ҚазҰУ қалашығында ағаштар аллеясы ашылды
ҚазҰУ қалашығында ағаштар аллеясы ашылды
219
оқылды

Наурыз мерекесі және  ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті «Ағаш отырғызу» қайырымдылық акциясына қолдау білдіріп, 160-тан астам Қырым қарағайы мен Алтай шыршасын отырғызды.

Игілікті шара Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеуге дайындық жөніндегі мемлекеттік комиссияның бірінші отырысындағы: «Мен Ұлыстың ұлы күнін жаңаша атап өтуді ұсындым. Бабаларымыз әз-Наурыз келгенде бұлақтың көзін ашып, ағаш отырғызған. Осы тамаша дәстүрді жаңа қарқынмен жалғастырайық. Табиғатты тазалап, қоршаған ортаны көгалдандыруды қолға алайық. Мұндай шараларды барлық аймақта ұйымдастыруымыз қажет. Бұл – ата салтымыз және ұрпаққа экологиялық тәрбие берудің ең тиімді жолы» деген тапсырмасына сай жүзеге асты. Сонымен қатар Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты бағдарламалық мақаласында «Наурыз мейрамын атап өту тұжырымдамасын жасап, көктем мерекесінің маз­мұнын байыта түскен жөн. Бүкіл қоғамды ұйыстыратын құндылықтар неғұрлым көп болса, бірлігіміз де соғұрлым бекем болады. Ынтымағы жа­рас­қан жұрттың қашанда ұпайы түгел» деп атап өтіп, әз-Наурызға жа­ңаша көзқарас қажет екенін жеткізген болатын. ҚазҰУ Естеріңізге сала кетсек, ҚазҰУ «Наурыз мейрамын тойлау тұ­жырым­дамасына» сәйкес, «Көрісу күні», «Жайлау күні», «Шежіре күні», «Тарихқа тағ­зым күні», «Игі істер күні», «Шымырлық пен шеберлік күні», «Зият­керлік күні», «Ұлттық тағамдар күні», «Ұлыстың ұлы күні» және «Жоралғы күнін» қашықтан атап өтуде. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың басқарма төрағасы, ректор Жансейіт Түймебаев өз сөзінде алдағы уақытта да кампустағы жатақхана корпус­тарының жанындағы бос орындарға ағаш отырғызып, айналаны жасыл желекке айналдыру керегін атап өтті. Сондай-ақ сакураның гүлденуін көру үшін алыс Жапония еліне аттанбай-ақ табиғаты әсем ҚазҰУ қала­шығында студент жастарымыз үшін арнайы шие және алма ағаштарының аллеясын бөлек ашуды ұсынды. Бұл жоба іске асырылса, жеміс ағаштар аллеясы студенттердің, қонақтар мен қала тұрғындарының сүйікті орындарының біріне айналмақ.