"Кедергісіз келешек" жобасы арқылы әлеуметтік нысандардан кемшіліктер анықталды
"Кедергісіз келешек" жобасы арқылы әлеуметтік нысандардан кемшіліктер анықталды
Түркістан облысында мүмкіндігі шектеулі жандардың жүріп-тұруына қолайлы жағдай жасалмаған әлеуметтік нысандар бар. Бұл өзекті мәселе бүгін «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы партиялық бақылау комиссиясы мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңестің бірлескен отырысында талқыланды. Мәжілісті «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, фракция жетекшісі Бейсен Тәжібаев жүргізіп отырды.
«Бүгін сіздерге партияның «Кедергісіз келешек» жобасы аясында құрылған «Түркістан облысы бойынша бейімдеуден өткен әлеуметтік нысандар мен қоғамдық көліктердің мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолжетімділігіне мониторингтеу» тобы жұмысының қортындысы ұсынылып отыр. Бұл мониторингтік топ Бәйдібек ауданында – 7, Ордабасы ауданында – 3, Отырар ауданында – 7, Арыс қаласында – 4, Кентау қаласында – 4, Түркістан қаласында – 3, жалпы 28 нысанға мониторинг жүргізді. Сәуір айында өзге аудандарда жұмыс жалғасады», – деді ол.
Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша Түркістан облыстық мәслихаттың депутаты, «Қолжетімді Қазақстан» жобасының өңірлік серіктесі Гүлбахира Тәжібаева баяндама жасады. Ол өңірде мүмкіндігі шектеулі жандарға қолайлы жағдай жасауда мәселелер бар екенін атап өтті. Түркістан облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсия Темірбаева «Кедергісіз келешек» жобасы аясында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, бірқатар ұсыныстарын жеткізді. «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы Саяси жұмыстар бөлімінің меңгерушісі Бекзат Біләлов мониторинг барысында анықталған кемшіліктерге тоқталды. Оның айтуынша, мониторинг жасаған 3 қала мен 3 аудандағы нысандардың бәрінен дерлік бір-біріне ұқсас кемшіліктер анықталған. Атап айтсақ, сыртқы баспалдақтарында ескерту бояулар немесе тактильді ескертулер қойылмаған. Орнатылған пандустардың таюға қарсы жабындылары жоқ, ені, тұтқасының биіктіктері талапқа сай емес. Ғимараттардың сыртқы есігінің шыны болуына қарамастан көзі нашар көретін азаматтар үшін ескерту белгілері қойылмаған, электронды қоңырау орнатылмаған. Мүмкіндігі шектеулі азаматтардың өз бетінше ғимаратқа кіріп-шығуына жағдай жасалмаған. Баяндамашы осы кемшіліктерге жол берген азаматтарға партиялық шара көру жөнінде ұсыныс берді. Облыстық мәслихат депутаттары мен партиялық бақылау комиссиясының мүшелері де өз пікірлерін білдірді. Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша негізгі спикерлердің баяндамалары мен комиссия мүшелерінің ұсыныстарын назарға алу, аудан, қала әкімдіктері мен тиісті басқармалар арқылы мәселелерді шешу жөнінде қаулы қабылданды. Күн тәртібіндегі екінші мәселе «Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша» Созақ ауданы әкімдігінің атқарған жұмыстары жөніндегі есебі болды. Алдымен «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы партиялық бақылау инспекторы Асқар Еркінбековтың баяндамасы тыңдалды. Ол «Nur Оtan» партиясы ТОФ жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі Қоғамдық кеңес пен Партиялық бақылау комиссиясы тарапынан Созақ ауданы бойынша сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытында атқарылған жұмыстарына жүргізілген зерделеу нәтижесін ұсынды. Оның мәлімдеуінше, Созақ ауданы әкімдігімен сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында бірқатар жұмыстар атқарылған. Кемшіліктер де екшеліп, ол қалпына келтірілген. 2020 жылы аудан прокуратурасымен жергілікті атқарушы органға 17 прокурорлық ықпал ету актісі енгізіліп, 52 тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылған. Мемлекеттік сатып алулар бойынша кемшіліктер бар. 2020 жылы Түркістан облысының Созақ ауданына 3 мекемеге аудиторлық іс-шара жүргізіліп, заңбұзушылықтар анықталған. Жалпы былтыр ауданда сыбайлас жемқорлықпен байланысты заң бұзу деректері анағұрлым азайған. Созақ ауданының әкімі Салыхан Полатов аудан көлемінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы жүйелі жұмыстар жүріп жатқанын мәлімдеді. Бұл бағытта жұмыс тоқтамайтынын, ел мүддесі басты орында тұратынын айтып, комиссия мүшелерінің сұрақтарына жауап берді. «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бейсен Тәжібаев «Баяндамада аудан әкімі 2018-2020 жылдары 516 тұрғынды қабылдап, өтінішін тыңдағаны айтылды. Ал үш жылда аудан әкімінің орынбасарлары небәрі 200 азаматты қабылдап, оның 23-інің мәселесі оң шешілген. Карантин талаптарын сақтай отырып, тұрғындардың өтінішін онлайн және офлайн режимде қабылдауды жандандыру керек» деген ойын жеткізді. Мәжіліске қатысушылар аудан әкіміне сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті бәсеңдетпеу, тұрғындармен тікелей жұмыс істейтін бөлімдердің жұмысын ширату және өзге де істер бойынша ұсыныстар берді.