Жылыжайдан 1,5 тонна қияр ұрлап кеткен

Жылыжайдан 1,5 тонна қияр ұрлап кеткен

Түркістан  облысының полицейлері 1 жарым тонна қияр ұрламақ болған күдікті азаматты қылмыс үстінде ұстады, – деп хабарлады Polisia.kz. Түркістан облысының Ордабасы аудандық ішкі істер бөліміне жергілікті тұрғын келіп, жылыжайында өсіп тұрған қиярлары ұрланғанын айтқан. Ұрланған қиярдың салмағы 1500 келіні құрап, жәбірленушіге 1 миллион 500 мың теңге шығын келген. Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 188-бабы «Ұрлық» бойынша сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіліміне тіркеді. Болған оқиға бойынша жедел тергеу тобы құрылып, қылмыстық істі ашу мақсатында бірден іске кіріскен. Осы жайтқа қатысы бар Өзбекстан Республикасының азаматы ұсталып, бөлімшеге жеткізілді. Тергеу барысында күдікті жас азаматтың қияр өсіретін жылыжайында жұмыс істейтіні белгілі болды. Сондай-ақ полицейлер күдікті азаматтың қылмысқа қатысы бар 4 сыбайласы барын анықтады. Олар да өзге елдің азаматтары. Күдіктілер салмағы 1 жарым тонна болатын қиярды жеке-жеке қапқа салып сатпақ болған.