Қаладағы құрылыс алаңдарын аралаған облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев демалыс орталығының ашылуға дайындық барысымен танысты. Бұл туралы Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Жоба авторларының айтуынша, қиял-ғажайып орталық Самұрық құстың жұмыртқасы халық аңызына негізделген. Бәйтеректің бұтағындағы ұясына келіп, киелі Самұрық құс күн бейнелі алтын жұмыртқа салады. Дәл осы алтын түсті алып жұмыртқа келбетіндегі ерекше театрда Бәйтерегіміз сияқты сиқырлы ертегілер еліне, қазақ халқының тарихына жаңа технологиялардың көмегімен, 8D форматта әсерлі саяхат жасауға болады. Еліміздің өткені, бүгінгісі мен келешегінің көрінісі осы театр-музейде көрсетіледі. Шығыс үлгісінде салынған кешен – шаһарға келетін қонақтардың демалыс орнына айналары сөзсіз.