Алматыда кафелердің 20%-ға жуығы мәңгіге жабылды
Алматыда кафелердің 20%-ға жуығы мәңгіге жабылды
120
оқылды
Алматының қоғамдық тамақтану нысандарының 20%-ға жуығы мәңгіге жабылды. Бұл туралы "Қазақстан рестораторлар клубының" басшысы Гүлнар Катибаева мәлімдеді. LS агенттігінің хабарлауынша, Гүлнар Катибаева пандемияға дейін мегаполисте 6 мың мекеме жұмыс істегенін, оның 3,5 мыңы мемлекеттік кірістер департаментінде тіркелгенін айтқан. Қазіргі уақытта тамақтану объектілерінің 20%-ы шектеулерге төтеп бере алмай, жабылған. "Өткен жылғы локдаундағы шығындар әлі есептеліп жатыр. Егер мереке кезінде қанша азық-түлік сатып алынғанын есептесек, дәмханалар мен мейрамханалар табысының 50%-ын жоғалтқанын байқаймыз", – деді Гүлнар Катибаева. Сонымен бірге Алматының кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының басшысы Еркебұлан Оразалиннің айтуынша, 28 наурыздан кейін эпидемиологиялық жағдайға байланысты карантин шаралары жеңілдетілуі мүмкін. Нәтижесінде кафелер мен мейрамханаларға жазғы алаңдарды рұқсат құжатынсыз ашуға рұқсат етілуі мүмкін. Ондай жағдайда рестораторларға қойылатын негізгі шарт – қозғалысқа кедергі болмауы керек.