Отандық лоукостер алғашқы халықаралық рейсін жасады
Отандық лоукостер алғашқы халықаралық рейсін жасады
129
оқылды
Бүгін, 21 наурызда отандық лоукостер FlyArystan Түркістаннан Стамбулға алғашқы халықаралық рейсін жасады. Екі елдің тарихи қалалары арасында тұрақты рейстер сәрсенбі, жұма және жексенбі күндері ұшады. Бұл туралы әуекомпаниясының баспасөз қызметі хабарлады. Түркістан – Стамбул – Түркістан алғашқы рейсіне орай Хазірет Сұлтан әуежайында брифинг өтті. Оған  ҚР ИИДМ ААК төрағасы Талғат Ластаев, Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Арман Жетпісбай, FlyArystan-ның басқарушы директоры Адриан Хамильтон-Маннс және Түркістан халықаралық әуежайының атқарушы директоры Марат Хасенов қатысты. «Бүгінгі таңда Түркістан әуежайынан Нұр-Сұлтан, Алматы, Атырау қалаларына ішкі рейстер орындалып жатыр және екінші тоқсанынан бастап түркі әлемінің рухани орталығы ретінде Түркістанды Қазақстанның 10 облыс орталығымен аптасына 53 рейс жиілігімен қосу жоспарланып отыр», – деді Талғат Ластаев. Сонымен бірге бүгін Атырау – Түркістан – Атырау бағыты бойынша алғашқы рейс жасалды. Бұл бағытқа билет бағасы бір жаққа ұшу үшін 8999 теңгеден басталады. Лоукостердің рейстеріне билетті FlyArystan мобильді қосымшасы арқылы немесе ресми сайтынан брондауға болады.