Теннисшілеріміз сәтті өнер көрсетті
Теннисшілеріміз сәтті өнер көрсетті
98
оқылды

Қазақстандықтар Әмір Омарханов пен Зара Дәркен жұптық сында Минскіде Tennis Europe Junior Tour сериясы бойынша жасөспірімдер арасында өткен халықаралық турнирде сәтті өнер көрсетті.

Қазақстан теннис федерациясы мәлім еткеніндей, жарысқа Беларусь қана емес, сондай-ақ басқа да көп­теген елден 14 жас және одан кіші спортшылар қатысты. Ә.Омарханов Беларусь өкілі Руслан Костю­кевич­пен бірге алғашқы кездесулерінде турнирдің 2-ракеткалары, ресей­лік­тер Егор Горин мен Илья Мальцевті 6:3, 0:6, 10:7 есебімен тізе бүктіріп, айды аспанға шығарды. Ширек фи­налда армениялық Микаэл Аванесян мен беларусьтік Станислав Буль­бянковты 6:2, 6:2 есебімен ұтты. Жар­тылай финалда Ә.Омарханов пен Р.Костюкевич чехиялық Жозеф Седлар мен ресейлік Максим Власовты жолдан тайдырды – 6:7 (5), 6:2, 10:5. Тек финалда ғана доданың 1-ракеткалары, ресейліктер Тимофей Дерепаско мен Егор Плешивцевке 4:6, 5:7 есебімен есе жіберді. Қыздар арасында германиялық Анастасия Нестеровичпен жұп құрған З.Дәркен де финалға дейін жетті. Қазақ­стандық-германиялық жұп әуелі украиналық Стефания Пушкарь мен қазақстандық Софья Исакованы жеңді – 6:3, 7:5. Ширек финалда жарыста 4-ракетка болып тіркелген ресейліктер Анастасия Рожкова мен Анна Снегиревадан басым түсті – 6:4, 6:2. Жартылай финалда қарсы­ластары кортқа шықпағандықтан, соңғы сынға жолдама алған З.Дәркен мен А.Нестерович финалда тур­нирдің 1-ракеткалары, ресейліктер Дарья Бочкова мен Ксения Смир­новаға тартысты матчта 5:7, 4:6 есе­бімен жол берді. Осылайша, Қазақ­стан жасөспірімдер құрамасының мүшелері Ә.Омарханов пен З.Дәркен халықаралық турнирде екінші жүл­деге ие болды.

Әбілмансұр ЖАСАН