Наурыз мейрамы – ұлан-ғайыр еліміздің түрлі аймағында әртүрлі тойланатын мереке. Түстікте шынымен көктем шуағы төгіліп тұрса, теріскей мен шығыста, батыста қардың көбесі енді сөгіліп жатыр. Бірақ осынау мейрам бәрібір жылдың басы саналып, бұқара асыға күтетін мереке. Ал Ұлыстың ұлы күні қарсаңында еліміздің батыс аймағында 14 наурызда көрісу басталады.
Көрісу – қазақ халқымен бірге ұмытылмай келе жатқан игі дәстүрдің бірі. Атырау өңірінде жылдан-жылға көрісу күнін айшықтай түсетін бірнеше күндік дәстүрлі мерекелер салтанаты өтіп, дәстүр аясы өзге өңірлерге де насихатталып келеді.
Ұлы Абайдың «Қырдағы ел ойдағы елмен араласып,
Күлімдесіп, көрісіп, құшақтасып,
Шаруа қуған жастардың мойны босап,
Сыбырласып, сырласып, мауқын басып» дегені көрісудің мәнін аша түседі.
Көрісудің ұғымы – өткен қыстан, жылдан аман-есен шықтық, жаңа жылға, табиғаттың жап-жасыл түске бөленіп, жасарар шағы – көктемге жеттік дегенді білдіреді.
Заманында әр кәсіпке күн арнап, жеке-дара шараға дастарқан жайып жатпаған ата-бабамыздың маңдайына жазған екі-үш мейрамы болған. Соның ұлысы – Наурыз тойы. Жалпы, Наурыз тойының ерекшелігі, бұл – күллі қазаққа ғана емес, барлық түркі мен парсы жұртына ортақ мереке. Наурыздың 22-сінде күн мен түн теңеледі. Бұл – күллі қазаққа тән ортақ ерекшелік.
Бір атап өтер жайт, «Төле бидің заманында апталап тойланатын еді» деп Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы жазған мейрамның түрлі атрибуты 1926 мен 1988 жылдар аралығында ұмыт бола бастағаны жасырын емес. Дегенмен Батыста сақталып, соңғы кездері танымалдығы артып келе жатқан көрісу салты Наурыз мейрамының сипаты бөлек әрі ерекше құрамдас бөлігі болса керек. Қазақстанның батыс өңіріне ғана тән 14 наурызда кішінің үлкенге, үлкеннің замандас, құда-жекжат, барлық мұсылман баласына сәлем беріп, қол алысып көрісетін салт соңғы жылдары әлеуметтік желілерде жиі насихатталып, оған ұқсас жөн-жоралғылардың өзге өңірлерде де ертеректе болғаны жайлы деректер анықталып жатыр.
Бір қарағанда, бұл – қазақ халқымен бірге ұмытылмай келе жатқан игі дәстүр. Наурыздың 14-де кездескен екі адам бір-біріне міндетті түрде қос қолын беріп, амандасады. Қол ұсыну кезегі – жасы кішінікі. Үлкендер ылғи да жастардың көрісуін күтіп отырады. Бұл – кейінгілердің аға ұрпақты сыйлауы, құрметтеуі. Қос қолдап көріскен жастар жағы «Қолымда ешнәрсе жоқ, ақ-адал доспын, сізге Алланың нұры жаусын. Жасыңыз құтты болсын!» десе, жасы үлкендер «Міне, менде де ештеңе жоқ, саған да нұр жаусын, аман бол, Құтты жасың болсын!» деген игі тілектермен көріседі.
Көрісудің астарында жақсылық-жамандық адамның қолымен жасалады, қол таза болса, ниет пен пейіл түзу деген ұғым барын ескеріп жүру қажет.
Жалпы, жасы кіші ер адам әке-шешеден бастап барлық тума-туысымен көрісе береді. Көрісу алдымен әркімнің өз үйінде, ата-анасынан басталып, әрі қарай жалғасады. Тек қайын ата мен қайын аға келіндеріне қол беріп көріспейді. Келіндері де солай. Алыстағы ағайынға арнайы барып көріседі.
Көрісудің бұзылмас заңы – ер адамның жасының үлкен-кішілігіне қарамай, ұзатылған қызға арнайы барып көрісуі. Жөн білетін бәйбішелер келінінің әке-шешесі алдында ұялмас үшін соғымның шұрайлысын іркіп ұстап, құда-құдағиындай сыйлы қонағына сақтайды. Сондай-ақ мереке кезінде үйдегі барлық киім-кешек пен мүліктер де сандықтан шығарылып, көзге көрінетін жерге ілінеді. Бұл, біріншіден мереке кезінде барлық жанды-жансыз жылды көруі керек деген қағидадан туындаған болса керек. Екіншіден, малдан басқа мақтанары жоқ көшпенділердің табиғи мақтанышы – үй көрсетуі. Бұрын байлар асыл мата, қымбат аң терісін киіз үйдің сыртына ілген. Сонда қыр басынан қарағанда, түрлі-түсті дүниеден тұратын керемет көрме секілді әсер қалдырған. Сонымен бірге Айт пен тойдан басқа күндері қарапайым киіммен-ақ ауыл-ауылды аралай беретін қазағымыз осы кезде жаңа киім киюге тырысқан. Бұдан біз күллі дүние жаңарып-жасарып жатқанда табиғаттың төл перзенті саналатын адам да одан шет қалғысы келмеген деген тұжырымға тоқталамыз. Осылайша, ескі жылдағы қайғы-қасірет пен өкпе-реніш сол ескі киіммен келмеске кетсін дегенді де меңзеген.
Сайып келгенде, көрісу біркүндік емесін ескерген жөн. Алыс өңірлерде тұратын, бірін-бірі көптен көрмеген ағайын-туыс, жекжат-жұрағат, дос-жарандар келер жылдың көрісу күніне дейін осы дәстүрді ұстанады.
Бүгінде батыс өңірлерде сақталып қалған осы дәстүрге өзге өңір тұрғындарының да қызығушылығы артып, оның шығу тарихын, ұғымын білуге ниет танытуда. Көрісу ұлтымыздың жаңа жылы деген пікірлер де шындыққа жанасады. «Көрісу – қазақтың жаңа жылының бір атрибуты ғана» деген ақын Светқали Нұржанның айтуынша, 14 наурыз түгел түркі, иісі қазақтың төл Жаңа жылы – Ұлыстың ұлы күні.
Ендеше Жаңа жыл күллі қазаққа құтты жыл болсын!
Тұрсын ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ,
Атырау облысы