Мақсатқа жетуге мүмкіндік көп
Мақсатқа жетуге мүмкіндік көп
162
оқылды

Тәуелсіздік алған сәттен бері, 30 жыл ішінде біздің мемлекет және «Nur Otan» партиясы тарапынан еліміздің тарихы мен салт-дәстүрін нығайтуға, аға буын өкілдеріне қамқорлық көрсетуге, өскелең ұрпақты патриотизмге тәрбиелеуге, мәдени мұраны сақтауға үлкен мән беріліп келеді. Ұлыстың ұлы күнін атап өткен қаймана жұртымыз қарияларды қадірлеп, көмекке мұқтаж жандарға қайырымдылық жасауды өмірлік серік еткені белгілі. Бұл үрдіс бүгінде «Nur Otan» партиясы қызметінің ажырамас бөлшегіне айналғаны тағы бар.

«Nur Otan» партиясы аға буынға құрмет көрсету және қолдау үшін соңғы жылдары тұрақты түрде «Ардагерлерді ардақтайық!», жас ұрпақты елін сүюге әрі халқына қызмет етуге баулу мақсатында «Жастар – Отанға!» партиялық жо­баларын бүкіл еліміздің аума­ғында жүзеге асырып келеді. Сонымен қатар партия мүмкіндігі шек­телген азаматтарға қолдау көр­сету, тұрмыс ортасын барынша қолайлы ету мақсатында «Кедергісіз келешек» партиялық жобасын іске асырып келеді. Осы жұмыстар­дың барлығына «Nur Otan» партиясының Мәжілістегі фракция мүшелері жан-жақты атсалысуда. Партияның «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір!» атты сайлауалды бағдарламасында халқымыздың әлеуметтік жағ­дайын жақсартуға және тұрмысын нығайтуға бағытталған нақты міндет пен мақсат қарастырылған. Аталған бағдарламалық құжатта «Отбасы – партиямыздың басты құндылығының бірі. Отбасын қолдау және нығайту – еліміздің табысты дамуының кепілі» деп атап көрсетілген. Партия алдағы уақытта азаматтардың тұрмысын жақсартуды басты мақсат етіп қойды. Осы ретте инфляция деңгейін ескере отырып, әлеуметтік төлемдерді индекстеу жүргізіледі. Бұл мақсатқа 3 триллионнан астам теңге бөлінеді. Алдағы 5 жылда 977 мың отбасына, оның ішінде 284 мың көпбалалы және күнкөрісі кедейлік шегінен төмен отбасына, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға, жетім балаларға арналған 103 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі. Ардагерлер мен зейнеткерлерді жан-жақты қолдау жалғасады. Ынтымақты зейнетақы жыл сайын инфляция дейгейінен 2 пайызға жоғары индексацияланатын болады. Бұл тәжірибе елімізде алғаш рет қолданылып отыр. Бар­лық жалғызбасты және аса мұқтаж қарт азаматтарға атаулы әлеуметтік көмек көрсетіледі. Балалар мен жастардың білім алуына және жан-жақты дамуына жағдай жасау шарасы күшейтіледі. Осы ретте барлық өңірлерде спорт секциялары ашылып, балалар үйірмелері қайта жаңғырады. 2025 жылға қарай жастардың барлығы колледждерде сұранысқа ие мамандықтар бойынша тегін білім алады. Сұранысқа ие мамандықтар бойынша жоғары білім алуға арналған грант саны 50%-ға көбейтіледі. Сонымен қатар 2025 жылға дейін студенттердің шәкіртақысы 2 есе, магистранттар мен докторанттардікі 1,5 есе өседі. Ерекше қажеттілігі бар адам­дардың өмір сапасын арттыруға үлкен назар аударылады. Мәселен, мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған орталықтардың саны артатын болады. Барлық колледждер мен ЖОО-да, сонымен қатар мектепке дейінгі ұйымдар мен мектептердің 70%-да инклюзивті білім беру үшін жағдай жасалады. «Кедергісіз келешек» партиялық жобасы бойынша 22 мың әлеуметтік инфрақұрылым нысанына ерекше қажеттілігі бар адамдар үшін бейімдеу жұмысы жүргізіледі. 2025 жылға қарай мүгедектігімен жұмысқа орналасқан адамдар саны 30 пайызға дейін өседі. Жалпы, халқымыздың мәдениетін нығайту мақсатында 2025 жылға дейін 1 500 мәдениет нысанын салу және жөндеу жұмыс­тары жүргізілетін болады. «Рухани жаң­ғыру» бағдарламасының жүйелі түрде жүзеге асырылуы жалғасады. Міне, бұл айтылғандар «Nur Otan» партиясының алға қойған мақсатының бір бөлігі. Мұндай ауқымды мақсатқа қол жеткізу үшін бүгінде партия мүшелері бі­лек сыбана кірісіп кетті. Осы ретте партияның Мәжілістегі және жергілікті мәслихаттардағы фракция мүшелері партия басымдықтарын іске асыруға белсенді атсалысып, халықтың проблемалық сұрағын шешіп, ұсынысы мен пікірін іске асыруға күш салуы қажет. Дана халқымызда «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген на­қыл сөз бар. Барша еліміз Отанымыз бен қоғамымыздың ары қарай қарыштап дамуы жолында бірлігімізді нығайта түсуіміз қажет. Алға қойған мақсатқа қол жеткізу үшін бізде барлық мүмкіндік бар.

Бекқали ТОРҒАЕВ, Парламент Мәжілісінің депутаты, «Nur Otan» партиясы фракция­сының мүшесі