Қазақ елі қандай қиын заман болса да, рухани құндылықтары мен мәдени мұраларына селкеу түсірмеді. Тағылымға тұнып тұрған салт-дәстүріміз, әдет-ғұрпымыз, мәдениетіміз, әдебиетіміз, тарихымыз қағазға қатталып, кітап болып шығарылмаса да, ауыздан-ауызға таралып, ұрпақтан-ұрпаққа жетіп отырған. Бүгінде сол асыл қазыналарымызды жас буынға жеткізуші алтын көпір – кітап пен кітапханалар. Өткен заманның тұңғиық тереңінен сыр шертетін тарихты да, әдебиетті де, басқа ғылым кереметтерін де кітапханадан табамыз. Жазушы Әбіш Кекілбаевтың сөзі осыған дәлел: «Мен кітапхананы ақыл-білім, адамгершілік ордасы деп білемін. Ал кітапханашыларды ешқашан жоғалмауға тиісті сол асыл қазынаның сақшылары санаймын» деген.
50 жылдық мерейтой
Еліміздегі тарихы тереңнен бастау алатын, абырой-беделі жоғары, кітап қоры бай кітапханалардың бірі – зағип және нашар көретін азаматтарға арналған республикалық кітапхана. Қазақстанда Брайль қарпінде кітап басып шығару ісінің 50 жылдық тарихы бар. 50 жыл, біреуге көп, біреуге аз уақыт. Алайда осы жылдар ішінде мүгедектердің бар өміріне және қызметіне қоян-қолтық араласа отырып, кітапхана: оңалту, әлеуметтену, білім алу, демалу орталығына айналды. Кітапхана тарихы, қазақ соқырлар қоғамының тарихымен біртұтас. Қазақ соқырлар қоғамы 1937 жылы қоғамдық ұйым ретінде көз мүгедектерінің оқуы мен тәрбиесін, олардың кәсіби даярлығын, жаппай орта білім алуын жүзеге асыру, оларды еңбекке баулу, әркімнің жеке ерекшеліктерін ескере отырып, ақыл-ой, дене қабілетін жан-жақты жетілдіру мақсатында құрылды. 60-жылдардың ортасында арнаулы кітапханалар құру, көрмейтін жандарға, олардың отбасына, зағиптық пен нашар көру мәселелерімен айналысатын мамандарға кітапханалық қызмет көрсету қажеті ескерілді. Олармен жоспарлы түрде мәдени-ағарту ісіне, белсенді оқуға, қоғам өміріне тарту жұмысын жүргізу керек болды. Бұл жұмысты басында кішігірім кәсіподақ кітапханалары, дауыстап оқу үйірмелері, қазақ соқырлар қоғамының оқу-өндірістік кәсіпорнындағы қызыл бұрыш атқарды. Кейіннен бәрі қайта құрылып, кітапхананың негізі қаланды. 1969-1970 жылы № 22 Алматы қалалық кітапхана базасы ашылып, 1971 жылдан бастап мемлекеттік ғылыми әмбебап кітапхана ретінде қызмет ете бастады. Аталған кітапхана 1975-1986 жылдар аралығында мәдениет саласындағы қиын кезеңдерді басынан өткерді. Кітапхана ұжымы бұл қиындықтарға қарамастан, оқырмандарына жоспарлы түрде қызмет көрсетті. Сол уақытта дыбыстандыру студиясы толығымен жаңа технологияда жұмыс істей бастады.Тәуелсіз жылдар жемісі
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары еліміздің мәдени-рухани ахуалы жақсарып, әр алуан бағыт бойынша даму жолына түсті. Сол жылдары кітапхана процесін автоматтандыру ісі басталды, арнаулы әдебиеттерді шығаратын жаңа тифлотехникалық құралдар, зағиптарға арналған арнайы компьютерлік бағдарламалар жұмыс істей бастады. Бүгінгі жедел ақпарат тарату қажеттілігі туындаған шақта кітапханалар да заман талабынан тыс қала алмайды. Бұл ретте рухани құндылықтарымызды бұқаралық ақпарат құралдары арқылы насихаттау мүмкіндігін пайдаланып жатырмыз. Сол себепті 2005 жылы кітапхана жанынан «РБНСГ - Вести» интернет газеті, нүктелі-бедерлі және жайпақбаспа қаріпімен шыға бастады. Қазір газеттің тұрақты оқырмандары бар және тегін таратылады. Сондай-ақ таралымы он үш мың дана болатын «Менің жолым» атты сөйлейтін газет шығарылады.Сандық жүйеге көшу – жауапты жұмыс
«Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында дыбыстандырылған әдебиеттерді электронды форматқа көшіру жұмысы басталды. Компьютер класының ашылуы зағип оқырмандарға, студенттерге, зағиптарға арналған Virgo бағдарламасының көмегімен компьютерді пайдаланып, MS Windows, MS Word бағдараламасымен жұмыс істеу мүмкіндігін туғызды. 2006 жылдан бері кітапханада Брайль жүйесі бойынша басылымдарды қазақ тілінде басып шығаратын Duxbury арнаулы бағдарламасы орнатылды. Сандық дыбыстандырылған әдебиеттер қорын құрудың ең соңғы жетістігімен жабдықталған Daisy студиясы ашылды. Бұл атаулы жайттар кітапхана жұмысының дамуына септігін тигізді.Кітап қоры молайып келеді
Кітап қорын толықтыру, өңдеу және каталогтерді ұйымдастыру бөлiмiне білікті мамандар алынып, жүйелі жұмыстар жолға қойылды. Алыс-жақын кiтапханалармен тығыз байланыс жасаудың нәтижесiнде 69 440 аталымда 250 731 дана, оның ішінде 10 220 атаумен 32 778 данасы қазақ тілінде әдебиеттер жинақталды. Дыбысталған кітап – 101 851 дана, 11 844 атаумен жайпақ-баспалы әдебиеттер – 62 187 дана, 44 394 атаумен күйтабақтар – 5 007 дана, диафильмдер 720 дана, бедерлі-графикалық құралдар – 768 дана, CD – 4 337 дана жарық көрді. Кітап қоры рухани мұра болғандықтан, оны бүтін қалпында сақтап, келер ұрпаққа табыс ету кітапханашылардың басты міндеті. Кітапхана ұжымы үнемі өзінің ақпараттық қорын кеңейтіп, оқырмандарға қызмет көрсету деңгейін көтеріп келеді. Кітап қорын толықтыру мақсатында «Зағип және нашар көретін азаматтарға арналған республикалық кітапхана» көрші елдің кітапханаларымен жақсы байланыс орнатты. Ынтымақтастық бағытта Ресей, Татарстан, Башқұртстан, Кавказ елдерімен ортақ меморандум қабылданды.Сан-салалы қызмет сапасы да артты
Арнайы кітапхананың сан-салалы қызметі өз бағытымен дамып келеді. Әлеуметтік сауықтыру, ақпарат тарату және өзара қарым-қатынасты нығайту, зағип азаматтарға интеграциялық қызмет көрсету, зағип оқырмандар үшін ақпараттар алуға бейімделген технологияларды енгізу, мүмкіндігі шектеулі жандардың ақпарат желісіндегі мүмкіндіктерін арттыру мақсатындағы жұмыстар үздіксіз жүргізілуде. Руханият ошағының оқырмандарға жан-жақты қызмет көрсетуінің тағы бір үлгісі – тегін компьютерлік сауатқа үйренуге жағдай жасайды. Бұл жерде арнайы көмекті қажет ететін азаматтармен жұмыс істейтін, үкіметтік емес ұйымдармен тығыз байланыс орнату, қоғамдағы маңызды жаңалықтармен бөлісу және компьютерлік технологияны сауатты пайдалануды, брайль жүйесі бойынша оқу мен жазуды үйретеді. Қаламыздағы тұрақты оқырмандардың мүмкіндігі шектеулі, дегенмен компьютер тілін меңгеруге деген талпынысы жоғары. Оқырмандар компьютерде қарапайым мәтіндерді теруден бастап әлеуметтік желілер арқылы бір-бірімен хабар алмасуды қоса үйренеді. Арнайы көмекті қажет ететін азаматтар техника тілін меңгеруге талпынып, жаңа бағдарламаны таныстырған кезде компьютерге орнатылған арнайы синтезатор арқылы естіп, әріптердің орналасуын тез арада үйреніп шығады. Оқырмандарымыз жаңа өзгерістерді үйреніп қана қоймай, меңгерген білімін күнделікті тұрмыс-тіршілігіне тиімді пайдаланады. Сондықтан оқырмандарымыз заманауи байланыс құралдарын, әлеуметтік желілерді еркін қолданады. Осыған орай, WhatsApp, Іnstagram, Facebook, ВКонтакте желілеріндегі парақшалар арқылы өткізілген шаралар, түскен жаңа әдебиеттер және басқа да пайдалы ақпараттарды бақылап отырады. Бүгінде кітапханаларға тек кітап алу үшін ғана барады деп ойлау – ескірген көзқарас. Өйткені қазір оқырман жан-жақтылықты талап етеді. Оқырмандарды қоғамдық жұмыстар мен мәдени іс-шараларға тарту мақсатында кітапхана жанынан «Незабудка» әдеби-музыкалық бірлестігі мен «Өнер өрімдері» мәдени-әдеби клубы ашылды. Мұнда түрлі сипаттағы кездесулер, тренингтер, пікірталастар мен іс-шаралар ұйымдастырылады.Жаңа іс-шаралар мен көкжиектер
Елімізде төтенше жағдай режимі енгізілуіне байланысты мемлекеттік мекемелердегі шараларға уақытша тыйым салынып, кітапхана онлайн режимде жұмыс істеуге көшкен болатын. Жалпы, Зағип және нашар көретін азаматтарға арналған республикалық кітапхана бастамасымен қолға алынған жаңа форматтағы жұмыс тәртібі бүгінге дейін жалғасып, қызметкерлердің қатысуымен онлайн кездесулер мен семинарлар, түрлі шара да ұйымдастырылды. Игі шаралардың бірі Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы аясында «Жастар және Абайдың рухани құндылықтары» жас кітапханашылардың халықаралық II слеті өтті. Бұл шарада кітапхана ісін дамыту, жас кітапханашылардың рөлін арттыру, жастардың шығармашылық ізденістерін ынталандыру және оларды жоғары білікті маман ретінде қалыптастыруға жәрдемдесу мәселелері талқыланды. Білім мен ғылымға, жаңашылдыққа ұмтылу – біздің қанымызда бар қасиет. Сол себепті жаңа форматтағы жұмыс жүйесіне нық сеніммен кірісіп кеттік. Нәтижесінде, кітапханада онлайн форматта түрлі кездесу мен байқау, виртуалды кітап көрмелері мен әлеуметтік желілерде челлендждер өткізілді. YouTube каналында және әлеуметтік желілерде тікелей эфирлер ұйымдастырылып, видеороликтер мен құттықтаулар әлеуметтік желілерге жүктеліп, оқырмандарға ұсынылды. Белгілі ақын-жазушылардың шығармаларын нашар көретін азаматтарға Брайль жүйесінде ұсыну және аудиоөнімдер арқылы насихаттау жұмыстары жалғасын табуда. Әлем жаңару, жаңғыру кезеңін бастан өткізіп отыр. Бұл ғаламдық өзгерістерден біз де шет қалмадық. Ескірген көзқарастар, бір сарынды шешімдер қазіргі күн талабын қанағаттандыра алмайды. Кітапханашылар бүгінде мәдени дәстүрлер мен заманауи ақпараттық технологияларды қолдану арқылы оқырманның жан-жақты, интеллектуалдық және рухани дамуына жағдай тудыратын әмбебап мамандықтардың біріне айналды.Асхат БАЙҰЗАҚОВ, Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты Зағип және нашар көретін азаматтарға арналған республикалық кітапхана директоры