Байден-Путин қақтығысы: себеп неде?
Байден-Путин қақтығысы: себеп неде?
137
оқылды

Наурыздың ортасына таман жа­­һандағы қос алпауыт мемлекеттің басшысы бір-бірін ауланың тентек балаларынша айыптап тастады. Дә­лірек айтқанда, АҚШ президенті Джо Байден Ресей басшысы В.Путинді жендетке теңеді. Соңғысы да қарап қалған жоқ, «өзің сон­­дай­сың» деген сыңайдағы жауап қатты. Сөйтіп, батыс елдерінің Ресейге қар­­­сы сая­­саты жаңа дең­гейге шық­­қан жайы бар. Әзірге бұл оқиға­лардың қандай салдары боларын болжау қиын. Тек алып мем­­ле­­­­­кеттердің бір-біріне қай кезден бас­­­тап қырын қа­рай бас­тағаны ғана белгілі.

Байден қатты кетті, Путин не істеуі мүмкін?

Әңгімені әріден бастасақ, 17 наурыз күні АҚШ президенті Джо Байден АВС телеарнасына берген сұхбатында В.Пу­тинді «кісі өлтіруші» деп атады. Дәлірек айтқанда, журналистің «Ресей президентін кісі өлтіруші деп санайсыз ба?» деген мағынадағы сауалына «Иә» деп жауап берген. Әрі 2020 жылы өткен президент сайлауында Дональд Трамптың жеңуі үшін түрлі айла-шарғы жасағаны үшін В.Пу­­тиннің жауап беретінін де қосып қойыпты. Оның бұлай қатты кетуіне АҚШ барлау қызметінің 16 наурызда арнайы баяндама жариялауы да әсер етсе керек. Баяндамада Мәскеудің сайлау процесіне араласқаны айтылған. Бұл жағдай Байденді ашулан­­дырған сыңайлы. Сөйтіп, Джо Байден ешбір саясаткердің аузынан шықпаған сөзді айтып салды. Тура мағынасында «кісі өлтіруші» деген сөзді ХХ ғасырдың ор­тасында Франклин Рузвельт Гитлерге қатысты қолданған. Кейін АҚШ-тың КСРО-дағы елшісі Уильям Буллит Руз­вельтке «Сталин – қанішер жендет» деп жазғаны жайлы деректер бар. Өзге ешкім Мәскеу қожайынына қатысы қатты кетіп көрген емес. Осы жолы АҚШ басшысы қатты айтты. Ал В.Путиннің онлайн ре­­жимде пікірлесуге шақырғанына АҚШ президентінің баспасөз хатшысы Джен­нифер Псаки мемлекет басшысының жұ­мысы тым көп екенін айтып, Ресей жетек­шісімен сөйлесуге құлықсыз екенін тұс­пал­дады. Сөйтіп, В.Путиннің Байден­мен қайта тілдеспек болған әрекеті сәтсіз бол­ды. Содан да шығар Ресей баспасөзі де, идеологтары да түрлі әрекетке барып жа­тыр. Олар АҚШ пен Еуропаға әсер ету мүмкіндігінің азайғанын аңғарса керек, бағытты ішкі аудиторияға бұрғандай көрінеді. В.Путинді жақтаған бейнеро­ликтер, әлеуметтік желілердегі жазбалар, саясаткерлердің мәлімдемелері Ресейде көп таратылып жатыр. Мәскеудегілер орыс халқының отаншылдығына сүйенуді көздеген сыңайлы. Ресейлік саясаттанушы Сергей Марков Байденнің сөзінен кейін Путиннің рейтингі өсетінін айтады. «Ол азаматтар үшін Ресей батыры, Ресейді қорғаушы болып саналады, қоғам оның әр әрекеті дұрыс деген пікірде. Дәл қазір сайлау болса Путин кемі 60 пайыз дауыс жинар еді» депті С.Марков. Алайда С.Мак­ров тәрізділердің пікірі ішкі ауди­торияға бағытталғаны жасырын емес. Ал сыртқы саясатта барлық амалдар тығы­рыққа ті­релгендей көрінеді. Содан да болар, ресейлік психолог әрі саясаттанушы Леонид Гозман Ресей басшысының Бай­денге жауап қатуға қауқарсыз екенін ай­тады. Қазір Ресейдің қыр көрсететіндей қауқары да, өзгеге қысым жасайтындай тетіктері де жоқ дегенді айтады сарапшы. Сонымен бірге ішкі аудиторияға ба­ғытталған шаралар да нәтижесіз болуы ықтимал. Яғни, үгіт-насихат қоғамға өтпеуі мүмкін. Демек, Мәскеу идеологтары әзірге өздерін-өздері алдаусыратып отыр­ғанға ұқсайды. Іс жүзінде Ресейдің АҚШ-қа қарсы жасар амалы қалмағанға ұқсайды. Сондықтан Мәскеудің жауабы қандай боларын болжау да қиын. Тек Сирия қатарлы елдерде түрлі әскери әрекеттер ұйым­дастыруы мүмкін. Одан қалса, төңі­ректегі елдердің аумақтық тұтастығына күмән келтіретін мәлімдемелер жасайтын саясаткерлердің қатарын көбейтуі ықти­мал. Алайда бұл амалдардың АҚШ-қа тікелей қатысы болмайтындықтан, тек «таз ашуын тырнадан аладының» кебіне ғана айналады.

Телеарна сұхбаты Байденге де сынақ болды

Бір атап өтер жайт, Джо Байденге қой­ған сұрақты америкалық журналистер ке­­­зінде Дональд Трампқа да қойған деседі. Сарапшы Ксения Кириллова мұндай сауал АҚШ қоғамы үшін тест екенін айтады. Егер президенттер осы сауалдан сүрінбесе қоғамдағы беделі өседі. Сондықтан Байден сауалға «иә» деп жауап берген. «Әйтпесе, өзі ресми түрде мәлімдеме жасап, В.Пу­­­тинді «жендет» деп әдейі атаған жоқ. Тек журналист сауалына жауап беру арқылы ұстанымын білдірді» дейді сарапшы. Со­нымен қатар ол АҚШ президентінің сөзге әуес емес екенін, керісінше іске кө­шуді құп көретінін айтады. Сол себепті Ресейге қар­сы салынып жатқан санкциялар жеке адамдар мен кәсіпорындарға ғана ба­­ғытталмайды. Тұтас секторларға қарсы са­лынып жатыр. Мамандар АҚШ санк­циялары қаржы, технология, қару-жарақ өнәркәсібі тәрізді салаларды қамтуы мүм­кін екенін айтады. Тіпті, Ресейдің SWIFT жүйесінен ажыратылуы мүмкін дейтін бол­­жамдар да айтылып жүр. Қысқасы, са­рапшылардың бірқатары Байденге сауал күтпеген жерден қойылғанымен, ол мә­селенің маңызын ескере отырып жауап бергенін айтады. Бұдан кейін Ресейге қарсы мәлімдемелер мен санкциялардың тізбегі жедел көбеюі мүмкін. Еуропаға келген АҚШ мемлекеттік хатшысы Тони Блинкеннің сапарынан кейінгі мәлім­демелер де соның айғағы. Осы кезде­су­лерден кейін НАТО Бас хатшысы Йенс Столтенберг: «Біз гибридтік қорғаныс пен киберқорғанысты күшейттік. Әрқашан сақпыз. ЕО және жақын одақтастарымызбен бірлесе отырып РФ-ның кез келген әре­кетіне бірлесе жауап береміз», – деді. Мұның өзі Байденді ашық қолдаудың белгісі. P.S.  

Ядролық қаруы бар, әлемдік саясатта шешуші рөл атқаратын елдердің қырғи-қабақ бола қалғаны жақсы емес, әрине. Ал әзірге теріскейдегі көршіміздің жағдайы қиын болатын түрі бар. Бәлкім, ерте ме, кеш пе Мәскеу мен Уашингтон өзара ымыраға да келер. Тек оған дейін осынау текетіресте «қосақ арасында бос кететін» елдердің күйі не болмақ?

АмангелдіАмангелді ҚҰРМЕТ