Қостанай тұрғындары еріген қардың суымен жуынады
Қостанай тұрғындары еріген қардың суымен жуынады
139
оқылды

Қостанайда облыс орталығының іргесіндегі ауылдардың көпшілігінде ауызсу тапшы. Мәселен, Октябрь округіне қарасты алты елдімекеннің бірде-біріне орталықтандырылған су желісі тартылмаған, – деп хабарлайды 24.kz.

Тұрғындар ауызсуды көлікпен тасиды. Сондықтан тұрғындар оны үнемдеп пайдаланады. Жуыну үшін даладағы қарды әкеліп ерітеді. Облыс орталығынан 20 шақырым жердегі Молоканов ауылына орталықтандырылған су желісі тартылмаған. 500-ге таяу тұрғыны бар ауылға суды аптасына бір рет әкеледі. Тұрғындар үйдегі бар ыдысына толтырып алады.

Молоканов ауылының тұрғыны Сайын Шаяхметов: «Жуыну үшін моншаға қарды ерітеміз. Оның өзі қап-қара боп кетеді. Бірақ амал жоқ», – дейді.

Әкімдіктегілердің айтуынша, Молокановқа су тарату қондырғысы биыл орнатылмақ. Жалпы облыс бойынша биыл 104 ауылға осындай қондырғы орнату жоспарланған.

Энергетика және ТҮКШ басқармасының басшысы Дәурен Асқаров: «Егер бір жылда барлық ауылға жобалық-сметалық құжат жасап, орталықтандырылған желі тартамыз деп айту ақылға сыйымсыз. Себебі, оның бәрін қаржыландырып, жүзеге асыру мүмкін емес. Сондықтан бұл жұмыс біртіндеп жүргізіледі», – дейді.

Былтыр облыста 13 ауылға орталық су желісі тартылған. Биыл олардың қатарына бес елдімекен қосылады. Алайда, Молоканов ауылына орталық су желісін тарту жоспарда жоқ.