Саяси жүйенің эволюциясы
Саяси жүйенің эволюциясы
292
оқылды

Қазақстанда партиялық жүйе мен азаматтық қоғамның дамуы сапалы жаңа сатыға көтерілуде. Елімізде жаңа пар­тиялар құрылуға дайындық үстінде. Өткен жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бастамашы болған, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі пысықтаған және ел Парламенті қа­былдаған «Саяси партиялар туралы» заңына түзетулер партия құру ісін анағұрлым жеңілдетіп, республикадағы демо­кра­тиялық процеске серпін берді.

Биыл партиялар саны артуы мүмкін

2020 жылғы 25 мамырда қабылданған және «Саяси партиялар туралы» заңына өзгеріс пен толық­тырулар енгізген жаңа заң осы саладағы біраз ілкімді ілге­рі­леу­ші­лікке, өркенді өзгерістерге жол ашты. Соған байланысты енді Қазақстанда жаңа партияны мемлекеттiк тiркеу үшiн «оның құрамында кем дегенде 20 мың партия мүшесi болса» жеткілікті. Бұрын жаңа партияның ұстанымын қолдайтын ең кемі 40 мың адамды біріктіру талап етілетін. Бұл ретте партияның әрбір облыста, республикалық маңызы бар қалаларда – үш мегаполисте құрылымдық бөлiмшелерi, яғни филиалдары мен өкiлдiктерi ашылуы шарт. Рас, 17 өңірдің әрқайсысында 600 мүшесі болса, жарайды. Қалғанын бір өңірден жинап алса – шектеу жоқ. Бұған қоса, саяси партиядан Мәжіліс пен мәслихат депутаттығына кандидаттар ұсыну ерекшелігі өзгерді. Атап айтқанда, «сая­­­си партия Парламент Мәжі­лісі, мәслихат депутаттығына кан­­­­дидаттардың партиялық тізімдерін бекіткен кезде оларға кандидаттардың жалпы санының ке­­мінде 30%-ы көлемінде әйелдер мен 29 жасқа толмаған адамдарды енгізеді». Бұл партиялардың өз аудиториясын кеңейтуіне, өз бағ­дарламасын әйел­­­­дер мен жастар проблемасына бағдарлауына ықпал етеді. Негізі, Әділет министрлігіне жаңа партия құру туралы тоғыз өтініш келіп түскен екен. Ведомство басшысы Марат Бекетаевтың айтуынша, соның алтауы кері қайтарылған. Екі партия биыл құрылтайшылық съезін өткізуі керек. Тағы бірі тіркелу кезеңіне кірісіп те кетті. Демек, осы жылы партиялар қатары жаңаларымен толығып қалуы мүмкін. «2020 жылы тоғыз партия өті­ніш берді. Партияны тіркеу екі кезеңнен тұрады. Алдымен жаңа саяси партия құрғысы келетін адамдар тобы бізге өтініш береді. Егер өтініш заң талабына сай келсе, ол топ съезд өткізеді. Өңірлерде қол жинайды. Бізге келіп түскен тоғыз өтініштің алтауының құжаттары заңнама талабына сәй­кес болмады, сондықтан оны қабылдаудан бас тартылды. Бірақ олар жіберген қателігін түзетіп, қай­тадан өтініш беруге құқылы», – дейді министр. Осылайша, 3 бастамашыл топ­тың өтініші мен құжаты лайықты деп танылған. Тиісінше, олар Әділет министрлігіне құжаттарының екінші пакетін енгізуі керек. Әзірге, тек бір партия ғана солай жасады. «Бастамашыл адамдардың бір тобы съезін өткізді және жинал­ған қолдарды, басқа да құжаттарын тапсырды. Олар тексеруден өтіп жатыр. Бұл жерде тек Әділет министрлігі емес, өзге де органдар зерделейді. Мысалы, партия мүшелерінің тізімінде әскерилер, полицейлер және бас­қа құқық қорғау органдарының қызметкерлері, шетел азаматтары, қос аза­маттығы барлар болмауы тиіс. Мұны өзге мемлекеттік органдар мен құрылымдар тексереді. Біз тиісті сұрауларды жолдап қойдық. Олардан жауап алғаннан кейін жаңа партияны тіркеу не тіркеуден бас тарту туралы соңғы ше­­­шім қабылданады» деп түсіндірді М.Бе­­кетаев. Министр заң бойынша партия толық тіркеу рәсімінен өткенше, оларға қатысты деректі, тіпті жаңа партияның атауын да жария ете алмайтынын мәлімдеді. Заң бойынша ол министрлік құзырына кірмейді. Бұл ақпаратты жұртшылыққа жаңа бірлестіктің өкілдері хабарлайтын болады.

Саяси партиялар сергек болады

Қазір елімізде алты саяси партия әрекет етеді. Дегенмен 2020 жылғы 10 қаңтардағы Парламент Мәжілісі депутаттарының және барлық деңгейдегі мәслихаттардың кезекті сайлауына соның бесеуі қатысты. Бұл доданың қорытындылары сарапшыларды таңғалдырды: Парламенттің төрт партиядан құралуына шамалы ғана жетпей қалыпты. Орталық сайлау комиссиясының дерегінше, биылғы сайлауда «Nur Otan» партиясы – 5 148 074 дауыс немесе 71,09%, «Ақ жол» демократиялық партия­сы – 792 828 дауыс немесе 10,95%, «Қазақстан Халық партиясы» – 659 019 дауыс немесе 9,10%, «Ауыл» халықтық-демократия­лық патриоттық партиясы – 383 023 дауыс немесе 5,29%, ADAL саяси партиясы 258 618 дауыс немесе 3,57% дауыс жинады. Нәтижесінде, 7 пайыздық кедергіні еңсерген 3 cаяси партия – «Nur Otan», ҚХП және «Ақ жол» партиялары депутаттық мандатты бөлісті. Еске сала кетсек, «Nur Otan» партиясына – 76, «Ақ жолға» – 12, ҚХП-ға – 10 мандат тиді. Тағы 9 мандат Қазақстан халқы Ассамблеясы сайлаған Мәжіліс депутаттарына берілді. Айта кету керек, биылғы 15 қаңтарда VII шақырылымдағы Парламенттің бірінші сессиясының ашылуында сөз сөйлеген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кейбір партиялардың Мәжіліс пен мәслихаттарға өтуіне сәл ғана дауыс жетпей қалғанына назар аудартты. Президенттің бай­ламынша, олардың әрқайсысында белгілі бір саланы жетік меңгерген, білімді, білікті азаматтар бар. Солар Парламенттің биік мінберінен айтылуы тиіс көптеген өзекті мәселені дер кезінде әрі орынды көтеріп жүр. Осындай партиялардың өкілдері Парламентке өтсе, заң шығарушы билік алаңдарындағы «пікір­таласты қыздыра түсер еді, ортақ жұмысқа тиімді болар еді». Олар заң шығару жұмысының сапасын арттыруға да сүбелі үлес қосары анық. Сондықтан Қ.Тоқаев саяси партиялардың Мәжіліске өту шегін қазіргі 7-ден 5 пайызға дейін төмендетуді ұсынды. Оның пайымдауынша, бұл өзгеріс заңды тіркелген партияларды алда­ғы сайлауға қатысуға ынталанды­рады. Сондай-ақ елдегі саяси бә­­­секенің дамуына септігін тигізеді. Бұл бастама мемлекеттік саясатты жүргізу үшін халықтың пікірін неғұрлым көбірек қам­тып, ескеріп отыруға мүмкіндік береді. Мемлекет басшысы болашақ­­­та партия мүшелерінің тізімін және соған қатысты басқа да рә­­­­­сімдерді онлайн форматқа кө­­шіруді жүктеді. Осы мақсатта «элек­тронды Үкіметтің» мүмкіндіктері пайдаланылуы мүмкін. Тағы бір жаңалық: саяси партиялар биыл ұйымдастырылады деп жоспарланған әкімдер сайлауына өз кандидаттарын ұсына алады. Бұл тіркелген саяси партия­лардың тек Мәжіліс сайлауына орай бес жылда бір болатын жал­ғыз электоралды кезеңмен шектелмеуіне, өзге де саяси шараға қатысып, үнемі сергек қалпын сақтауына түрткі болмақ.

Саяси элитаның бәсекесі маңызды

«Қазақстанда партиялық құ­рылыс елдің дамуында, тәуелсіздікті нығайту ісінде елеулі түр­де оң рөл атқарып келеді. Соны­мен бірге шындап келсек, елі­мізде саяси элиталар арасында дамыған бәсе­келестіктің жоғын байқауға болады. Мемлекет көппартиялы жүйені дамыту бағытында қадам жасай бергені жөн. Өйткені осы арқылы саяси плюрализм өркен жаяды, қоғамдағы барлық әлеуметтік топтың мүддесі мен пікірі кеңінен ескеріледі», – дейді саяси ғылымдар докторы Бауыржан Дос­жанов. Демек, дамыған елдер тәжірибесі бойынша болашақта партия құру жолындағы барлық кедергілер (соның ішінде мүшелер саны бойынша «табалдырық») жойылуы мүмкін. Сарапшылардың пікірінше, дамыған елдің бір нышаны – саяси қызмет саласындағы сөз пен қимыл еркіндігі, көзқарастың әралуандылығы. Осыған байланысты республика кез келген саяси көзқарасты еркін насихаттауға, азаматтарға кез келген қауымдастық пен бірлестікті құруға мүмкіндік жасауы қажет. Тек ол көзқарастар мен бірлестіктер аза­маттардың денсаулығы, өмірі мен қауіпсіздігіне, ұлттық құндылық­тарға нұқсан келтірмеуі, зорлық-зомбылық әрекеттерге соқ­тырмауы, елдің конституциялық құрылымы мен тәртібін күшпен өз­гертуге бағдарланбауы тиіс. Министр Марат Бекетаевтың айтуынша, жаңа партиялар өздері туралы мәлімдеуі, қалыптасқан партиялармен бәсекеге қабілетті екенін паш етуі керек. Ол партия құру өте күрделі әрі қымбат процесс екенін атап өтті. «Партия құрғысы келген адам құжаттарды тіркеуге беріп, бірден құра салмайды. Ол беделге ие еке­нін, пікірлестері мен қанаттастары барын, партия құруға ресурстары жеткілікті екенін көрсетуі керек. Міне, тіркеу рәсімі бойынша заң талабы осыған ба­ғыт­талған», – деді министр. М.Бекетаев Қазақстандағы пар­тияларды оппозициялық және оппозициялық емес деп бөлуге болмайды деп санайды. Заң жү­зінде «Парламенттік оппозиция» мәртебесі ғана бекітілген. Ал өзге партия­лар өзін не сипатта ұсынады, қалай көрсетеді, қандай мақсат қойып, нендей бағдарлама бе­­­кі­­­­теді – бұл олардың төл ше­ші­мі, жеке еншісі. Кез келген пар­­тия өз бағдарын дербес анық­тайды, өз көз­қарасын тәуелсіз қалыптастырады. Ал олардың бағдарламасының оң не терістігіне, салмақты немесе популизмге толы екені бағаны тек сайлаушылар бермек.

АйханАйхан ШӘРІП