ШҚО тұрғыны WhatsApp-тағы аудиосы үшін жазаланды
ШҚО тұрғыны WhatsApp-тағы аудиосы үшін жазаланды
Шығыс Қазақстан облысының тұрғыны WhatsApp-та үй иесіне тіл тигізгені үшін жазаланды. Сот азаматты 20 сағаттық қоғамдық жұмысқа тартты. Бұл туралы Қылмыстық-түзету жүйесі департаменті хабарлады. Департамент өкілдерінің мәліметінше, отбасымен үй жалдап тұрған азамат пәтерақыны төлей алмай, үйді босатуға мәжбүр болған. Алайда заттарының жартысы мен құжаттарын сол үйде қалдырады.
«Ондағы заттары мен құжаттары жоғалып кеткен. Сөйтіп әйел адам мен үй иесі жанжалдасып қалған. Ол ашуланып, үй иесіне WhatsApp арқылы боқауыз сөздер айтып аудио жіберген», – деді ведомство өкілдері.
Жәбірленуші аудионы сақтап, сотқа жүгінген. Сотта ол дәлелдемелерді көрсетіп, ал айыпталушы өз кінәсін мойындаған.
«Сот әйелді заңбұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танып, 20 сағаттық қоғамдық жұмысқа үкім шығарды. Ол пробация қызметіне есепке қойылып, қоғамдық жұмыстарды орындау үшін әкімдікке жіберілді»,– деді ШҚО ҚАЖД пробация қызметінің басшысы Мақсат Манарбеков.