің басшылығымен шұғыл комиссия құрылып, келтірілген шығын есептеліп жатыр. Қазіргі таңда көрші Сұлтан-Рабат мектептерінен келген еріктілер шатыр қалдықтарын жинастыру жұмыстарына кірісіп кеткен. Әзірге, мектеп оқушылары көрші ауылдың білім ұясына 1 аптадай қатынап, оқитын болады. Ол үшін аудандық білім бөлімі тарапынан тасымал да ұйымдастырылмақ.
Айта кетейік, 300 орындық «Жыланбұзған» жалпы орта мектебі 2014 жылы пайдалануға берілген. 5 жылға дейін құрылысын жүргізген мердігер компанияның кепілдік мерзімінің аяқталуына байланысты, табиғи апаттан келтірілген шығын аудан бюджетінен қарастырылатын болады.
Назгүл НАЗАРБЕК, Шымкент қаласы