Пандемия, компьютер және тұтылған басшылар
Пандемия, компьютер және тұтылған басшылар
116
оқылды

2020 жылмен байланыстыратын естелік көп. 12 айдан астам уақыт бетпердесіз аяқ аттамауға үйреткен жыл білім саласындағы былықтың да бетін ашуымен есте қалды. Өйткені үйге қамалған оқушылар ойламаған жерден онлайнға ауысып, бұрын-соңды білмеген бағдарламаларды меңгеруге мәжбүр болды. Сәйкесінше, білім басқармалары тиісті жабдықпен қамтамасыз етуді мойнына алды. Жағдайы жетпегендерді қажет техникамен қамту оңай болмады. Бірде тауардың жеткізілуімен мәселе туса, енді бірде «қымбатын алдық» деп қол қойып, іс жүзінде арзанымен амалдағандардың ісі әшкере боп жатты. Кей білім басқармасының басшылары жемқорлық, мемлекет қаражатын оңды-солды шашу фактілерімен ұсталып, босатылды. Енді бірде қоғамда резонанс туып, Жемқорлыққа қарсы қызметтің қырағылығының арқасында ақша үнемделді

Қарағандылық басқарманың қулығы

Әлқисса, жақында ғана жария болған хабардан бастасақ. 23 наурызда желіде бейресми ақпарат тарады. Атап айтқанда, Қарағанды облысы Білім басқармасының басшысы Гүлсім Қожахметованың басы дауға қалды. Басқарма басшысы мен жеке фирма директоры оқушыларды қашықтан оқуға арналған техникамен қамтамасыз етуде қулық-сұмдық жасады деген күдікке ілінді. Мәжіліс депутаты Ирина Смирнова қоғамдағы мәселелерді ашық сынға алып жүреді. Бұл жолы да әдетінен танбады. Сілтемені бөлісе отырып, былай деп күйінді. «Үйінде компьютері жоқ бала өзіне уақытша болса да компьютер келе­тінін білгенде қалай қуанғанын елестете алмаймын. Бірақ көбінің күткені болмады. Себебі үп-үлкен ағайлар мен апайлар балаларды әдеттегідей алдай салды. Бала арманынан бөліп жарып, ақшалы болды. Білім басқармасының басшылары тәрбие туралы айтқанда сөзден гөрі істің салмағы басым екенін есте ұстасын. Балалар бәрін түсінеді. Осылай жасап алып, патриотизм, үлкендерге құрмет жайлы айтудың қажеті шамалы. Бәрі бос сөзге айналады», – деді Facebook-тегі парақшасында мәжілісмен. Смирнованың осы жазбасының ас­тында топтасқан пікірлердің ішінен Әлия Жұманғалиев есімді қолданушының жаз­ғаны көзге түсті. «Қашықтан оқыған кезде балам өзіне берген планшетті сындырып алған. Келісімшартқа сәйкес, мектепке оның құнын, яғни 60 мың теңге шығынын өтеуіміз керек. Сөйтіп, дәл сондай план­шеттің бағасын сұрастырсақ, көтерме емес, кәдімгі ең қымбат дегендерінің өзі 27 мың теңге тұратынын білдік» деп пікір қалдырыпты. Ал ендеше облыстық бас­қарманың былығы жайлы айтайық. Аноним Telegram-да жарияланған дерек бойынша, Қожахметова оқушыларға сапасыз компьютер сатып алған. Осы­лайша, 3,8 млрд теңгені ысырап қылған деседі. Басқарма басшысының тағайын­далғанына да көп бола қоймаған. 2020 жылдың шілдесінде келген Қожахметова сегіз ай болмай жатып істі болса, бұл салада бұрыннан келе жатқандардың «таза» болуы қиын деп топшылауға болар ма екен? Мемлекеттік сатып алу сайтында Қара­ғанды облыстық Білім басқармасы 2020 жылы мектептерге арналған компьютерлер сатып алуға үш ірі тендер өткізген. Technodom Operator 236 млн теңгеге 3 783 планшет сатқан. Біреуінің бағасы – 62 491 теңге. «КазИнтерСервис-Астана» ЖШС-нен 3 048 млрд теңгеге 21 355 ноутбук алынған, сонда бір данасы 142 767 теңгеден. «Логиком» АҚ 2 920 компьютерді 412 млн теңгеге сатқан. Біреуінің құны – 141 339 теңге. Бұл жағдайға қатысты облыстық басқарма үнсіз қалған жоқ. Желідегі сөзбен де келіспеді. Тәуелсіз сараптама жүргізіліп, нәтижесінде компьютерлік техниканың барлық талапқа сақадай сай болғанын жеткізді. «Сатып алу мен қабылдауда ашық­тық болуы үшін 13 адамнан тұратын жұмыс тобы құрылған еді. Оның ішінде компьютерлік техника мамандары да болды. Тәуелсіз сараптама да жүргіздік. Нәтижесінде, талапқа сай болып шықты. Тек «Құрылғыны басқару және қолдан­баларды басқару» бағдарламасына қатысты ғана мәселе туды. Бірақ бұл процедураны кез келген қолданушы жасай алады», – дейді басқармадағылар. Ал Жемқорлыққа қарсы қызмет әлі пікір білдірген жоқ. Демек, қандай да бір шешім не уәж айтуға құқығымыз да жоқ.

Сапасыз планшет салдары: істі болған Майгүл Омарова

Бұған ұқсас жағдай Талдықорғанда да болған. Оқушыларға берілетін ноутбуктер мен плашенттердің сын көтермейтін сапасы жайлы ата-аналар да, қоғам белсенділері де шулаған. Аймақ әкімдігі әу басында 12,5 млрд теңгеге техника алатыны жайлы ақпарат таратқан. Бірақ мемлекеттік сатып алу сайтында одан төрт есе аз сома көрсетілген. Нақты айтқанда, 2,8 млрд теңге. Бұл қалай деп сұрау салғанда Білім басқармасы басшысының орынбасары Гүлсара Исағұлова техника сатып алу әлі бітпегенін айтқан. Ratel тілшілері ақ-қарасын анықтау үшін тіпті қоймаға да барған. Сол кездегі Ақпараттық техно­логиялар орталығының директоры Арапби Меңлібаевтың журналистерге сатып алынған техниканы көрсетіп жатқан сәті таспаланған видео да желіде бар. Былтыр қазанда қоймада Қытайдан алынған, 76 мың теңгелік планшеттер болғанын көр­дік. Бір қарағанда, өте сапасыз көрінеді. Әрі шығарушы жайлы ақпарат та белгісіз. Сонымен қатар істен шыққан компью­терлер де бар екен. Жалпы саны 209 дана. Өзіміздің өндірушілердің қолынан шығыпты. Бір дербес компьютердің құны – 159 857 теңге. «Бәрі жақсы, бәрін реттейміз» деп алып артынша видеода таныстырып жүрген Арапби Меңлібаев, облыстық басқарма басшысы Майгүл Омарова, басқарманың бас маманы Бақыт Абдолданов істі болды. Жемқорлыққа қарсы күрес қызмет шенеу­нікті бұлтартпас айғақпен ұстады, видео­сын да қоса жариялады. Антикор қыз­меткерлері түн ішінде машинаны тоқтатып, тінтиді. Ішінен үлкен дорбаны алып шы­ғады. Қарасақ, іші толған ақша. Одан кейін құқыққорғаушылар жұмыс бөлмесін де, үйін де тінтіп шығады. Осылайша, биылғы 1 ақпанда сотқа дейінгі тергеу басталады. 4 ақпан күні сот Алматы облысы Білім бас­қармасы басшысы мен ғылыми-тә­жірибелік орталық директоры екеуін екі айға қамауға алды. Ал бас маман үйқамаққа қамалды.

149 мың теңге VS 250 мың теңге

Естеріңізде болса, бұған дейін Ақтөбе об­лысындағы Білім басқармасының былығы жайлы да жазған едік. Қысқа қайыра айтқанда, басқарма 2018 жылы компьютерлерді тым қымбатқа сатып алған. Техника дүкендерінде құны 149 мың теңгелік техниканы басқарма 250 мың теңгеден алған. Сөйтіп, барлық лот бо­йынша 1 млрд 250 млн теңгеден астам сомаға келісімшарт жасасқан. Осы сынды мәселелер ел ішінде ашық талқыланып, тендерлер көз алдымызда жүргізіліп жатса, бәлкім бюджет қаражатын тиімсіз жұмсау азаяр ма еді?! «Ақтөбе – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің басшысы Қуанышбек Серікжанның айтуынша, кез келген саладағы жемқорлықты азайтудың бірден-бір жолы – ашықтық. «Нақты білім сала­сына келсек, бұрын мектеп директорлары жабық түрде тағайындалатын. Қазір ол процесс бейнетаспаға түсіріледі, біз де бақылаушы ретінде қатысып жатырмыз. Мұндайда сыбайлас жемқорлық фактілері алдын ала келісіп алмаса, дәл сол жерде болмайды. Сонымен қатар субсидиялардың бөлінуі, мемлекеттік бағдарламалардың орындалуында да бақылаушы болып кіру туралы ұсыныс айттық. Сол арқылы ашықтықты қамтамасыз еткіміз келеді. Тағы бір айта кететін жайт, мемлекеттік сатып алумен айналысатындар болмаса, халықтың дені бюджеттің интерактив картасы туралы біле бермейді. Осы ретте қанша қаражаттың қайда бөлініп жат­қанын, қай тендерді кімнің ұтқанын әлеу­меттік желіде ашық жариялаған дұрыс деп ойлаймыз. Сонда халық тікелей бақылауға мүмкіндік алады. Бұдан бөлек, AntikorLive-та тікелей эфирлер жүргізіліп тұрады. Түрлі орган басшылары, мектеп директорлары, әкімдер эфирге шығады. Сол жерде әркім қалаған сұрағын қояды. Бір жақсысы, он­дағы сауалды жауапсыз қалдыра алмайды. Міне, осы сынды шаралар арқылы азамат­тық қоғам қалыптастыруға, мемлекеттік орган мен халық арасында байланыс орнатып, ашықтықты қамтамасыз етуге болады деп санаймын», – дейді Қуанышбек Серікжан.

Білім саласындағыбасқа да былықтар

Бұл атап өткеніміз – техникаға қатысты ғана. Қаражатты оңды-солды шашып, пайдасына жұмсаған Қостанай облысы Алтынсарин аудандық білім бөлімінің жетекшісі Арайлым Мамаева мен мемле­кеттік сатып алу бойынша есепші Бақтияр Райкин айыпты деп танылған еді. Жалған келісімшарттар жасап, мемлекет қаржы­сын жымқырған. Нәтижесінде, елге кел­тір­ген шығыны 11 421 900 теңгеге баға­ланды. Мамаева өмір бойына мем­лекеттік қызметтен шеттетіліп, 4 жылға бас бостан­дығынан айырылды. Райкин де кінәсін мойындап, 4 жыл 6 ай мерзімге сотталды. Былтыр қыркүйекте Ақмола облы­сында болған бір оқиғаны атап өтпесе болмас. Сәл болмағанда, бюджет қаржысы тағы бір мәрте «желінер» еді. Мемлекеттік сатып алу саласында қаржыны үнемдеуге Жемқорлыққа қарсы күрес департаменті атсалысты. «Алтынмен апталып, күміспен қапталған» ноутбук пен компьютер жайлы әңгіме. Ақмолалық шенеуніктер қаражатты тиімсіз жұмсамақ болмақ. Нақты айтқанда, 23 мың дана техника алуға бюджеттен 3,5 млрд теңге бөлінген. Бірақ Антикор мен білім басқармасы құрған комиссия тексере келе, бұл техникалардың бағасы нарық­тағыдан тым қымбат екенін анықтайды. Айырмашылығы шамамен 700 млн теңгеге тең. Қуанышқа орай, дер кезінде белгілі болды. Мемлекеттік орган атаулыға халық сенімі азайған уақытта қоғамның белсенді, бел буа кіріскені жақсы нәтижеге жол ашатынына тағы бір дәлел. Соның ішінде мемлекеттік сатып алу саласында әркімнің өз аудан, ауылында қандай мақсатқа қанша қаражат бөлінгенін бақылап, есебін сұра­ғаны жөн.

Жадыра АҚҚАЙЫР