Кластерлiк жүйенің берері не?
Кластерлiк жүйенің берері не?
261
оқылды

Қазақстандағы индустриалды-инновациялық даму бағдарламасын жүзеге асыру үшiн кластердi пайдалану тетiгiн қалыптастыру керегiн ұрандағанда ернiмiз «тиме десем, тиедi». Көпсөздiлiк басым. «Көш жүре түзеледi» дегендей, сол ауызша бас­таманы 2015 жылға дейiн бiржақты етпек ойымыз да жоқ емес. Ол үшiн не iстеу керек? Мiне, мә­селе!..

Теориядан бастасақ...

Жалпы, кластер – белгiлi бiр өнiм шығаратын нысанның өзге де өндiрiс орындарымен ықпалдаса әрекет жасап, ел экономикасының жан-жақты сала бойынша дамуына себепкер сектор. Әсiресе, ол ауыл шаруашылығы маман­дарының тәжiрибесiне тән құбылыс ре­тiнде қалыптасуда. Бұл рет­те, кластердi тек өзара байланыста жүрiп, мол табысқа кенелген белгiлi бiр фирма­лардың жиын­тығы деп түсiнетiндер көп. Мүлде олай емес! Кластердiң нақты теориясы, ол –қосымша құнды жасау барысында тығыз байланысқа түскен өнiм өндiрушiлер мен оны жеткiзушiлердiң, тұтынушылардың және өнеркәсiптiк инфрақұрылымдар элементтерiнiң торабы, желiсi, жүйесi! Қысқасы, Қазақстан экономикасын өзiнше зерттеген Кристиан Кетелс оны аумақтық ықшамдалған және экономикада жетекшi орынға ие жеке салалар шеңберiндегi бәсе­кеге қабiлеттi кәсiп­орындардың тобы деп бiр-ақ түсiндiредi. Бiрақ Кетелс мырзаның өзi сол «топтың» үдесiнен шығамыз ба, жоқ па деген сұрақтың жауабын «жасырып» әлек.

 ...Даму мүмкiндiгiмiз...

Қазақстанның солтүстiк-шығыс өңiрiн­де сүт, астық және ет кластерлерi дамуы керек десек, оңтүстiк жағында мақта, жемiс-көкөнiс кластерi басымырақ болуы тиiс. Ал Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында ауыл шаруашылығы өнiмдерi қайта өңделiп қана қоймай, дайын тағам өнiмдері де өндiрiлсе керек. Бұған қоса, облыс орталықтары саналатын iрi қалалар да бiрдей мүмкiндiкке ие. Оған әр аймақтағы ғылыми-зерттеу институттары, ғылыми-өндiрiстiк орталықтар, жобалау-конструк­торлық ұйымдар, ғылыми мамандар даяр­лай­тын оқу орындары, iрi қаржылық меке­ме­лердің жұмыс істейтіні айғақ. Осынау жетiстiкпен есептегенде облыс­ты қоспағанның өзiнде 290 аудандық, 56 ауданаралық кластердi ұйымдастыруға мүдделi екенбiз. Тiптi, қыза-қыза келе «iрi қалалар төңiрегiнде 28 агроөнеркәсiптiк кластер құруға болады» деп салды кейбiр қазақстандық зерттеушiлер. Ол ұста­ныммен келiссек, әлгiлердiң мемлекеттiк қолдау құрылымдары бар көрiнедi.

...Ғылыми тәжiрибеге тiреледi

Ендiгi сөздi өндiрiстiк кластерге тiресек, өндiрушiлердiң алдымен өз өнiмiне қойылатын талаптарды айқын бiлуi тиiс екенiне тоқталамыз. Бұл – Дүниежүзiлiк сауда ұйымына кiру арқылы әлемдiк бәсекеге қабiлеттi болу тиiмдiлiгiн арттыратын алғышарт. Содан кейiн бiр мақ­сатты шаруашылықтар қажеттi реак­тив­тер­мен қамтамасыз етiлiп, ғылыми ме­ке­мелер арнаулы зертханалармен жаб­дықталса, жақсы. Сондай жағдайда ғана ғылыми негiздi тапсырыс қолданысқа енiп, елеулi нәтиже беретiн болады. Ол үшiн өндiрушiлер пси­хологиясына ықпал ету жа­ғын ойластыр­ғанымыз ұтымды. Әйт­песе, бiзде жергiлiктi ғалымдардың шешiмдерiн шетiнен керте пайдалану немесе оларды арнайы сарапқа салып отыру жағы кемшiн. Нақты механизмi жоқ! коллектрлік жүйе Алматыдағы Қазақ ұлттық аграрлық университетiнiң ғалымдары бiр ғана об­лыста кластерлiк бағытты дамытуды қолға алып едi, соны малданғандай кейiпте шiренiп отырған сиқымыз мынау! Елiмiз әлемдегi дамыған 50 елдiң қатарына кiретiндiктен, ауыл шаруа­шылығы өнiмдерiнiң бағасын реттеу қажет емес пе?! Ол неге қалыпты жолға қо­йылмаған? Мемлекет тарапынан қабыл­данған ауыл шаруашылығын реттеу туралы заңда бұл мәселе көзге шұқып көрсетiлсе де, қимы­лымыз әлi бәсең. Шетелдiк тәжiрибелер де осы сала өнiмiнiң бағасын құлдыратпау механизмiнен озық үлгi ұсынып отырғанын ескермей жүрмiз. Мысалы, қазір Үкіметтің мақта клас­теріне деген қызығушылығы жойылған. Бүгінде ел бойынша мақта егетін жалғыз өңір Түркістан облысының Шардара ауданындағы Алатау батыр ауылында заманауи мақта өңдеу зауыты бой көтерген. Оған International company of Cotton компаниясы шетелдік, атап айтқанда қытай инвестициясын тартқан. Қуаты тәулігіне 400 тонна мақта шитісін өңдеуге жететін жобаға 5 миллиард теңгеден астам қаражат құйылған екен. Сондай-ақ «Ай­қажы» компаниясының өзбек инвес­тициясына тағы бір мақта өңдеу зауытын ашып жатқаны мәлім. Кәсіпорын «Шар­дара» индустриалды аймағында 10 гектар жерде орналасқан. Оның барлық өнімі Қытайға экспортталады деп хабарланды. Әйткенмен, кезінде «кластер» деп дәріп­телген бұл сала енді Үкімет үшін басым­дыққа ие емес.

Сырткөз

Қазақстандағы экономиканың 150 секторын зерттеген АҚШ-тың Austin Associates атты консалтингтік компанияның мәліметінше, бізде шикізат салаларын есептемегенде 9 кластер құруға болады екен. Әсіресе, экологиялық, спорттық және кәсіпкерлік туризмді дамытуға болады. Бірақ кәсіби мамандардың жетіспеушілігі, инфрақұрылымның жағдайы, маркетингтің жоқтығы басты проблемалар қатарында.

Еске сала кетсек, елімізде шетел тә­жірибесіне сүйеніп құрылған ұлттық техно­логиялық парктер: ақпараттық техно­логиялар паркі, ядролық технологиялар паркі және биотехнологиялар паркі 2005 жылдың маусым айында белгіленген «Туризм», «Азық-түлік өнеркәсібі», «Мұ­най­газ машина жасау», «Тоқыма өнер­кәсібі», «Көліктік логистика», «Метал­лургия» және «Құрылыс материалдары» дегендей 7 пилот­тық кластер құрамына енген еді. Кейін ол да аяқсыз қалды. Бұл ретте елордадағы кәсіп­керлікті қолдау қауымдастығы төрағасының орынбасары Мейрамбай Ораловтың айтуынша, Қазақстанда туризм саласында кластер жасап, оның инфра­құрылымына ақша салу керек-ақ.

Ауыл шаруашылығы алаңсыз болса...

Қазақстанда «Азық-түлiк кор­порациясы» және басқа да мемлекеттiк ұйымдар құрылғаны мәлiм. Неге екенiн қайдам, олар да әлi күнге дейiн нарық­тық бағаны қалыптастыруға асығар емес. Бұрын елiмiздiң Ауыл шаруашылығы министрлiгi осы кластер мәселесiне байланысты жиын өткiзiп, өнiмдi сат­қанда түскен пайданың тек 25 пайызы ғана ауыл шаруашылығы өнiмдерiн өндiрушiлердiң үлесiне тиетiнiн дәлелдеген болатын. Қалған 75 пайызын арада жүрген делдалдар мен сатып алушылар иемденген. Мұндай жағдай ауыл шаруашылығы өндiрiсiнiң экономикалық негiзiн қалып­тас­тыр­майды. Ал шетелдiк тәжiрибеде әрбiр өнiм құнының 60-65 пайызы бастапқы өндiрушiнiң үлесiне тиетiнi заң жүзiнде реттелген. Керек десеңiз, бiздiң мемлекетте ауыл шаруа­шылығы өнiмдерiн өткiзуден түскен қаржы­ға жаңа техника сатып алатын шама тағы жоқ. Әбден тозығы жеткен техникалар арқылы өнiм сапасын арттыра аламыз деп көр... Қазақ ауыл шаруашылығын «көтерем» күйге түсiрген және бiр кедергi – несие! Қарапайым ғана мысал, ауыл шаруа­шылығы өнiмдерiн өткiзу бағасы төмен, ал банктердiң пайыздық құны одан жоғары болса, шынымен де осы саланы қолдап, қорғап отырмыз деу – ертегi. Салық iсi де солай. Өнiмге салық салғанда, оны өндiрушi кәсiпорынның өңдеушi кәсiпорыннан қаншалықты қашықта орналасқаны, олардың осыған байланысты қанша шығын шығаратыны ескерiлуi мiндет қой!? Шын мәнiнде, Халықаралық валюта қоры мен Батыстың сол сияқты қаржы ұйымдары түгелдей шаруашылық жүйелерiн реформалау тәжiрибесiне негiзделген шаралардың қоржынын жасап, оларды бiз сияқты дамушы елдерге ұсынған. Бiрақ олардың қатаң талабына мойынсұнар ТМД-ны байқамадық. Кейiн қалыпты дағдарысқа қар­сы шараларды қарадүрсiн қолдана салып, қолайсыздыққа душар болудың қисы­нын келтiрiп жiбердiк. Әсiресе, Қазақ­станда экономикалық жүйенiң кеңестiк қалпын нарықтық бағытқа алмастыру - қоғамдық даму әрекетiн эволюциялық жолмен ауыстыру екенi ескерiлмедi. Бiзде өтпелi кезеңнiң эко­номикалық теориясы жасал­маған. Сон­дықтан нарықтық қаты­настарға әлеуметтiк тұрғыда икемделу қажеттiгiне мән берiлген жоқ. Осындай объективтi заң­дылықты елемеу – әлi күнге дейiн ұтымды эко­номика­лық саясатты iске асыруға бөгет жа­сап келедi. P.S.

Мемлекетiмiзде озық кластер жүйесiн қалыптастыру қажеттiгiне қайшы келетiн басты мәселе осы. Оң жамбасқа келiп тұрған кемiстiк. Тек «әуп!» десе болды...

 

Керек кеңес

Ғалижан МӘДИЕВ, экономист-сарапшы: – Қазір үй-жайдағы мал өсіретін шаруаларға мемлекет дем беріп жіберсе, кейін мал басы қыстан аман шыққанда, шаруаларға ет өткізуге мемлекеттік тапсырыс беру керек. Әрине, мемлекетке өткізілетін өнім бағамына қатысты тағайындау екі жаққа тиімді болғаны жөн. Мемлекетке ет өткізу арқылы малын базарға апарып саудалағанда ортадағы делдалға желініп қайтатын ағайынның да ұпайы түгенделеді. Бастысы, мал басын өсіріп отырған шаруаларға жауапкершілік жүктеледі. Бұған қоса айтарым, шағын кластер жүйесін сауаттандыру керек. Егер ауылдағы ағайын шағын кластерлік жүйені сауатты меңгерер болса, бүгінде тау-тау болып өртеліп немесе болмашы тиын-тебенге өткізіліп жатқан қойдың жүні өндірілер еді. Міне, үй шаруашылығындағы мал басын өсіруге қатысты шаруалар жаңашылдықты сезінсін десек, осы жайт шешімін табуы керек.

Еркеғали БЕЙСЕН