Әз-Наурыз елге құт болып оралды
Әз-Наурыз елге құт болып оралды
158
оқылды

Тәуелсіздікпен бірге барлық ұлттық құндылықтар да елге қайта оралды. Соның бірі – Ұлыстың ұлы күні. Қазір әлемді жайлаған коронавирус пандемиясы аясында еліміз екі жылдан бері әз-Наурызды кең көлемде атап өте алмай келеді. Дегенмен карантин аяқталған соң бұл мейрамды бұқаралық ірі шаралармен тойлауға да жол ашылар. Ең бастысы, Наурыз мерекесі мемлекетіміз тарапынан ресми мойындалып, күнтізбе төрінен лайықты орын алды.

Тыйым салудан әлемдік ұлықтауға дейін

Зерттеушілердің мәліметінше, Наурыздың мыңдаған жылдық тарихы бар. 2010 жылғы 10 мамыр­да Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас ассамблеясы 64-қарарын бекітіп, 21 наурызды «Халықаралық Наурыз күні» деп белгілегенде де осыны назарға алыпты. Нақ­­­­тылай кетсек, Бас ассамблея төл түсініктемесінде: «Наурызды көктем мерекесі ретінде кем дегенде 3 000 жылдан бері Орта Азияда, Балқан түбегінде, Қара теңіз аймағында, Кавказда және Таяу Шығыста 300 миллионнан астам адам тойлап келе жатыр» деп жазды. Осы ұлылығын мойындап, UNESCO халықаралық ұйымы 2009 жылғы 30 қыркүйекте Наурыз мейрамын «Адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасы тізіміне» қосты. Яғни, күн мен түннің теңесуі кезіне тұспа-тұс келетін Наурыз – әлемде жыл басын атап өту дәс­түрін қалады. Батыс елдерінің «Рождествосы» да, кеңестің «Жаңа жыл» мерекесі де соның қалы­­­­­­бымен дүниеге келгенін дәлелдеп жүрген ғалымдар жетерлік. Ұлы даланы мекендеген хал­­­қымыз оны негізінен «Ұлыстың ұлы күні» деген атаумен ұлықтаған. Осы арқылы әз-Наурыз ұлан-байтақ даланы мекен еткен көш­­­­пе­лілерді біріктіруші рөл атқарды. Кеңес Одағының идеологтерін мерекенің осы қыры шошытты. Оның үстіне, бұл мерекеге қазақ арыстары, ұлт зиялыларының баса мән бергені отарлаушылардың көңіліне күдік салды. Мәселен, мерекенің маңызы туралы қазақ газеттері жазды. Ал 1920 жылғы 20 наурызда еліміздің оңтүстігінде құрылған Түркістан Республикасы советінің орталық атқару комитеті төрағасы Тұрар Рысқұлов «Наурыз» мерекесіне мемлекеттік мәртебе беретін бұйрыққа қол қояды. Бұл – әз-Наурызға арналған тұңғыш мемлекеттік құжат болатын. «Түркістан совет республикасы советтерінің Орталық атқару комитетінің осы жылғы 20 наурыздағы қаулысына сәйкес, қаулы етемін: 22 наурыз – «Көктем басы – Наурыз» бүкілхалық­тық мерекесі деп саналсын» де­лінген құжатта. Оған сәйкес, үкі­меттік мекемелерге наурызды атап өтуге септесу жүктелді. Қаулы телеграфпен және телефонмен таратылған. Кейін осы құжатты Жамбыл облыстық архивінің қызметкері Мақұлбек Рысдәулет осыдан 18 жылдай бұрын архивтен тауып алады. Тарихшы Ордалы Қоңыратбаев та Тұрар Рыс­құловтың бұл бұйрығын Ташкент архивінен кез­дес­тіріп, көшірмесін түсіріп алады (ол кезде Түркістан Рес­пуб­ликасына Өзбекстан да кірген). Тарихшының мәліметінше, ұлтымыздың асыл арысы Т.Рыс­құлов­тың еңбегі арқасында Орталық Азияда алғаш рет 1920 жылғы 22 наурызда жергілікті биліктің ұйымдастыруымен, Түркістан Рес­публикасының аумағындағы бүкіл қалаларда, уездерде, ауылдарда «Наурыз» мемлекеттік мерекесі өтеді. Ол туралы газеттер жазып, елге таратады. Бұл жерде Тұрар Рысқұловтың мейрамға «Көктем басы – Наурыз» деген атау беруінде бір себеп бардай: сол тұста Кеңес идеологтері Ұлыстың ұлы күнін діни мереке деп күстәналауға кіріскен. Тұ­рар болса, оларға қарсы шығып: «Наурыз – көктем мерекесі, ол халықтық мейрам. Билік ресми ұйымдастырсақ, халық та бұл қадамды жылы қабылдайды» деп дәйектеген. Алайда 1924 жылы Түркістан КСР таратылды. Қазақстанның Сырдария және Жетісу облыстары Қаз АКСР-іне қосылды. Қал­­ған аумағында Өзбек КСР, Түрік­мен КСР құрылды. Әз-Наурыз Ізінше, 1926 жылы кеңестік тоталитарлық режим Наурызды «діни мереке», «ескіліктің сарқыншағы» деп санап, оны тойлауға тыйым салды. Зерттеушілер мұның жабық, құпия директива негізінде жүзеге асырылғанына сенімді: әйтпесе, сол кездегі КСРО-ның заң шығарушы, нормативтік-құқықтық актілер қабылдаушы бірде-бір органы Наурыз мейрамын атап өтуге рұқсат етілмейтіні туралы жария, ресми түрде шешім қабылдамапты. Бі­­рақ жоғарыдан түсірілген нұсқаулар бойынша жергілікті жерлердегі билік пен шолақ белсенділер жұртшылықтың Ұлыстың ұлы күнін ресми деңгей түгіл, бұқаралық шаралармен атап өтуге де түпкілікті тосқауыл қойды. Салдарынан Наурыз тұрмыс­тық деңгеймен шектелді. Кейбір өңірлерімізде тұрғындар оны көр­­ші-қолаң, туыс-туғанмен қауышу, наурыз көже пісіріп, дас­тар­­қан жаю арқылы бейресми атап өтті. Осы арқылы оны ұмыт қалдырмай, келесі ұрпаққа табыстады.

Қайта оралды қазағымның бүгін дәстүрлері-ай...

1985 жылы наурыз айында Кеңес Одағының басшысы – КОКП Орталық комитетінің Бас хатшысы болып М.Горбачев сайланды, ол «қайта құру» және жариялылық саясатына бастамашы болды. Тоталитарлық режимді іріте бастаған демократиялық про­цестерді пайдаланып, халық наурыз мейрамын қала көлемінде, колхоз-совхоз болып тойлай бастады. Осы тұста Наурыз мерекесіне мемлекеттік деңгейде мәртебе беру мәселесіне Қаз КСР Компартиясы Орталық комитетінің хатшысы Өзбекәлі Жәнібеков және басқа да атпал азаматтар үлес қосты. Ал 1991 жылғы 15 наурызда Қазақ КСР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Көктемгі халықтық Наурыз мейрамы туралы» Жарлығы шықты. «Жалпыадамзаттық құнды­­лықтарды орнықтыру, республика халықтарының достығы мен бауырластығын нығайту, ежелгі халық дәстүрлерін жандандыру, сондай-ақ адам мен таби­­­ғаттың үйлесіміне қол жеткізу, оның шынайы имандылық ру­хын­­­­­да ізгілікті тазаруы мақсатында, қаулы етемін: 1. Көктемгі күн мен түннің теңесуі күні – наурыздың 22-сі халықтық мереке – Наурыз мейрамы болып жариялансын. 2. Халық депутаттарының жергілікті Советтеріне климаттық жағдайларды ескере отырып, халықтық мереке – Наурыз мейрамын өткізу күнін өз бетімен белгілеу ұсынылсын. 3. Қазақ КСР Министрлер кабинеті мен халық депутаттары жергілікті Советтерінің атқару комитеттері көктемгі халық мерекесі – Наурыз мейрамын әзірлеу мен өткізу жө­­­­­­­­ніндегі қажетті шараларды жүзеге асырсын» делінген Тұңғыш Президенттің шешімінде. Осылайша, еліміз егемендік алмай тұрып, 1991 жылғы 15 наурызда Елбасы арнайы Жарлы­­ғымен Наурыз мейрамын рес­­­ми мереке деп жариялады. 2009 жылы Н.Назарбаевтың Жарлы­­­ғымен 21-23 наурыз күндері ресми түрде демалыс күндері деп бекітілді. – Сонда «Ескі жыл есірке, жаңа жыл жарылқа» деп тіледік, жаңа жылға үміт артып, болашақтан жақсылық күттік. Тілегіміз қабыл болып, біз сол жылы ата-бабамыз ғасырлар бойы армандаған азаттыққа, киелі тәуелсіздікке қол жеткіздік. Наурыз ықылым заманнан бері ырыс пен ынтымақтың, татулық пен тазалықтың, бірлік пен кісіліктің мейрамы болып есептеледі. Табиғат иіген, көк тас жібіген Наурызда мейірім шаттыққа ұласып, бай мен жарлы теңеледі, барша жұрт ырыздыққа кенеледі. Ұлыс­тың ұлы күні ағайынның құшағы айқара қабысып, ренішті жандар қайта табысады. Сондықтан түсіністікті ту етіп, елді бірлік пен ынтымаққа, адамгершілік пен имандылыққа үндейтін Наурыз мерекесінің татулығы жарасқан еліміз үшін маңызы ерекше. Біздің мемлекеттік саясатымыз әз-Наурыздың ізгілігімен өзара ұштасады, – деп еске алды Елбасы. Бұған қоса, Қазақстанның Тұңғыш Президентінің «Біздің жаңа жылымыз осы мерекеден басталса дұрыс болар еді» деген идеясы өзекті болып табылады. Қазір Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлыстың ұлы күнінің ел бірлігін арттырар әлеуетіне, оны ұлттық құндылық ретінде дәріптеу ісіне мән-маңыз беруде. Ел басшылығының тапсыр­масымен, ел Үкіметі әз-Наурыз­ды мерекелеудің жаңа тұжырым­­­­дамасын әзірлеп жатқаны мәлім. Оның аясында, мәселен Наурыз мерекесін елімізде он күн бойы мерекелеу жөнінде ұсыныс қарас­тырылды. Ел Президентінің 14 наурыз күні барша қазақстандықтарды «Көрісу күнімен» құттықтауы да елдік пен бірліктің, жарқын жасампаздықтың мерекесіне айнал­­­ған Наурызға мемлекеттік дең­­­­­­­­гейде көңіл бөлініп отырғанын аң­ғартқандай.

АйханАйхан ШӘРІП