Жаңа мамандықтар дәуірі
Жаңа мамандықтар дәуірі

Қазір еңбек нарығы жаңа арнаға бет бұрды. Бірақ заңдылық баяғыдай. Кім көп еңбек етсе, табысы да соған сай. Екі-үш жұмысты қатар алып жүргендер жетерлік. Ал кәсіп бастаған­дардың арасында кәсібін өрге домалату үшін түрлі курс оқу дәстүрі қалыптасқан. Кейбірі өзгенің кәсібін жүргізу арқылы пайда тауып жүр. Мұны заманауи тілде интернет маркетолог маманы деп атаймыз. Бұдан басқа тағы қандай жаңа мамандық түрі бар? Бірге зерттеп көрелік.

Кәсібім дөңгелесін десеңіз

Тігінші Нұргүл Қанатқызы кәсібін 2 жыл бұрын бастаған. Бірақ айлық табысы 100 мың теңгеден көтерілмеген. Кәсібі туралы білгісі келетіндер көбейгенімен, сатып алғандар сирек. Содан ол сату ісін зерттей бастаған. Нәтижесінде, интернет маркетологияны меңгеріп жатыр. Оның айтуынша, сала туралы курсты толық аяқтамаған. Алайда табысы үш есе өскен. Курсты меңгеруге жұмсаған ақшасын бір айдың ішінде артығымен қайтарып алған. «Менің сауда орнында дүкенім жоқ. Киімді үйде тігемін. Instagram желісі арқылы табыс тауып отырмын. Тұтынушылардың дені маған таргет арқылы келеді. Оларға жақсы контент ұсынуға тырысамын. Профильді де интернет маркетологияның талабы бойынша жөндедім. Қарапайым тігіншіні ел қалай танысын? Әрине, мұның бәрі интернеттің арқасы. Өз басым интернет маркетингті зерттеп, білім алып жатқаныма қуаныштымын. Алда көп жоспарым бар», – дейді Нұргүл Қанатқызы. Иә, интернетте «өтудің» амал-тәсілін білгендер оза шауып жүр. Бұл саланы елден бұрын меңгергендер қазір миллионер. Мысалы, белгілі блогер, сату маманы Жұлдыз Ақболат айына 50 миллион табыс табатынын айтады. Ол кәсібі барларға сату амалдарын үйретіп, Instagram-ның артықшы­лығын пайдалануға шақырады. Байқағаныңыздай, қазір мүмкіндік өте көп. Тек ниет пен жігер керек. Курс өткізіп жүрген кісі­лердің айтуынша, XXI ғасырда қабілеттен бұрын «менің қолымнан келеді» дейтін жігер бірінші орында тұрады. Кәне, мұны бір бизнес түрімен түсіндіріп көрелік. Осы тұста бізге көмектескен Абзал Қадіржан есімді маркетолог. Ол торт пісіріп жүріп-ақ 1 миллион теңге табыс табудың схемасын жасап берді.

Мәселен, Instagram желісінен сөмке сататын дүкендерді іздедіңіз делік. Ертесі желіге шолу жасасаңыз, сөмке сататын дүкендерден көз сүрінеді. Бұл – таргетолог маманның еңбегі.

Абзал Қадыржанның айтуынша, айына 1 миллион табыс табу үшін бір күнде 6 торт пісіру керек. Ол бұл цифрды қалай есептеді? Бір торттың құнын 6 580 теңге деп қарастырсақ, миллион теңге табу үшін 180 дана торт қажет. Ал 180 дананы 30 күнге бөлсек, күніне 6 торт керегі айқын көрінеді. Алайда тек торт пісіру жеткіліксіз. Сіз өнімді жұртқа «өткізуіңіз» керек. Алдымен мақсатты аудиторияны анықтайсыз. Бұл – маркетингтің алғашқы шарты. Осы тұста Абзал «әр сегментке жасалатын оффер аудиториясына сай болуы керек» деді. Яғни, өнім жұртты еліктіруі керек. Бейнесі, көлемі, ингредиенті өзгеден ерек екеніне жарнама жасайсыз. Оның ішіне сәндеу үлгісі де кіреді. Әрине, бастысы креативті ойлау маңызды. Әңгіме барысында маркетингтің кішігірім құпиясын да білдік. «CTR-ы 1,5%-дан жоғары креатив жетіс­тіктің 50%-ына тең». Ал CTR деп отырғанымыз жарнаманы қанша адамның көргенін, кімнің парақшаны қарағанын көрсетеді. Иә, бұл – таргеттің құрамдас бөлігі. Дұ­рыс түсіндіңіз, барлығы бірі­мен-бірі байланысты. Таргетке 6 мың теңге жұмсап, 160 мың пайда табатындар бар. Керісінше, таргетке көп ақша жұмсап, пайдадан тыс қалатындар да жоқ емес. Қысқасы, онлайн табыстың кепілі – интернет маркетинг. «2020 жылы кәсіпкерлер интернет маркетингтің маңызын түсінді. Карантин заманауи мамандықтардың «шырағын» жақ­ты. Қателеспесем, Билл Гейтстің «сенің кәсібің онлайнда болмаса, кәсібім жоқ деп есептей бер» дегені бар. Мұны қарапайым халық енді түсінді. Мысалы, 500-600 шаршы метрді алып жатқан цехың бар делік. Бірақ кәсібіңді онлайнда дамытпасаң, онлайн дүкен ашқан студенттен аз табыс табуың мүмкін. Қазір кез келген адам онлайндағы бизнесіне ашық зерттеу жүрізе алады. Айта кетерлігі, кәсіпкерлер арасында таргетологтарға сенбейтіндер бар. Өйткені таргетке жұмсаған ақшасы желге ұшқандар жетерлік. Сондықтан елімізде интернет маркетинг саласында нақты бәсеке жоқ. Егер бәрін ойдағыдай жүргізіп, өзіңді дәлелдей алсаң, кәсіпкерлер өзі іздеп келеді», – дейді Абзал Қадыржан.

Өнім + интернет маркетинг = ақша

Жалпы, интернет маркетинг саласында заман талабына сай мамандықтар көбейді. Бұрын онлайн дүкені бар кәсіпкерлер SMM маман жалдаумен шектелетін. Қазір кәсіпкерге контент менеджер, видеограф, копирайтер, маркетолог, веб-дизайнер, таргетолог маман керек. Әрқайсының табысы 500 мың теңгеге жетеқабыл. Әр мамандықты меңгеру үшін курс түрлері бар. Мысалы, мобилография туралы толық курс пакеті 20 мың теңге тұрады. Яғни, білімді жеке курстар арқы­лы немесе бизнес мектептен үйренесіз. Мәселен, Shonbay бизнес мектебінің кураторы Іңкәр Мұқатай жаңа мамандықтар жайына тоқталды. «Интернет маркетологтың міндеті офлайн бизнесі бар кәсіпкерді онлайн бизнеске ауысуға көмектесу. Ал онлайн бизнесі болса, табысын еселеуге күш салу маңызды. Осы сала бойынша үйде бала күтімімен отырғанымда күніне 20 мың теңге табатынмын. Қазір куратор ретінде қосымша жобаларда жұмыс істегендіктен табысым жарты миллионға жетті. Бір ғана таргетолог ретінде 3 айда 399 мың теңге таптым. Әрине, өзіндік қиындығы да бар. Таргетті Facebook арқылы жүргіземіз. Бірде 15 парақшам да бұғатталып қалды. Сонда WhatsApp мессенджері арқылы көмек сұрап, кейбірінің Facebook парақшасын сатып алғаным тағы бар. Меніңше, шыдамды болсаңыз ғана интернетте табысқа жетесіз», – дейді Shonbay бизнес мектебінің кураторы. Жоғарыда жазған мамандардың қызметін сіз бен біз жақсы білеміз. Жан-жақты мәлімет беру үшін мысал ретінде баяндайық. Мәселен, Instagram желісінен сөмке сататын дүкендерді іздедіңіз делік. Ертесі желіге шолу жасасаңыз, сөмке сататын дүкендерден көз сүрінеді. Бұл – таргетолог маманның еңбегі. Яғни, ол тұтынушыға керегін іздетпей-ақ алдына алып келеді. Сіз кез келген интернет дүкеннің Instagram парақшасына үңілесіз бе? Әрине, жоқ. Өйткені сыртқы көрінісі мен тауарды ұсыну мәнері маңызды. Осындайда кәсіпкердің күні копирайтерге түседі. Ал оның міндеті тауарды әспеттеп, тұтынушы алатындай артықшылығын баяндап жазу. Бірақ қазір жазып қана қою аздық етеді. Сондықтан мобилограф тауардың жарнама видеосын жасап, копирайтердің жұмысын жеңілдетеді. Сіз онлайн дүкен ішін аралап жүріп сатып алуға шешім қабылдасаңыз, «байланысу» түймешесін басасыз. Қазір жай ғана байланысу нөмірін жазып қою жеткіліксіз. Веб-дизай­нерге қысқа әрі нұсқа сайт жа­са­тасыз. Өнімнің артықшы­лы­ғын көрсетіп, мессенджерде қай тілде сөйлескіңіз келетінін таң­дай­сыз. Ескере кететін жайт, сапалы сайт жасап-ақ айына 1 мил­лион табыс тауып отырғандар бар. Яғни, кәсіпкердің табысы осы мамандардың жұмыла істеген ісіне тәуелді. Мысалы, қай қалада болсын, гүл мен шар бизнесі қызып тұр. Алматы қаласындағы Shugyla шар интернет дүкені Іңкәр Жұмағалидің көмегіне жүгінен. Интернет маркетолог дүкеннің сайты­нан бастап, профиліне дейін қай­та жасаған. Артынша Instagram-да парақша жайында жарнама беріп, пайда табуға көшкен. Байқап қарасақ, аталған парақшаның жазылушылар саны аз. Бірақ олар күніне таретке 4 мың теңге төлеп, кем дегенде 15-20 мың теңге пайда көреді. Ал жарнама діттеген жеріне «жеткен» күні табыс 60-70 мың теңгеге жетеді екен. Білікті маркетологтардың айтуынша, интернет маркетингте сала бойынша жобаны бірігіп атқарған абзал. «Көтере алмайтын шоқпарды беліңе байласаң» кері кететіні сияқты мұнда ұтылу коэффициенті жоғары. Қысқа қайырғанда, қазір интернет маркетологтың орташа табысы – 200-400 мың теңге. Кейбірі «бакалавр, магистратура, докторантурада білім алғандардың табысын курс оқып-ақ тауып отырмыз», – дейді. Расымен, заманына сай мамандығы дейтін күнге жеткеніміз бе?

Айзат АЙДАРҚЫЗЫ