Семейде Абай атындағы мешіт ашылды
Семейде Абай атындағы мешіт ашылды
285
оқылды
Ұлыстың ұлы күнінде Семей қаласында Абай атындағы жаңа мешіт ашылды. Мешіттің құрылысын 2008 жылы шетелдік инвесторлар бастаған болатын. Алайда, қаржылық қиындықтарға байланысты олар жобаны жалғастырудан бас тартты. Сол кездегі жобаның құны төрт миллион доллар болған. 2010 жылы 100 миллион теңге бөлген «Қазақмыс» корпорациясы мешіт құрылысын жалғастыруды ұйғарды. Бірақ, корпорация да бұл істі соңына жеткізе алмаған. Сегіз жыл бойы семейліктер мешіт құрылысына бейжай қарамай, жұмыстың жандануына тілекші болды. Мешіт жобасы осы уақытқа дейін бірнеше рет өзгерген. 2018 жылы құрылысты аяқтауға кәсіпкер Дулат Тастекеев кірісті, –  деп жазады ҚазАқпарат. Өз қаражатымен жұмысты қайта жандандырған кәсіпкер басталған істі соңына дейін жеткізген. Нәтижесінде бүгін қаладағы ең үлкен діни нысан бой көтеріп, салтанатты түрде ашылды. «Жаңа төрт мұнаралы мешітке ұлы ақын Абай аты берілді. Сыйымдылығы – 2 500 адам. Алтын жалатылған мұнаралардың биіктігі 37 метрге жетеді. Түркістан әкімдігі Абайдың 175 жылдығына арналған іс-шаралар аясында оның аумағын абаттандырған. Олар бұл жобаға 600 миллион теңге бөлді. Мешіт ғимаратына іргелес 47 мың шаршы метр абаттандырылып, екі жерүсті көпір салынып жатыр. Сондай-ақ, 500 автокөлікке арналған тұрақ қарастырылып, 200 шам орнатылған», – деп хабарлады Семей қалалық ақпарат орталығы. Абай Ашылу салтанатына Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, дін өкілдері мен қала басшылығы қатысты. Қала әкімі Нұрымбет Сақтағанов құрылысқа атсалысқан барлық жанға алғыс айтып, семейліктерді көптен күткен мешіттің ашылуымен құттықтады. Шаһар тұрғындарын құттықтауға атақты ақын Мұхтар Шаханов пен театр және кино режиссері Асанәлі Әшімов те келді. «Бүгінгі шара Наурыз мейрамымен тұспа-тұс келіп отыр. Семейліктер үшін бұл үлкен қуаныш. Мешіт құрылысы ұзаққа созылып, біраз уақытқа тоқтатылды. Дулат Тастекеевтің арқасында құрылыс қайта жанданып, бүгін оның ашылуын атап өтудеміз. Баршаңызды Ұлыстың ұлы күнімен құттықтаймын», – деді  Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы.
                                                                                                                                                                                                                                                  Фото: inform.kz