Наурызды тұғырына қондырған тұлға
Наурызды тұғырына қондырған тұлға

Дәстүрлі қазақ қоға­мын­да Ұлыс күні жыл басы са­нал­ған. Наурыз тек күн мен түн теңесіп, тіршілік атау­лыға жан бітетін мейрам емес. Бұл бірлік пен ең­бек­тің, мейірім мен ізгі­ліктің, достық пен тату­лықтың мерекесі.

Алайда Наурыз қазақ же­рінде сан ғасырлардан бері тойланып, ұрпақтан-ұрпаққа мұра болып келе жатса да, 1917 жылғы Қазан төңкерісінен кейін құрылған Кеңес өкіметі бұл мерекені діни кертартпа рәсім деп тауып, 1926 жылы ресми түрде тойлауға үзілді-кесілді ты­йым салды. Осылайша, көктем­нің шуақты мейрамы салт-дәстүрді берік ұстанған қазақ отбасыларында ғана жасырын түрде аталып өтті. Қазақ жерінде 62 жыл бойы ұмыт болған Нау­рыз мейрамы 1988 жылы қайта жаңғырды. Оның қайта жаң­ғыруына сол кездегі Қазақстан Компартиясы Орталық коми­тетінің хатшысы Өзбекәлі Жәнібековтің еңбегі зор дейді деректер. Кейбір де­рек­терде қазаққа Наурызын қа­уыштырған Ө.Жәнібеков деп те айтылып жүр. Жалпы, Өзбекәлі Жәні­беков кім және осынау деректер шындыққа сай ма? Бұл ту­ралы сол заманның көзін көр­ген зиялы қауым өкілдерінің пі­кірін білген едік.м Кезінде Өзбекәлі Жәні­беков­пен дәмдес, сыйлас болған  филология ғылымдарының док­торы, ғалым Құлбек Ергөбек ес­телік айтты. «Қазақтың бір­туар перзенті Өзбекәлі Жәні­беков жайлы аңыз да, аңызға айналып кеткен ақиқат та көп.  Ол көптеген қазаққа пайдалы әрекет­тердің бірін өзі тікелей ара­ласып жасаса, екіншісін ал­дына ақын-жазушыларды, ға­лым­дарды салып отырып істеді. Ол дегеніміз ұлтымыздың  қиын кезең­дерде  кеткен есесін көзі тірі кезінде қайтарып беруді мақсат етті. Соның бірі наурыз мәселесі еді», – дейді ғалым. Ғалым Наурызды діни си­паты бар  мейрам деп санай­тынын айтады.  Алайда осынау мейрамның тойлануына ресми тоқтау салу туралы Жарлық шық­қан-шықпағанын ешкім біл­мейді. «Бірақ біздің қазақ үшін Мәскеудің бірінші адамы «бұларың ескіліктің сарқыншағы екен ғой» десе, соның өзі жет­кілікті. Қазақ ары қарай іліп әкетеді де, дабырайтады. Нау­рызды тойлаған мекемені, ауыл-аймақ билігінің үстінен арыз жазып тоқтатуға кіріседі. Сөйтіп, наурыз осылай 1926 жылы тоқ­таған. Салдарынан халықтық мереке ҚазақССР-і бойынша солтүстікте, батыста дәстүрден біржола шығып қалды да, орта­лығы  Алматыда да саябырсып барып тоқтады. Бірақ Оң­түстікте ешқашан тоқтаған емес. Самар­қанның көк тасы еріген, күн мен түн теңесетін 22 нау­рызда әрбір үй наурыз көжесін пісіріп,  үй-үйді аралап, дәстүр жолымен то­йлайтын едік. Бала­лық ша­ғымның жағдайына қарай өңір­дің Отырар, Түркіс­тан, Арыс  және Сайрам аудан­дарының төл баласы болып өс­тім. Осы  4 ауданда да наурыз тоқ­таған емес. Бейресми түрде Қазақстанның жарымына дерлік аталып өтетін.  Ал мұны жалпы­халықтық мере­кеге айналдыруда Өзбекәлі Жә­ні­бековтің қосқан үлесі мол», – деді Құлбек Ер­гөбек. Зерттеуші өз сөзінде Өзбек­әлі Жәнібековтің мейрамда діни сипат жоқ деп дәлелдегенін айтады. Себебі ол кезде діни мейрамды жаңғырту  қатардан қиын нәрсе жоқ. Тіпті, оған орталық билік түгілі,  идео­логияны бойына әбден сіңірген өз қандасың да қарсы шығуы мүмкін.  Сондықтан Өзбекәлі Жәнібеков  Қазақстан Компар­тиясы орталық комитетінің бі­рін­ші хатшысы Г.Колбинге  наурыз жайында «бұл көктем мерекесі еді, мұны түрік халық­тары ғана емес, Орта Азия ха­лық­­тарының бәрі тойлайды» де­ген уәж келтірген. «Сонда Ген­надий Колбин Жәнібековке  «ойланатын мәселе екен, бірақ ескіні қозғай беріп қайтесіз, осының сізге не керегі бар?» дейді.  Рахманқұл Бердібайдың ғалым ретінде елге танылып қалған кезі. Жәнібеков Бер­ді­байға мақала жазу керегін ай­тады. М.Шаханов та атылып шығып, Колбинге хат жазады. Одан бөлек бір жиында халық­тың атынан әдейі екеуіне сөз бере­ді.  Сонымен, Геннадий Кол­бин шегіне алмай қалады. Бірақ ол замандарда ресми партиядан шешім алып енгізбесе қиын болатын. Қанша жерден ақын айтып, ғалым жазғанына қарамайды. Қысқасы, ұлттық құндылықтарымыздың бірі нау­рызды  бір адамның еңбегі деп айту дұрыс емес. Иә, рухани қоз­ғаушысы Өзбекәлі Жәні­беков болды. Осы тұста өзімнің сол кездерде «Жас Алаш» газе­тінде жұмыс істегендегі осынау мерекеге қатысты әрекет­тері­мізді еске алғым келеді. Сонда біз наурыздың 22-і күнгі нөмір­імізді жасылға малындырып көктем мерекесі қарсаңында көк түспен шығаратын едік. Наурыз жайында ғалымдардың пікірін топтап, сосын бір өлең қосып шығаратынбыз. Бұл да болса бас редакторымыз Сейдахмет Берді­құловтың наурызға іш тартуы деп ойлаймын. Сол кісі айтатын «Өзекең бізге наурыздан қол үзбеңдер деп ескертіп отыратын дейтін». Бас редоктарымыз жыл сайын осынау мерекелік нөмірге бір тілшіні бекітетін.  Бұл да біздің наурыздан біржола қол үзіп кетпегеніміздің белгісі болса керек», – деді Құлбек Ер­гөбек. Сонымен, ресми түрде қайта оралған  Наурыз алғаш рет Ал­матыда тойланды. Көзкөргендер адам санында есеп болмағанын айтады. Ал Г.Колбин мен Ө.Жәні­беков  мерекені  сырттай бақы­ласа керек. «Кейін Өзекең­мен сөйлескенде Колбин екеуі­нің мерекені сырттай бақылап тұрғанын айтты. Мына халық­тың көптігін байқаған Геннадий Васильевич дегбірсізденіп қала­ды. Желтоқсан оқиғасындағыдай көтеріліс болып кетпей ме деп қорыққан ғой. Сол кезде Өзекең оған: «Бұл халықтың жоғалтқан өзінің наурызына деген сағы­нышы. Өзінің салт-дәстүріне деген құрметі. Билікке деген ризашылығы» депті.  Қипақтап қалған Колбин «ондай болса тағы да  халықтың қандай салт-дәстүрін тірілтуге болады?» де­ген ғой. Мүмкіндікті пайдаланып қалған Өзекең енді қазақ тілінің қолдану аясын кеңейтіп, тіл мерекелерін көбейтсек деге­нінде,  Колбин сол екпінмен «давайте» деп келісімін беріп жі­берген», – деп еске алды Құлбек Ергөбек. Жазушы Мархабат Байғұт та наурыздың әлімсақтан мере­ке­ленетінін айтып өтті.  «Міржақып Дулатұлы: «Біздің қазақтай әз-Наурызға ерекше етене еш­қандай ұлт жоқ, себебі қазақ Табиғат – анаға ерекше етене» деген ғой.  Иә, 1926 жылы елдік деңгейде тоқтатылды. Діни ме­реке ретінде тыйым салды. 1988 жылы Мырзатай Жолдасбеков, Өзбекәлі Жәнібеков сынды мемлекет және қоғам қайрат­кер­лері бастама көтеріп, ұлттық  құндылығымызды қайта орал­тты.  Алматыда алғаш өткен наурызға қатыстым.  Үлкен киіз үйлер  тігіліп, кәдімгі мәре-сәре болып салт-дәстүрлер көрініс тауып, халық ұлттық киім киіп шықты.  1991 жылы Тұңғыш Президентіміз Жарлық шыға­рып, рәсімдеді. Содан бері той­ланып келеді», – деп атап өтті. Жазушы сонымен қатар кейінгі жылдардағы наурыз мерекесінің тым әсіреленіп,  оқшырайған оюлар мен ақшырайған айшықт­ардың көбейіп кеткеніне көңілі толмайтынын да айтып қалды. Сонымен бірге, тойып тамақ жеу, аста-төк тамаққа назардың көп беріліп кеткені де қынжыл­тады екен. Жалпы, Өзбекәлі Жәні­бековтің кім екенін таныстырып жатудың артық екенін білеміз. Алайда «Оңтүстік Қазақстан» газетінің бас редакторы Абай Балажан мемлекет қайраткерін бір сөзбен «Руханият шырақ­шысы» деп атады. Қазақстан тарихында болған Мәдениет министрлерінен елдің есінде қалған үш министрді ерекше атап өтті. Соның  бірі – Өзбекәлі Жәнібеков. «Жалпы, қазақ халқы мәдениеті мен руханиятын ұмытып қалмағаны үшін Өз­бекәлі Жәнібековке қарыздар», – дейді Абай Бекназарұлы.

Назгүл НАЗАРБЕК, Шымкент қаласы