Арнайы жасақ – айрықша міндет
Арнайы жасақ – айрықша міндет

Олардың атауы өте көп. «Арыстан», «Сұңқар», «Бүркіт», «Арлан», «Көкжал», «Боран», «Омега» және тағы басқа. Аты айтып тұрғандай, бұлар – ерекше мақсаттағы арнайы жасақтар. Төтеден келген оқыс оқиғаларда тосыннан жедел той­­тарыс беріп, бейбіт күндегі тыныштығымызды қорғап жүрген сайдың тасындай жігіттердің әрбір операциясы ерлікке толы. Бірақ олар ешқашан да паш етілмейді. Өйткені мемлекеттік құпиямен пара-пар. Мұндай жігіттерден тұратын жасақ барлық күштік құрылымның құрамында бар. Тіпті, Мемлекеттік күзет қызметі, Қорғаныс министрлігі, ҰҚК, ІІМ сынды белді ведомстволарды қоспағанда, кеден, салық, шекара қызметінде де арнайы жасақ ұстау қарастырылған. Әр кезде ажалмен бетпе-бет келсе де, кез келген қиындықты еңсеріп, тәуелсіз­­­дігіміздің тұғырын биіктетіп жүрген арнайы жасақтың «көзге көрінбес елеусіз еңбегі» көпке үлгі.

Арыстандай айбатты, қырандайын қайратты

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің «Арыс­тан» арнайы бөлімшесі терроризмге қарсы күрес мақсатында жасақталған құрылым. Ол – еліміздің арнайы жасақтарының ішіндегі элитасы. Кәсіпқойлығы да, жасанып жарақтануы да анағұрлым жоғары деңгейде. Бұл бөлімше тек офицерлер санатынан жасақталады. Әр деректерде әртүрлі келтірілгенімен, жасақ құрамында орта есеппен 100 адам бар. Негізгі базасы Нұр-Сұлтан қаласында орналасқан. Одан бөлек, арнайы бөлімшенің екі штаттық филиалы бар. Оның бірі – бұрынғы орналасқан Алматы қаласында, екіншісі – мұнай кешендеріндегі қауіпсіздікті сақтау мақсатында Ақтау қаласында. Арнайы жасақ құрамында әскери жүзгіш-жауынгерлер бөлімшесі мен саперлер бөлімшесі бар. ТМД Терроризмге қарсы орталық пен ШЫҰ Аймақтық терроризмге қарсы құрылым аясында «Арыстан» жасағы жыл сайын өткізілетін халықаралық оқу-жаттығуларға тұрақты қатысып тұрады. «Арыстан» арнайы бөлімшесі өз тарихын 1990 жылдан бастады. КСРО Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті (КГБ) төрағасының осы жылғы 3 наурыздағы №0031 бұйрығына сәйкес, Алматы қаласында КГБ-ның 7-басқармасының 14-бөлімінің «А» тобы құрылған болатын. Бұл аймақтық бөлімшенің жауапты аймағына ол кезде Қазақстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түрікмен, Кырғыз республикалары, Омбы, Томбы, Новосібір облыстары мен Алтай өлкесі жататын. 1992 жылғы 13 қаңтарда Президент Нұрсұлтан Назарбаев алматылық бөлімшенің базасында тікелей өзіне бағынатын «А» бөлімін құрды. Бұл тәуелсіздік алғаннан кейінгі біздің елдің тарихындағы іс жүзіндегі ең бірінші ресми әскери құ­рылым болатын. 1993 жылғы сәуір айын­да «А» бөлімшесі Президенттің күзет қызметінен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бағыныстылығына беріледі. Ал 1994 жылғы 11 маусымнан бастап «Арыс­тан» қызметі болып өзгереді. Оның құрамына ҰҚК-нің орталық аппаратындағы сол кездегі барлық терроризмге қарсы топтар енгізілді. Өзінің тарихында «арыс­тандықтардың» көптеген жедел опера­ция­ларға қатысып, ең күрделі деген террорлық актілердің өзін санаулы секундтарда шешуге зор үлес қосып жүр.

«Ұландықтар» да бір төбе

Елімізге танымал арнайы құрылымның келесілері – Ішкі істер министрлігінің «Сұңқар» және «Бүркіт» жасағы. Жалпы, ішкі істер саласында арнайы жасақтың пайда болу тарихы 80-жылдардан басталады. Алматы қаласының түбіндегі Каменка ауылындағы 5-жедел бригада базасында Арнайы мақсаттағы оқу ротасы пайда болады. Кеңес Одағы құлаған соң, бригада таратылғанымен, оқу ротасы сақталып қалады. Содан бері қалыптасу, даму тарихын бастан өткерген ІІМ-нің арнайы мақсаттағы жасағы 1998 жылы 11 мамырда «Сұңқар» бөлімшесіне айналады. Орталығы Алматы қаласында орналасқан жасақтың Қазақстан бойынша 5 аумақтық бөлімшесі бар. 2003 жылы Ішкі істер миниистрлігінің алқа отырысында аталған жасақты жеке құрам мен тұрғындар арасында адам өміріне қауіп төнуі мүмкін төтенше оқиғаларда ғана жұмылдыруға шешім қабылданған болатын. 100 шақты адамнан тұратын құрылымы ротаға тән сұңқарлықтардың элиталығын оның тікелей министрге бағынатыны айшықтай түседі. ІІМ ішкі әскеріне қарасты «Бүркіт» арнайы жасағы 2000 жылдың сәуір айын­да құрылды. Оны сол кездегі министр, ІІМ генералы Қайырбек Сүлейменовтің төл құрылымы деуге болады. Өйткені сол кездегі ішкі әскер, бүгінгі Ұлттық ұланның құрамынан осындай жасақ құру идеясын ұсынған министрдің өзі болатын. Кейін барлық облыс орталықтарында оның аймақтық топтары құрылды. Алматы қаласында орналасқан арнайы жасақтың жалпы саны 500 адамнан тұрады. Жыл сайын көктемде Ұлттық ұланның еліміздің әр өңіріндегі әскери бөлімдерінен 200-250 адам «күрең беретке» тапсыру үшін Алатау баурайына жиналады. Олардың тек 10-15-і ғана емтиханнан сәтті өтеді. «Күрең беретті» алған жауынгер автоматты түрде «Бүркіттің» құрамына тіркеледі. Ішкі істер министрлігінде бұдан басқа «Арлан», «Омега», «Күзет» жасақтары болса, Қорғаныс министрлігінде мұндай жасақ ондап саналады. Ал Президенттің күзет қызметінде «Көкжал» және «Қалқан» сынды арнайы құ­ры­лымдар бар.

Шығынсыз майдан болмайды

Көзге көрінбесе де, «арнайы операция жүргізіп жатыр» деген сөздің өзі баршаны алаңдататыны рас. Ал сол операцияларды орындайтын арнайы жасақтың әр қимылы қауіпке толы. Еліміздің арнайы қызмет тарихында 2011 жыл қиын болды деуге негіз бар. Сол жылы еліміздің батысы мен оңтүстігінде террорлық актілер болып, соның салдарын жоюға қатысқан ішкі істер саласының 18 қызметкері қаза болған болатын. Ал жаралы болғандары қаншама. Сол жылы Алматының Боралдай кентінде болған арнайы операцияда «Арыстан» бөлімшесінің екі қызметкері мерт болған еді. Шығынсыз майдан болмайды демекші, бұл ақпараттар қанша құпия болса да, әр жерден шығып жатады. Бұл олардың қызметінің қаншалықты ауыр да қауіпті екенін білдіреді. Оған тек қажырлы мен қайраты мол жігіттер шыдамақ. Ал бұл еңбектерінің марапаты – қабырғалы елдің ыстық ықыласындай боп табысталған мемлекеттік наградалар. Бүгінде ІІМ арнайы бөлімшелерінің 34 қызметкері түрлі дәрежедегі «Айбын» орденімен және «Ерлігі үшін» медальмен марапатталған.

Нұрлан ОРАЗҒАЛИ