Алматыда 10 мыңнан астам алимент төлеуші борышын өтеуден жалтарып, жауапкершіліктен қашып жүр. 120 адамның қарызы миллиард теңгеден асып жығылған. Отбасын тастап кеткен азамат ай сайын бір балаға еңбекақысының немесе өзге табысының төрттен бірін, екі балаға – үштен бір бөлігін, ал үш және одан көп балаға табысының жартысын аударып отыруға міндетті. Бұл жоғары жалақы алатындар үшін анау айтқандай қиындық тудыра қоймас. Ал айлық ақшаны шайлық қажетіне жеткізе алмай жүргендер мен тұрақты жұмысы жоқтар үшін бұл оңай нәрсе емес. Баланы асырау, бағып-қағып өсіру, тәрбие беру – әрбір ата-ананың басты міндеті. Бұл заңмен бекітілген. Ата-ана заңды некеде, азаматтық некеде немесе ажырасқан болса да, осы міндет бәріне ортақ. Өкінішке қарай, кейде неке бұзылып, баланы тек анасы немесе әкесі күтіміне алады. Мұндай жағдайда баланы асырап отырған тарапқа екінші жақ алимент төлеуге міндетті. Қазіргі таңда елімізде 202 мыңнан аса адам алимент төлейді. Оның 197 мыңға жуығы ер-азаматтар болса, қалғаны – әйел. Өкініштісі, кейінгі жылдары жатырын жарып шыққан өз баласынан жеріген көкек аналардың қатары көбейіп келеді. Қанымызда жоқ мұндай қасиеттің пайда болғаны алаңдайтындай-ақ ахуал. Еліміз бойынша соңғы 5 жылда алимент төлеуден жалтарған 500-ге жуық адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Дегенмен олардан сабақ алып жатқандар шамалы. «Алимент төлемейтіндерге қойылатын талап, жаза қатаң болса олар төлемнен жалтара алмас еді. Заң осал болған соң олар әкімшілік жауапкершіліктен қорықпайды, білгенін істеп тайраңдайды. Сол үшін заң талаптарын күшейту керек», – дейді заңгер Полина Габдрахманова. Тап осы адвокаттың қорғауындағы Юлия Бахтина да 2015 жылдан бері бұрынғы күйеуі Андрей Бахтиннен екі баласы үшін алимент ала алмаған. Сол кезден бері сотқа берсе де, арызы қаралмай, 9 рет ресми тоқталып келген. Таяуда жәбірленуші тараптың адвокаты Полина Габдрахманова мен Жетісу аудандық полиция бөлімшесінің қызметкерлері борышкердің екі жерде ресми емес жұмыс істейтінін анықтады. Нәтижесінде, Алматы қаласының ювеналды соты Бахтинді 139-бап бойынша кінәлі деп танып, оны 1 жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шықты.
Статистикалық мәлімет бойынша, алимент өндіруге шыққан әрбір төртінші сот шешімі орындалмай, аяқсыз қалады екен. «Мүлкі болса тәркілеп, көлігі болса оны аукционмен сатып, ақшасын алушыға өндіріп береміз. Ал олардың мүлкі болмаса қиын. Сол себепті оларды жұмысқа орналастыру жағы ойластырылады», – дейді қалалық Әділет департаментінің бас маманы Әнуар Жексенов. Алимент төлемей жалтарып жүргендер көп болған соң оны өндіріп беру үшін түрлі шаралар да ұйымдастырып келеді. Мәселен, Жетісу ауданы прокуратурасы жол полициясы қызметкерлерімен және Алматы қаласының жеке сот орындаушыларымен бірлесіп өткен айда «Алиментті төле» және «Борышкер» акциясын өткізді. Акция барысында борышкерлердің 16 автокөлігі ұсталып, 2 миллион теңгеден астам қарыз төленді. Оның ішінде өткен жылдың 14 қарашасында рейдті жүргізу барысында алимент төлеушілер 1 миллион теңгеге жуық ақша төлеген. Қазіргі таңда алиментті борышкердің ата-анасынан өндіріп алу, алиментті төлеп беретін қор құру туралы да мәселе көтеріп келеді. Былтыр Алматы қаласы әкімінің бұрынғы орынбасары, қазіргі таңда Еңбек және халықты әлеуметті корғау вице-министрі қызметін атқарып отырған Ерлан Әукенов Алматыда алимент төлемейтіндерді қамайтын орын ашылатынын айтып қалған. Қалай дегенде мәселе ушығып тұр. Бала алдындағы ата-ананың міндеті тек алиментпен шектелмейтінін ұқпайтындардың қатары көбейіп келе жатқаны қынжылтады.Борышкерлер тиісті төлемді төлемеудің түрлі айла-шарғысын жасап бағады. Олар тұрғылықты мекенжайын жиі ауыстырады. Жұмыс берушілермен келісіп, жалақы мөлшерін жасырады. Бұл жағдайды қиындата түседі. Расында, төлем жасамай келгендердің басым бөлігі тұрақты жұмысы жоқтар. Олардың арасында жұмысқа тұруға әрекет жасап, тиісті төлемді төлеуге талаптанатындар да бар. Мәселен, Алматы қаласындағы Алатау аудандық прокуратура қызметкерлері алимент төлеушілерді жұмысқа орналастыруға көмектесіп келеді. Соның арқасында борышкерлер саны біршама азайған. Желтоқсан айындағы мәлімет бойынша 102 адам болған. Алайда олардың ортақ сомасы 18 миллион теңгеге жетіп отыр. Ауданда уәкілетті органдармен бірлесіп жұмыс беру жәрмеңкесі ұйымдастырылып тұрады. Жәрмеңке арқылы жұмысқа тұрып, алимент бойынша қарыздарын қайтарып жатқандар бар. Мұндай тәжірибені қазіргі таңда еліміздің басқа өңірлері де қолдана бастағаны байқалады.