Вакцина алған адам коронавирусқа шалдығуы мүмкін бе?
Вакцина алған адам коронавирусқа шалдығуы мүмкін бе?

Бүгінде ел ішінде жаппай вакциналау науқаны қарқынды жүріп жатыр. Осыған орай жұрттың көкейінде жүрген «вакцинаның пайдасы бар ма?», «вакцина алса, коронавирустан сақтай ма?», «екпе алса да COVID-19-бен қайта ауырып қалуы мүмкін бе?» деген сұрақтарға  Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің ресми өкілі Ержан Байтанаев жауап берді.

[caption id="attachment_122932" align="alignnone" width="757"]адам ©https://www.inform.kz/[/caption]

– Вакцинация 400 жылдан астам уақыт бойы адамзатты шешек, оба сияқты қауіпті, өлімге әкелетін аурулардан қорғап келеді. Қазақстанда соңғы 30 жылда эпидемиялық паротитпен сырқаттанушылық 870 есеге, «В» вирустық гепатитімен сырқаттану 150 есеге, көкжөтелмен сырқаттану 7,3 есеге төмендегені байқалды. Қазір полиомиелит, дифтерия, сіреспе, қызамық сияқты жұқпалы аурулар өте сирек кездесетіндіктен ұмытыла бастаған, – дейді Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің ресми өкілі Ержан Байтанаев.

Оның айтуынша, вакцина – жұқпалы аурулардан, оның ішінде COVID-19-ға қарсы қауіпсіз және тиімді қорғаныс. Бүгінгі күні коронавирусты жұқтырған адамдарды емдеуге арналған арнайы дәрі-дәрмектер жоқ. Вакцинация – қалыпты өмірге оралудың ең тиімді жолы екен.

«Ешбір вакцина инфекцияны жұқтыру жағдайынан 100% сақтандыра алмайды. Вакцинаны әзірлеу және клиникалық зерттеу кезінде анықталған тиімділік Спутник V вакцинасы бойынша 91% шамасында. Екпе алғандар арасында ағзаның жекелей ерекшеліктеріне байланысты кейбір адамдарда толыққанды иммунитет деңгейі қалыптаспауы мүмкін. Ондай адамдар COVID-19-ды жұқтырып, ауруға шалдығуы ықтимал. Бірақ екпе алғандар инфекция жұқтырып алса да асқынбай, жеңіл түрде өтеді.

Қосымша айта кететін нәрсе, вакцинация алғаннан кейін адамдарда спецификалық иммунитет тек 12-14 күннен бастап түзіле бастайды. Яғни, сол уақытқа дейін инфекциядан қорғау қасиеті қалыптасып үлгермейтінін есте сақтаған жөн»  деді ол.

 Қазір COVID-19-ға қарсы екпе егу инфекцияны жұқтыру қаупі жоғары белгіленген топ мүшелеріне жүргізілуде. Олар: медицина қызметкерлері, мұғалімдер мен әскери қызметкерлер. Бұл алдын ала айқындалған жоспар бойынша орындалып жатыр. Дегенмен, биыл сәуірде осы індетке қарсы вакцинаның анағұрлым үлкен партиясы жеткізілуі жоспарланып отыр. Осыған қарай халық арасында тіркелген емханалары бойынша жаппай вакцинация жүргізіледі екен.

Ақпан айында басталған вакциналау науқаны кешегі күнге дейін, яғни, 2021 жылдың 25 наурызындағы ақпарат бойынша КВИ-ға қарсы вакцинаның 1 – компонентімен 107 341 адам, 2 – компонентімен 20 504 адам егілген. Ал КВИ-ге қарсы егілгендердің абсолюттік саны бойынша Алматы қаласы, Түркістан мен Алматы облыстары көш бастап тұр. [caption id="attachment_122929" align="alignnone" width="1789"]адам ©Жұмабек Айқын[/caption]