Шекара – тарих аманаты
Шекара – тарих аманаты
312
оқылды

Қытай – философиясы мен тарихи миссиясы сабақтаса өрілген көнеден келе жатқан ел. Сондықтан бұл көршімен тең саясат жүргізу оңай шаруа емес. Жаңа ғана өркен кө­терген тәуелсіз еліміз үшін шекара мәселесін шешу де жал­­ғыз ишарамен жүзеге аса қоймағаны белгілі. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың көреген саясаты мен табанды ерік-жігерінің арқасында 1 700 шақырымдық шекара он жыл ішін­­де толықтай шегенделіп болды. Ендеше тәуелсіздігіміздің баянды болмағы тату көрші мен шегенді шекарадан.

Шиеленіс шебінде...

Қытаймен шекара мәселесін сөз еткенде оның ілгергі тарихына тоқталмай кетуге болмайды. Өйткені ол кезең күрделі де күрмеулі жайттарға толы. Тарихи құжаттарды зерделеп көрсек, Қазақстан–Қытай шекарасы үш ғасыр бойы қалыптасу кезеңінде болған екен. Ал алғаш рет ресми ресімделуі 160 жыл бұрын басталған. Ол уақытта қазақ жері Ресей империясының құрамында болатын. 1860 жылғы Бейжің қосымша шарты мен 1864 жылғы Шәуешек хаттамасы делимитациялау жұмыстарының ал­ғашқы құжаттары еді. Одан соң 1881 жылы Петербург шарты бе­кітіліп, бұл процесс Орталық Азия шегінде Ресей–Қытай шекарасының орнауымен аяқталды. «1881 жылы Петербург шартына сәйкес, шамамен 70 мыңдай ұйғыр, дүнген, қазақ ұлтының өкілдері Ресей аумағына көшіріледі. Осы оқиғалар тұсында экономикалық тұрғыдан да, әскери тұрғыдан да анағұрлым күшті Ресей империя­сы шекара белгілеу кезінде талай жерде белден басып жібергені бел­гілі. Тіпті, шекараны Қытай жағына қарай 10-15 шаршы шақырымға дейін жылжытып қоюға дейін бар­­ды. Әсіресе, 1917-1922 жылдардағы азамат соғысы кезінде мемлекеттік шекара қараусыз қалып, шекаралық бағаналар жойылды. Бұл кейін­нен кеңес шекарашыларына Қытай аумағына біраз жерге дейін сұғына кіруге мүмкіндік бер­ді», – дейді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев басылымдардың біріне берген сұхбатында. Осыған жалғас өткен ғасырдың алпысыншы жылдарында Мәскеу мен Бейжіңнің арасындағы идеологиялық текетірес әбден асқынып, Кеңес – Қытай шекарасындағы жағдай қиындай түседі. 1967 жылдан бастап КСРО шекарасын бұзу жиілеп, оның аяғы 1969 жылы Даман аралы мен Жалаңашкөлдегі қақтығысқа алып келеді. Тіпті, осы жылы соғыс оты тұтанып кетуі де әбден мүмкін еді. Өйткені қос ел со­ғысқа шындап дайындалды. Шекараның екі бетіне жер қайыс­қан қалың әскер топтастырылды. Мәселен, Түркістан әскери ок­ругіне қоса жаңадан Орталық Азия әскери округі құрылғаны осының нақты дәлелі. Тянь-Шаньның екі бетіндегі талай-талай асуларға әскери техника толтырылып, бекіністер, аэродромдар мен арсеналдар салынды. «Бізге КСРО-дан қалған ауыр мұра көп еді. Солардың ішіндегі ең ауырының бірі – шекара мәселесінің шешілмегені. Қытай –Кеңес шекарасы ұзақ жылдар бойы шиеленіс шебі болып келгені белгілі. 1 700 шақырымға созылған шекараның өн бойына қаптаған қарулы күш шоғырландырылды. Бұл даудың әбден шегіне жеткен жері Да­ман аралындағы 1969 жылғы қақ­тығыс болды. Онда жүздеген адам оққа ұшты. Сондай қақтығыстардың бірі қазақ жерінде де болды. Дәл сол жылы Жалаңашкөлде совет және қытай әскерлерінің қанды ұрысы болғанын да ұмыта қойған жоқпыз.  Қазақстан сондай текетірестің нағыз өтінде тұрды. Абырой болғанда, үлкен жанжалдың өрті өрши қойған жоқ. Әйтсе де, соңдарына дау-дамай шығатындай көп мәселені қалдырып кетті. Ол түйіннің бәрін біздің тарқатуымызға тура келді» деп еске алады Елбасы.

Он жылда орайын тапқан миссия

Кеңес Одағы ыдырағанға дейін Қытаймен шекараға қатысты ке­ліссөздерді Мәскеу бастаған Қазақстан, Қырғызстан және Тә­жікстан елдерінің өкілдерінен тұ­­ратын делегация жүргізіп келген бол­­­­са, 1992 жылдан бастап тәуелсіз еліміз шекара мәселесін шындап қолға алды. Елбасы Н.Назарбаев Қытай Халық Республикасымен мемлекеттік шекараны делимитациялау мәселесіне ерекше назар ау­­­­­дарды. Елдің қауіпсіздігі мен ау­мақтық тұтастығын қамтамасыз ету мақсатында Үкіметке, Сыртқы істер министрлігіне, өзге де тиісті ми­­нистрліктер мен ведомстволарға мемлекеттік шекараны заңды түрде ресімдеу үдерісін бастау тапсырылды. Бұл үлкен ыждағаттылық пен асқан шеберлікті талап ететін миссия еді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі сол жылдарды жеңісті істердің шежіресіндей еске алады. «Қазақстан –Қытай шекарасының барлық мәселесінің халықаралық заңнама талаптарына сәйкес реттелуі – біздің дипломатиямыздың жарқын жетістігі. Қазақстан небәрі он жылдың ішінде Қытаймен аумақтық мәселені толық рет­­теді. Демаркацияланған шекараның жалпы ұзындығы 1 783 шар­­шы шақырымды құрады. Шекара сызығын белгілеу жөніндегі жұмыс екі кезеңнен тұрды. Әуелі, 1994 жылы шекараның ұзына бойындағы сызықтың өтуі туралы ке­лісімге қол қойылды. Талас тудыратын учаскелер ғана ол келі­сімнен сырт қалды. Мұның өзі екі жақтың шетін мәселе бойынша келісуге әзірлігін қуаттаған үлкен қадам еді», – дейді Нұрсұлтан Әбішұлы «Егемен Қазақстан» басылымына берген сұхбатында. Осы қысқа мерзімнің ішінде келіссөздер барысы жиырмадан астам кезеңнен тұрған екен. Соған қарап-ақ Қазақстан – Қытай мемлекеттік шекарасын халықаралық-құқықтық ресімдеу мәселесі тараптардың кездесулер кезінде талқылаған негізгі тақырыптарының бірі болғанын аңғаруға болады. Аса тыңғылықты дайындықпен жүргізілген сол келіссөздердің нәтижесі 1994 жылғы 26 сәуірде ҚХР мемлекеттік кеңесінің премье­рі Ли Пэннің Алматыға сапармен келуімен түйінделіп, алғашқы келісімге қол қойылды. Келісім 1995 жылғы 11 қыркүйекте ратификацияланып, грамоталар алмас­қаннан кейін қолданысқа енгізілді. Осыдан соң шекараны демаркация­лау процесі басталды. 1997-1998 жылдары мемлекеттік шекараға белгілер орнату үшін дала жұмыс­тарын ұйымдастыруға арналған нормативтік-құқықтық база әзірленіп, бағаналарды орнату 2001 жылдың соңында аяқталды. 2002 жылы Бейжіңде Қазақстанның сол кездегі Сыртқы істер министрі, бүгінгі Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қытайдың сыртқы іс­тер министрі Тан Цзясюан екі ел үкіметі арасындағы Қазақстан –Қытай мемлекеттік шекарасының сызығын демаркациялау туралы хаттамаға қол қойды. Осылайша, дипломаттарымыздың біліктілігі мен іскерлігінің арқасында еліміз 1992-2002 жылдар аралығында Азия алыбы Қытай Халық Респуб­ликасымен мемлекеттік шекараны барлық периметрі мен өлшемдері бойынша нақтылап алуға қол жеткізді. «Қытай басшысының парасаттылығы, болашақтың биігінен қарай білетіні осы күрделі мәселені уақытылы, өз деңгейінде шешуге септескені анық. Мемлекет басшыларының арасындағы жылы қарым-қатынастардың халықаралық саясатта үлкен рөл атқаратын кездері көп. Әрине, шекара белгілеу сияқты аса маңыз­ды мәселеде шешуші сөз мемлекеттер басшыларына тие­сілі. Елдің осы істегі саясатының тұжырымын ел басшылары айқындайды. Мен Қазақстанның жас дип­ломатиясы да сол биіктен табылғанын ерекше айтқым келеді. Бұл істе көп жыл бойы сырт­қы саясат ведомствосын бас­қарған Қасым-Жомарт Тоқаевтың кәсіби  қытайтанушы  болуының да көп ықпалы тиді. Сыртқы істер минис­трлігінің осы жұмысқа тартылған командасы да тамаша біліктілік көрсетті», – деді Нұрсұлтан Әбішұлы.

«Даулы» телімдер – тиімді бөліс

Келіссөздердің бірінші кезеңінен тыс қарастырылған, арнайы талқылау нысанына айналған «дау­лы» телімдер бұрынғы Талды­­қорған облысындағы Сарышілде өзенінің ауданы мен Шығыс Қазақстан облысының Шағаноба және Баймыр­за асуларына қатысты аумақтар болатын. Осы Сарышілде өзені маңындағы жалпы көлемі 315 шар­шы шақырымға жуықтайтын учас­кенің Шолақ асуына дейінгі бір бөлігін қазақстандықтар мал шаруа­шылығына пайдаланып келген екен. Шекараны делимитация­лау мәселелеріне байланысты келіссөз­дер нәтижесінде бұл аумақтан Қазақстанға 95 шаршы шақырым  жер қал­дырылды. Онда шаруа­шылық жүргізудің дәстүрлі аймақтары, мал жайылымы, шабындықтар мен орман алқаптарының бір бөлігі сақталды. Ол – Сарышілденің шы­ғыс бастауынан Черемховая өзені­мен қосылатын жерге дейінгі сол жағалауындағы аймақ, сондай-ақ Черемховая өзенінің бүкіл арнасы мен Шолақ (Содабань) асуының ауданын қамтитын жерлер еді. Ал келесі «даулы» учаске Ша­ғаноба және Баймырза асуларындағы жерлердің жалпы аумағы 629 шар­шы шақырымға жуық. Бұл жер­лердің басым көпшілігі, яғни 442 ша­р­шы шақырымы Қазақстан жа­ғына бекітілді. Бұл мәселелерде Қа­зақ­стан тарапының анағұрлым жеткілікті де бұлтартпайтын дәлелдемелері ескерілгенін баса айтқан жөн. Сонымен қатар еліміздің ше­гінде екі шекаралық застава мен орман шаруашылығы, бүкіл орман алқабы және мал шаруашылығы ау­дандарының көпшілігі сақталып қалды. Қытай жағына Адырбай мен Талдыайрық өзендерінің жоғарғы ағыстарының аңғарлары, Баймырза асуы ауданындағы Тарбағатай жотасының оңтүстік баурайын қам­титын аумақ өтті. Бұлардың жалпы алаңы 187 шаршы шақырымды құрайды. Осылайша, бұл «даулы» учас­келердің жалпы аумағы шамамен 944 шаршы шақырымдай болса, оның 537 шаршы шақырымы, яғни 56,9% Қазақстанға, 407 шаршы шақырымы, яғни 43,1% Қытайға тиесілі деп танылды.

Нұрлан ОРАЗҒАЛИ