Қордай ауданының Ауқатты ауылында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев бастаған Үкімет комиссиясы Қордай ауданының Қаракемер, Масанчи, Ауқатты, Сортөбе, Бұлан батыр ауылдарының ақсақалдарымен кездесу өткізді, - деп хабарлады primeminister.kz. Жиынға облыс әкімі Асқар Мырзахметов, ауыл ақсақалдары, беделді тұрғындар, ардагерлер кеңестерінің төрағалары, орталық мемлекеттік органдардың басшылары, Парламент депутаттары қатысты. Кездесуде проблемалық мәселелерді шешу жолдары, қоғамда келісім мен бірлікті сақтау талқыланды. Ақсақалдар жастармен рухани тәрбие жұмыстарында кемшіліктер бар деген тоқтамға келді, осының салдарынан тұрмыстық кикілжің барша жұртқа жария болған оқиғаға айналды. Ақсақалдар аталған елді мекендерді қамтитын бірлескен Ақсақалдар кеңесін құру туралы келісімге келді. Бұл ауылдардағы тұрмыстық проблемаларды ауыл ақсақалдары ортақ Кеңесте шешетін болады. Олар жастармен тәрбие жұмыстарын жүргізіп, Қордай ауданында тұратын барлық ұлттардың арасында бірлік рухын нығайту үшін бірлескен мәдени-спорттық сипаттағы ойын-сауық шараларын ұйымдастыру міндеттемелерін алды.
«Біз бала кезден доспыз, бірге өстік, бірге жұмыс істедік, қайғыда да, тойда да бірге жүреміз. Жастар бір-бірімен араласуы керек, сонда олар бір-біріне жақындай түседі. Біз 11 ақпанда Сортөбеде бас қосуға келістік. Біз өз ақсақалдарымызды, олар өздерінің ақсақалдарын алып келеді. Алдағы уақытта қайталанбауы үшін туындаған барлық мәселелерді талқылаймыз», — деді қоғам қайраткері, аудандық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Әбдібек Сейілханов.Айта кетейік, біз Жамбыл облысы Қордай ауданындағы ауылдардағы қақтығыстан кейінгі жағдайды түгел баяндап отырмыз.