Көлге айналған стадион «жыры»
Көлге айналған стадион «жыры»
140
оқылды

Футболдан Қазақстан чемпионаты басталысымен-ақ сынның астында қалды. 39 миллион долларға салынған «Түркістан Арена» стадионының алғашқы турдағы ойын кезінде көлге айналғаны, ойыншыларға кедергі жасағаны жанкүйерлердің ашу-ызасын туғызды. Ал нысанды салған құрылыс қомпаниясының өкілдері бұл олқылықты ауа-райының қолайсыздығымен байланыстырып отыр.

Қазақстан кәсіпқой футбол лига­сының басшысы Олжас Абраев та «Тұран» мен «Астана» арасында өт­кен кездесудегі  жағдайдың үлкен сабақ  екенін, мұндай олқылықтарды бол­дыр­мау мақсатында жұмыс іс­тейтінін тілге тиек етті. – Аталған ойын отандық футбол­дың беделін түсірді. Болған жағдай үшін футбол мамандары мен фут­болсүйер қауымның алдында кешірім сұраймын. «Түркістан Аренадағы» жағ­­дай барлығымызды қынжылтты. Жуырда «Астана» футбол клубының бас­шылығы БАҚ-та ойынды ауыс­тыру туралы өтініш жасағаны туралы ақпарат таратты. Мен клуб өкіл­де­рі­мен телефон арқылы келіссөздер жүр­гізілгенін растаймын. Бұл әңгіме­лер барысында ойынды басқа мер­зімге ауыстыру туралы шешім төре­шілер бригадасы және команда өкіл­­дерінің кездесуімен өтетін ортақ жиын­да қабылдануы керек екенін айттым. Алаңды тексеру барысында қос команда тарапынан ойынды басқа мерзімге ауыстыру туралы пікір айтылмады. «Астана» футбол клубы өкілдерінің лиганы кінәлауы біз үшін түсініксіз жағдай, себебі аталмыш арнайы жиында клуб өкілдері ойын­ды өткізуге келісім берді.Біз «Түркіс­тан Арена» стадионында болған жағдайға қатысты жауапкершіліктен бас тарт­паймыз, – деді Олжас Абраев. Бұл мәселені халық қалаулылары да қызу талқылап жатыр. Мәжіліс депутаты Азат Перуашев стадион құрылысына қатысты тексеріс жүр­гізу керек екенін тілге тиек етті. – Түркістанның суға толған жаңа стадионы қатты талқылануда. Ол 39 миллион долларға бой көтерген дей­ді. Біздің партия облыстық Спорт бас­қармасына осы стадионның құ­рылысына «нақты қанша қаржы кетті?» деген сауал жолдады. Өзге де олқы­лық­тар бар сияқты. Сондықтан оның құры­лысы мен жұмысын тағы тек­серу керек, – деді Перуашев. Ал BI Group компанияcының өкілі Дархан Тоғаев құрылыс ком­паниясы нысанның талапқа сай еке­­нін алға тартады. Кем-кетігін уа­қыт өте түзейміз деп уәде берді. «Біз­дегі дренаж жүйелері жұмыс істеп тұр. Біз оны тексердік. Жаң­бырдан кейінгі болған жағдайлардың кемшіліктерін түзейміз» деп ақталды. Біздің футболда былық көп еке­нін алға тарқан спорт журналисі Фараби Әбдіхалық стадионға жары­маған қазақ футболының жағдайы спорттық инфрақұрылымды дамыт­пай жақсар­майтынын жеткізді. – «Түркістан Аренадағы» жасыл алаң сапасының «сырты бүтін, іші түтін» екеніне көз жетті. Бір апта бұрын, ауа райы футбол ойнауға қо­ла­­йлы болып тұрған кезде сапасы жақ­сы көрінген. Бірақ нөсерлетіп жаң­быр жауып еді, аренадағы жасыл алаңның қара жерден айырма­шылығы жоқ екенін көрсетіп берді. Алаңның жағдайын көріп тұрып сол күні ойын­ды өткізуге рұқсатын берген адамдарға да таңым бар. – дейді Фараби Әбді­халық. Қалай дегенмен де, бұл мәселе жабулы қазан күйінде қалмай, толық тексеріліп, мәселенің неден туын­дағаны анықталып, оған кінәлілер жауапқа тартылуы керек. Түркістан облыстық Спорт және дене шынық­тыру басқармасының басшысы Қанат Жолдақараев дренаждардың талапқа сай не сай емес екенін, қан­дай кем­шілік­тер кеткенін анықтау үшін ар­найы комиссия құрылғанын хабар­лады. Стадион әзір жабылған жоқ, бірақ жөндеу жұмыстары біт­кенше ешқандай ойын өткізілмейтін болды. Қазір прокуратура «Түркістан Арена­ны» тексеру жұмыстарын бас­тап кетті. 39 миллион долларға са­лын­ған су жаңа стадионға қатысты қан­дай шешім қабылданғанын ал­дағы уақытта білетін боламыз.

Абылайхан ЖҰМАШ